Нұр-Сұлтанда 1143 қызметкердің жалақы қарызы өтелді

0
112

2020 жылы арнайы жұмыс тобының жүргізген іс қорытындысы бойынша 149,3 млн.теңгеден астам қарыз өтелді, осы арқылы 1143 қызметкердің құқығы қорғалған. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшы орынбасары Ерлан Исмағұлов Әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық комиссияның отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Биылғы жылы еңбек заңнамасының сақталуын бақылау барысында мемлекеттік еңбек инспекторлары жоспардан тыс 94 тексеру жүргізді. Барлық фактілер бойынша бұзушылықтарды жою туралы талаппен 44 бұйрық шығарылды, сонымен қатар 21 лауазымды және заңды тұлғалар жалпы сомасы 5,6 млн.теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды» – деді Ерлан Исмағұлов.

Айта кету керек, апта сайын Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде елорда кәсіпорындарындағы еңбекақы және өндірістік жарақат мәселелерін қарастыратын жұмыс тобы жұмыс істейді.

Бүгінде елордада жұмыс істеп тұрған 50 095 кәсіпорын бар, оларда 478 200 азамат жұмыс істейді. Жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі бар компаниялар қатарында «Респект-Строй 2017» ЖШС-і тіркеліп, 53 жұмыскерге 24,6 млн.теңге сомасында жалақы өтелмегені анықталған. Компания басшысына қатысты қылмыстық іс қозғау үшін материалдар Нұр-Сұлтан полиция бөліміне жіберілді.