Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арман Баймұхамбет қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Басқарма бастығы Арман Баймұхамбет көшіп келушілерді қабылдаған жеке және заңды тұлғалар ішкі істер органдарына 3 жұмыс күні ішінде хабарлауы қажет екенін айтты.
Қазақстандықтар өз ауданындағы көші-қон қызметіне міндетті түрде шетел азаматтарының келгені туралы 3 жұмыс күні ішінде хабарлауы қажет. Мерзімді өткізіп алған жағдайда қабылдаушы жеке және заңды тұлға заңға сәйкес жауапқа тартылады. Заңды тұлға 10- 25 АЕК аралығында, егер қайталанса 100 АЕК төлеуге міндеттеледі. Бұл 306 мың теңге. Жеке тұлғаға 91 890 мың айыппұл қарастырылған,- деді басқарма бастығы Арман Баймұхамбет.
Оның айтуынша, қаңтар айынан бастап көші-қон заңнамасын бұзған 5 мыңнан аса шетелдік азамат жауапкершілікке тартылды. Елден 867 азамат шығарылды. Шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 93 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Тіркеу және құжаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 2866 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Динара Қуанышева елордада қосымша ХҚКО ашылғанын айтты.
Астанада Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет алушылардың артуына байланысты 20 жұмыс орны бар орталық қосымша ашылды. Ол Сауран 7 мекенжайы бойынша жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» теміржол вокзалында көші-қон қызметі жұмыс істеуде. Қалаға көшіп келушілер ЖСН алу үшін тек жеке куәлігін беру қажет, қызмет 1 күн ішінде көрсетіледі,-деді Динара Қуанышева.
Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб шетелдік азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша әлі өтініш түспегенін айтты.
Бүгінде қала бойынша 6 480 бос жұмыс орны порталда көрсетілген. Бірақ, қалаға келіп жатқан шетелдік азаматтар тарапынан еңбек миграциясы бойынша өтініш түспеді,- деді басқарма басшысы.