«Жас сарбаздар» ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың ауласын қардан тазалады

0
129

«ЭКО ҚАЗАҚСТАН» акциясы аясында жас сарбаз белсенділері елордадағы ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты қарттардың ауласын қардан тазалап, отын жарып, көмек көрсетті, деп хабарлайды Елорда Инфо қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

«Елордамызда еріктілердің көмегіне мұқтаж жандар көп. Әсіресе қыстың қаһарына мінген сәтінде жер үйде тұратын ардагерлеріміз, жалғызбасты аналар, апаларымыз ауласын қардан тазалай алмай отырады. Осыған орай биыл, жалпы республикалық «ЭКО ҚАЗАҚСТАН» акциясын «Жас сарбаз» ұйымының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы бірінші болып бастап, бір күн ішінде 4 мекенжайға барып ауласын тазалап, қыстық отын жарып көмектесіп қайттық. Акция аясында көмекке мұқтаж барша Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына қол ұшын созатын боламыз. Біздің қатарымызға қосылып, игі іс жасаймын дейтін жандарға есігіміз ашық. Қыстың қаһары басталған сәтте, жұдырықтай жұмылып, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын берейік» – дейді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігі Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Айта кетейік, акцияны «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігі Нұр-Сұлтан қалалық филиалы ҚР ҚК әскери-патриоттық орталығының қолдауымен 19-20 қараша күндері өткізуде.