00:00
Астана -10oC
USD:
475.03
EUR:
517.21
RUB:
5.44
Іздеу

Ұлттық музей Амангелді Иманұлына арналған көрме ашылды

03.04.2023 | 13:57
121
Фото: ҚР Ұлттық музейінен

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазақ халқының батыры, 1916 ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Амангелді Иманұлының 150 жылдығына арналған «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» тақырыбында ғылыми конференция өтіп, «Халық батыры» атты көрме ашылды, деп хабарлады Elorda.info.

Көрменің ашылу рәсімінде Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов бабалар рухын асқақтатып дәріптеу жолында айтулы күндерімізді атап өтуіміздің халыққа берер насихаты көп екендігін атап өтті.

Мерейтойға арналған конференцияның пленарлық отырысында А. Имановтың тікелей ұрпағы, немересі, техника ғылымының кандидаты – Батырлан Амангелдиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар сөз алып, ұлт-азаттық көтерілістің көшбасшыларына, соның ішінде А.Имановтың тарихи тұлғасына қатысты пайымдарын ортаға салды.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев «Батыры жоқ, тарихы жоқ ел – бақытсыз» демекші, көрме арқылы А.Имановтың есімін халыққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Ол Қостанай облысындағы А. Иманов мемориалдық музейіне жөндеу жұмыстары қолға алынғанын алға тартты. Ринат Зәкиұлы А.Имановтың ел тарихындағы орнын көрсетіп, ұлттық тарихымызды зерделеу міндетін айта келе, Қостанай облысы әкімінің алғыс хатын Ұлттық музей ұжымына табыс етті.

Химия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының коррреспондент-мүшесі, ҚР Парламенты Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы 1927 жылы А. Иманов туралы ғалым Қаныш Сәтбаев «Ер Едіге» кітабында жазғанын, онда Амангелдінің аталары Иман мен Үдербай Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістерде қолбасшы болғандығын атап өтті.

Көрмеде тыл жұмыстарына шақыру туралы патша жарлығының жариялануына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер, Амангелді Имановтың домбырасы, А.Имановтың туыстарының жеке заттары, сарбаздардың қару-жарақтары және Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, бейнелеу өнерінің шеберлері Баки Урманче, Нағымбек Нұрмұхамедовтің кескіндеме туындылары, Қазақстанның халық суретшісі, мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың және Украинаның халық суретшісі Ефим Белостоцкийдің мүсіндік туындылары қойылды.

Сонымен қатар батырдың шөпшегі, суретші Зарина Ниязованың баһадүр бабасына арнаған суреттер сериясы да көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Көрме Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде 3 мамырға дейін жұмыс істейді.

Барлық жаңалықтар