00:00
Астана -10oC
USD:
475.03
EUR:
517.21
RUB:
5.44
Іздеу

Астанада ерекше қажеттілігі бар 34 жасөспірім колледждегі оқуын аяқтады

11.07.2024 | 14:34
Торғын Аман
103
Астанада ерекше қажеттілігі бар 34 жасөспірім колледждегі оқуын аяқтады
фото: www.gov.kz

Астанада «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге арналған оқу-өндірістік комбинаттар» сынамалы жобасының түлектеріне куәлік беру рәсімі өтті. ЕБбҚ бар 34 жасөспірім елорда колледждерінде «Аспаз», «Кондитер», «Тігін ісі», «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандықтары бойынша оқуды сәтті аяқтады, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жобаны «Болашақ» қоры «Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырып отыр.

Оқу-өндірістік комбинаттар немесе ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7-11 сынып оқушыларына арналған мамандандырылған кәсіби алаңдар өз жұмысын 2024 жылдың басында Астана қаласы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі және Менеджмент, бизнес және білім колледжі негізінде бастады. Оған аутизм, Даун синдромы, Аперт синдромы, эпилепсия, ақыл-ой дамуы жеңіл тежелген, Туретт синдромы, психикалық дамудың кешігуі және психикалық-сөйлеу дамуының кешігуі бар 13-18 жас аралығындағы 34 жасөспірім қатысты.

Басты мақсат ЕБбҚ бар жасөспірімдерге әлеуметтік бейімделуге, кәсіптік білім алуға және жұмысқа орналасуға көмектесу. Оқыту «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Тамақтануды ұйымдастыру – аспаз», «Тамақтануды ұйымдастыру – Кондитер» және «Сәндік-қолданбалы өнер» бағыттары бойынша өткізілді. Оқудың ұзақтығы – 5 ай болды, 3 сағаттан аптасына 2 рет. Осы уақыт ішінде ЕБбҚ бар балалар көптеген құнды дағдыларды меңгерді: әртүрлі маталармен жұмыс істеу негіздері, тігін техникасы мен түрлері, тігін машиналарын пайдалану, тағамдарды дайындау, турау техникалары, ас үйде гигиена және қауіпсіздік нормалары, кондитерлік өнімдерді дайындау, қамырмен жұмыс.

Балалар тәртіпті және тәуелсіз бола бастады. Бұл дағдылар олардың кәсіби ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге колледжге сәтті түсуге және болашақта жұмысқа орналасуға дайындап, олардың өзіне деген сенімділігін арттырды.Іс-шараға «Болашақ» қорының Қамқоршылық Кеңесінің Төрайымы Динара Гаплан, «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринова, елорданың білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің директоры Зәуре Қылышбаева, ЕБбҚ бар жасөспірімдер, ата-аналар, мамандар, әлеуметтік кәсіпкерлер және басқалар қатысты.

«Осы сынамалы жобаның арқасында біз мектепке дейінгі, мектеп және орта арнаулы білім беру ұйымдарындағы алаңдарды қамтитын үздіксіз оқыту жүйесін құрып жатырмыз. Астана – аутизм бар және басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған алаңдар балабақшалар мен мектептерде ашылған Қазақстандағы жалғыз қала, енді әкімдікпен ынтымақтастығымыздың арқасында ЕБбҚ бар жасөспірімдер колледждерге түсуге мүмкіндігі біраз артып отыр. Қала әкімдігіне, «AMANAT» партиясына және әлеуметтік кәсіпкерлер қатарынан серіктестерімізге жобаны қолдағандары үшін алғыс айтамын. Біздің түлектер кәсіпорындарда өз пайдасын тигізе алады деп сенеміз, бұл олардың әлеуметтенуі мен қоғам өміріне қосылуының маңызды кезеңі болмақ», - деді «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық Кеңесінің Төрайымы Динара Гаплан.

«Менің ұлым өз мейрамханасын ашуды армандайды. Ана ретінде мен ұлым үшін өте қуаныштымын және ол осында қуана келетінін мақтан тұтамын, бұл оның мамандық алуына мүмкіндік және үміт береді. Егер бұл мүмкіндікті тек бір кәсіби қолдау ретінде ғана емес, ең алдымен бұл оқыту, ең бастысы, өзіне тамақ пісіріп, өзін тамақтандыруға және осы арқылы өз отбасын бақытты етуге мүмкіндік береді» - деді Ксения Цун, «Аспаз» бағыты бойынша ОӨК оқушысы ерекше баланың анасы.

Барлық жаңалықтар