00:00
Астана -10oC
USD:
475.03
EUR:
517.21
RUB:
5.44
Іздеу

Елордалықтар велосипедті жалға алу қызметін қаншалықты жиі пайдаланады

Елордалықтар велопрокат қызметін қаншалықты жиі пайдаланады
фото: Оңалхан Өнерхан

Әлем елдерінде велосипед тізгіндеген адамды қаланың әр бұрышынан көруге болады. Уақыт үнемдеуге және салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік беретін көлік құралы елорда көшелерінде де жиі көзге түседі. Мәселен «Astana bike» автоматтандырылған вело жалдау жүйесі 10 жылдан бері астаналықтарға көлік кептелесінде тұрмай, діттеген жеріне жылдам  жетуге мүмкіндік беріп жүр. Осы орайда Elorda.info CTS тұрақ кеңістігін басқару департаментінің бас менеджері Сергей Наконечныймен тілдесіп, вело жалдау жүйесіндегі өзгерістер туралы біліп қайтты.

Елордада «Astana bike» автоматтандырылған вело жалдау жүйесі 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Оны пайдаланушылардың жоғары көрсеткіші 2017 жылы елордада өткен ЭКСПО халықаралық көрмесі кезінде байқалған. CTS-тің бас менеджерінің айтуынша, жүйеге онлайн тіркелу және төлем жасау функциясы енгізілген кезде де елордалықтар арасында сұраныс артқан. 

Бүгінде Астанада 155 велостанса бар. Жол төсемдерін ауыстыру бойынша жөңдеу жұмыстарына байланысты қазіргі уақытта қалада 146 стансаға 835 велосипед қойылды. Елордалықтар ЭКСПО халықаралық көрмесі кезіңде және короновирус уақытында велопрокат қызметін белсенді пайдаланды. Тіпті, жүйеге онлайн тіркелу және төлем жасау функциясы енгізілген кезде де сұраныс байқалды. Дегенмен  биылғы жалға алу көрсеткіші мен осыдан 3 жыл бұрынғы статистиканы салыстырғанда тұрғындар белсенділігі төмендегенін байқадық. Бұл бәлкім ауа-райына байланысты деп болжап отырмыз. Былтыр велосипедті 4 мың адам пайдаланып, 230 мыңға жуық сапар жасалды,- дейді  Сергей Наконечный.

Әңгімелесу барысында бас менеджер жалдамалы велосипедті пайдалану ережелеріне тоқталып өтті.

Велосипедті жалға алуға 16 жастан бастап рұқсат етіледі. Ол кезде жалдаушыға велосипедке қандай да бір конструктивті өзгерістер енгізуге, жолаушыларды тасымалдауға және велосипедтің  ұзындығынан, яғни ені елу сантиметрден асатын жүкті немесе велосипедті басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауға тыйым салынады. Одан бөлек  велосипедпен  мопед пен өзге велосипедтті сүйретуге тыйым салынады. Бұл талаптар velobike.kz.сайтында орналастырылған жария шартта көрсетілген,- дейді ол. 

Елордаға саяхаттап келетін туристер велосипедті жалға алуға қызығушылық білдіреді. Дегенмен ондағы нұсқаулық тек қазақ және орыс тілдерінде жазылған. Сондықтан да бүгінде velobike.kz сайтында ағылшын тілінде жария шарт орналастыру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Жеке кабинетте тіркелу үшін ЖСН көрсетілген құжатты жүктеу  қажет. Шетелдіктер үшін бұл құжат тұруға ықтиярхат немесе жеке сәйкестендіру нөмірін тіркеу туралы куәлік болуы мүмкін. Бүгінде  velobike.kz сайтында ағылшын тілінде жария шарт орналастыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жария шарт - жалға беруші мен жалға алушы арасындағы қатынасты реттейтін құжат. Онда автоматтандырылған вело жалдау жүйесін пайдалану ережелері, тіркелуден бастап велосипедті жалға алуға дейінгі барлық қажетті ақпарат жазылған,- дейді бас менеджер.

«Astana bike» велосипедтері жолдың жиегіндегі немесе жүретін бөлігіндегі қозғалыс Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережелерімен реттеледі. Жалдамалы велосипедтер орташа есеппен 15 км / сағ дейін жылдамдықта жүреді.

Сергей Наконечныйдың сөзінше, қала ішінде велостансаны орнататын кезде алдымен сол аудандағы инфрақұрылым зерттеледі. Одан бөлек кірме жолдар да ескеріледі.

Қазіргі уақытта елордада жол бойында және орман-саябақ аймақтарынан өтетін 153 шақырымнан астам велосипед жолы бар. Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларына сәйкес велосипед жүргізушілері веложолмен, ал егер ол болмаған кезде  жаяу жүргіншілердің жүруіне қауіп төндірмей, тротуар бойымен өтуге мүмкіндік беріледі,- дейді Сергей Наконечный.

Астанада веломаусым ауа-райына байланысты орта есеппен ақпан айынан бастап 31 қазанға дейін созылады. Ал елордалықтарға ыңғайлы болу үшін маусымдық абонемент қарастырылған.

Пайдаланушыларға әр сапардың 30, 45, 60 минуттық тегін уақыты бар 3 абонемент ұсынылған. Бұл өзгеріс былтыр енгізілді. Әр абонемент 3 түрге бөлінеді - айлық, тоқсандық  және маусымдық. Тегін уақыт дегеніміз пайдаланушы сапардың алғашқы 30, 45 немесе 60 минутын тегін жүреді. Әрі қарай төлем сомасы сапар кезіндегі уақытпен есептеледі. Тарифтер туралы барлық қажетті ақпаратты velobike.kz. сайтынан көруге болады. Сондай-ақ, жыл сайын велосипед маусымының қорытындысы бойынша ең белсенді пайдаланушылар анықталып, CTS атынан абонементтер табысталады,- дейді бас менеджер.

Жалға беру мамандары жалға алу мерзімі 1 сағаттан асқан пайдаланушыларға қоңырау шалады. Бұл пайдаланушылардың велосипедті тұраққа дұрыс қоймауының салдарынан артық теңгерім алынуының немесе велосипедтердің жоғалып кету оқиғаларын төмендету мақсатында қолға алынған шара.

Айта кетейік, биыл CTS өз қаражатына қосымша 13 велосипеді бар 2 станса сатып алды. Олар елорда тұрғындары мен қонақтарына  шілде айынан бастап қолжетімді.

Барлық жаңалықтар