Елордадағы сауда, ойын-сауық орталықтары енді сенбі күндері де жұмыс істейді

0
148
Фото авторы: Сұлтан Сейітов

Елордадағы сауда, ойын-сауық орталықтары енді сенбі күндері де жұмыс істейтін болды. Бұл туралы құзырлы орган өкілдерінің «Керуен» және «Азия Парк» СОО-ларына жасаған рейді кезінде айтылды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Керуен» сауда, ойын-сауық орталығында жұмыс тобына орталық мамандары ондағы санитарлық нормалардың сақталуы жайлы егжей-тегжейлі баяндады.

Аталған сауда, ойын-сауық орталығының санитарлық-гигиеналық жөніндегі менеджері Күмісай Амантаеваның айтуынша, мұнда барлық талаптар сақталған. Ғимараттың әр жерінде 30 санитайзер орнатылған. Олар үнемі ауыстырылып тұрады. Сонымен қатар әр дүкен бойынша тексеріс жиі жүргізіледі. Орталықтағы сауда дүкендерінің көлемі бойынша кейбіріне 5, енді біріне 12 адамнан артық кіруге болмайды деген талап қойылса, үлкен дүкендерге бір уақытта 70 адамға дейін кіруге рұқсат беріліпті.

Фото авторы: Сұлтан Сейітов

«Build SYSTEM» ЖШС бас директоры Галина Зкрияеваның сөзінше, карантин басталғалы бері «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығына келушілер саны екі-үш есеге төмендеген. Мысалы, бұрын бір күн ішінде келетін адамдар саны 15-30 мың болса, бүгінде олардың ең көбі 11 мыңнан асатын көрінеді.

Бірақ бұдан былай келушілер саны біраз артуы мүмкін. Өйткені 20 қараша күні шығып, 24 қарашада күшіне енген Нұр-Сұлтан қаласы бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысына сәйкес, елордадағы сауда, ойын-сауық орталықтарына сенбі күні де жұмыс істеуге рұқсат берілген. Тексеріс жүргізген құзырлы органдар өкілдері осы өзгерістер жөнінде де түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Жаңа қаулыға сәйкес, сауда, ойын-сауық орталықтары сенбі күндері таңғы сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Егер белгілі бір нысанда санитарлық норма сақталмағаны анықталған жағдайда тиісті әкімшілік шара қолданылады. Тіпті сол орталыққа сенбі күні жұмыс істеуге қайтадан тыйым салынуы мүмкін», – деді Есіл ауданы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Арман Құрбанов.

Оның айтуынша, сауда, ойын-сауық орталықтарындағы кейбір нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат берілген. Мысалы, орталықтардың ішінде орналасқан мейрамханалар мен сұлулық салондарының жұмысы іске қосылды. Алайда фудкордтар әлі де ашылған жоқ. Айта кетсек, мейрамханаларға 30-дан аса клиент кіргізілмейді.

Бұл жерден кейін жұмыс тобы «Азия Парк» сауда, ойын-сауық орталығына ат басын тіреді. Мұнда да барлық санитарлық талаптар сақталған.

Фото авторы: Сұлтан Сейітов

Жалпы, сауда, ойын-сауық орталықтарында әзірге кинотеатрлар мен балалар ойын-сауық орталықтарының жұмысына рұқсат берілген жоқ.