Академик: Зімбір – коронавирустың емі емес

0
32

Соңғы кезде «зімбір (имбирь) коронавирусты емдейді» деген ақпарат тарап, елімізде бұл өнімнің бағасы шарықтап кетті. Осыған орай, Елорда Инфо тілшісі медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, Тағамтану проблемалары институтының директоры Ерболат Дәленовтен бұл өсімдік жайлы сұрастырған еді.

«Қазір бәрі зімбір туралы айтып жатыр. Жалпы қасиетінен бастасақ, оның құрамында адам иммунитетін күшейтетін В тобындағы дәрумендер өте көп, С, РР, А, Е, К дәрумендері де бар. Олардың бәрі иммунитетті күшейтіп, адамның күш-қуатын арттырады, қанды сұйылтып, қан айналымын, зат алмасуды жақсартады, лимфоциттердің бөлінуіне жағдай жасап, холестиринді кетіреді», – дейді академик.

Сондай-ақ, ол зімбір коронавирустың емі емес екенін айтады.

«Жұрт «ол – вирустың тура емі» деп айтып жатыр. Бұл ем емес. Өнім иммунитетті күшейту арқылы коронавирус жұққан кезде оның асқынуын азайтуы мүмкін. Бірақ зімбір жеген адамға коронавирус жұқпайды деген бос сөз. Зімбір – коронавирустың емі емес. Бұл вирустың емі, вакцинасы әлі жоқ. Аталған өсімдікті көп жеуге де болмайды. Әсіресе, бауырында өті бар, гепатиті, гастриті, асқазаны мен шегінде жарасы бар адамдарға аздап тұтыну керек. Сондықтан, халыққа айтарым, зімбірді алғыңыз келіп бара жатса, оның ұнтағы да сатылады. Және де, бір ғана тамырын алсаңыздар жеткілікті, оның өзі бір айға жетеді», – деді Ерболат Дәленов.