Қарулы Күштерде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен курсанттар үшін 19 сайлау учаскесі құрылды

0
73

Қорғаныс министрлігінде өткен аппарат кеңесінде мереке күндерін қорытындылап, алдағы уақытқа арналған тапсырмалар белгіленді, деп хабарлайды Елорда Инфо ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қорғаныс ведомствосының басшысы лауазымды адамдардың жауынгерлік даярлық, әскери объектілердің диверсияға қарсы қауіпсіздігі, сондай-ақ әскери тәртібі туралы баяндамаларын тыңдады.

Бас қолбасшылар 2020 жылдың желтоқсан айының соңында біткен мамандық жөніндегі даярлық нәтижелері және бөлімдердің үйлесімділігі басталғаны жөнінде айтты. Бас штабқа сабақтарды өткізу сапасын, жеке құрамның білімді толық меңгеруін және қажетті дағдыларды қалыптастыруды бақылауын ұйымдастыру тапсырылды. Әскерлерді даярлау кезінде формализм мен немқұрайлылыққа жол бермеуге назар аударылды.

Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына әскери қызметшілердің қатысуы туралы мәселе жеке қаралды. Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев бұл ел тағдыры үшін жауапты және маңызды іс-шара екенін атап өтті. Сондықтан әркімге өзінің азаматтық ұстанымын танытуға, дауыс беруге қатысуға мүмкіндік беру керектігін айтты.

Қарулы Күштердің офицерлері, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер мен азаматтық персоналдары сайлауға тұрғылықты мекенжайы бойынша қатыса алады. Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен әскери оқу орындарының курсанттары үшін Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен мекемелерінде 19 сайлау учаскесі құрылған.

Қорғаныс ведомствосының басшысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық шараларды ескере отырып, бұл учаскелерге сенім білдірген тұлғалар мен байқаушылар жіберілуі мүмкін. Қорғаныс ведомствосының басшысы дауыс беру барысында «Сайлау туралы» заңды қатаң қадағалау, сонымен қатар жеке құрам арасында құқықтық тәртіп пен әскери тәртіпті сақтау қажеттігін атап өтті.