Полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін бұзған жүргізуші-мигранттарды ұстады

0
79

«Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында рөлге отырған екі шетелдік ұсталды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Осылайша, кеше сағат 10.30-да Сарайшық көшесінде 28 жастағы Өзбекстан Республикасы азаматының басқаруындағы «Toyota Camry» автомашинасы тоқтатылды. Құжаттарын тексеру барысында жүргізушінің қалада жүргізуші құқығынсыз жүргені анықталды. 2020 жылғы мамыр айында ер адам соттың шешімімен мас күйде көлік құралын басқарғаны үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 612-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Материал әкімшілік сотқа жолданды, автомашина коммуналдық тұраққа қойылды. Көлікті басқару құқығынан айырылған жүргізушіні соттың шешімімен көлік құралын басқарғаны үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу күтіп тұр», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Екінші жүргізуші 25 жастағы Тәжікстан Республикасының азаматы ЖҚҚ өрескел бұзып, жолда апаттық жағдай туғызған. Сағат 19.20-да «Яндекс» таксидің жүргізушісі көлденең жол таңбасының қос тұтас сызығын кесіп өтіп, қарсы қозғалысқа арналған жүріс бөлігіне шығып кеткен. Қарсы жолаққа шыққаны үшін жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 596-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Материал әкімшілік сотқа жолданды.

18-20 қараша аралығында елордада республикалық жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді. ЖПІШ бірінші күнінде полиция қызметкерлері 700-ден астам бұзушылықты анықтады, оның ішінде 12-сі қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған бұзушылықтар болып табылады. Көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін 60-тан астамы ұсталды, оның ішінде үшеуі бұрын көлікті басқару құқығынан айырылғандар. Бұдан басқа, 100 шақты жаяу жүргіншіге белгіленбеген орыннан өткені үшін айыппұл салынды.

Түрлі ЖҚҚ бұзғандары үшін коммуналдық айыппұл тұрағына 22 автомашина қойылды.

Үш күннің ішінде полиция қызметкерлері ЖҚҚ өрескел бұзғандардың жолын кесуде. «Қауіпсіз жол» ЖПІШ барысында ЖКО болдырмау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Іс-шараға тәртіп сақшыларымен бірге көліктік бақылау инспекциясының, әкімдіктің, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ, «Казавтодор» ЖШС қызметкерлері қатысуда. Көлікті масаң күйде басқару, басып озу қағидасы, маневр жасау, қауіпсіздік белбеуін тақпау және ұялы телефон арқылы сөйлесумен байланысты ЖҚҚ бұзу анықталуда.