Тәуелсіздіктің 30 жылдығы

Махаббат жайлы сыр шерткен

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» балет-эпосының премьерасы 2-3 шілде күндері «Астана Балет» театрында қойылады. Бұл – қала күніне және Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында дәстүрлі түрде ұсынылатын алғашқы қойылымдардың бірі, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Ғашықтардың қайғылы тағдыры туралы көне қазақ аңызының хореографиялық интерпретациясы алғаш рет «Астана Балет» сахнасында қойылады. Либретто авторлары – Георгий Ковтун және Сәкен Нөгербек. Ұлттық би өрнектерінің классикалық балет пен заманауи техникамен үйлесуі балетмейстерге көрермендерге түсінікті хореографиялық тіл жасауға мүмкіндік берді.

– Мен классикалық стильді жақсы көремін, алайда спектакль қойған кезде хореографиялық өнердің барлық түрін пайдаландым. Бұл – классикалық би, яғни халықтық хореография заманауи акробатикамен үйлесім тапты. Белгілі бір көрініске қажет бояуды беру үшін барлық тәсілді қолдандым. Мысалы, базар сахнасын шынайы көрсету үшін қазақ халқының ұлттық билерін, ал адамның ішкі сезімін суреттегенде гротеск пен акробатиканы қостым. Қойылымда романтикаға толы құстарға тән жеңіл, нәзік билер де болады, – деді хореограф-қоюшы Георгий Ковтун.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-­эпостық жырында сол заманның қатал дәстүрлеріне төтеп беру жолында күрес­кен қос ғашықтың қайғылы махаббат дастаны жырланады. Балеттің орталық сюжеттік желісі үш кейіпкердің: Қозы Көрпеш – Баян сұлу – Қодардың өзара қарым-қатынасын көрсетеді. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен өшпенділік, адалдық пен сатқындық тақырыптары қоғамды ешқашан бейжай қалдырған емес. Еркіндік үшін күрес – қойылымның негізгі идеясы.

Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың оқиғасы қайғы-­қасіреттің өшпес азабы мен мәңгілік махаббат әнұранына айналып кеткелі қашан. Спектакльдің әр кейіпкерінің пластикалық тілі мен композитор Ақтоты Райымқұлова жасаған музыкалық бейнесі бар.

elorda.info

Back to top button