Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтер 100% автоматтандырылады – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі

0
205
Фото: Александр Куприенко/Elorda Aqparat

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, алдын алу шаралары, адами факторды жою мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, мектепте тамақтануды мемлекеттік сатып алуды электронды форматқа көшіру және басқа да бірқатар мәселелер Алтай Көлгіновтің басшылығымен Нұр-Сұлтан әкімдігінде өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша көптеген жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Цифрландыруға ерекше назар аударылуда, өйткені бұл процесс адами факторды жояды. Әкімдік 160 мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның 148-і электронды форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін біз барлық мемлекеттік қызметтерді автоматтандырамыз. Мысалы, ата-аналар мен бизнес өкілдерінен түскен шағымдардың көпшілігі мектеп оқушыларының тамақтануына мемлекеттік сатып алуда ашықтықтың жоқтығына қатысты болды – «Астана – адалдық алаңы» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп бұл мәселені зерттеді. Процесс автоматтандырылып, электронды форматқа көшірілді. Қоғамдық көлік жұмысы да жаңартылды, төлем тек қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады, автобустар 100% электрондық төлем жүйелерімен жабдықталған. Нәтижесінде биыл 6 миллиард теңгеге дейін қаражаттың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Инженерлік желілерді және бүкіл қаланы цифрландыру бойынша да көптеген жұмыстар жүргізілуде», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Қала әкімі Алтай Көлгінов кез келген заң бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанып, әсіресе құрылыс, отын-энергетика кешені мен коммуналдық қызметтер, қалалық қоршаған орта мен сапаны бақылау салаларында кез келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауды тапсырды. Осы ведомстволармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіруге тапсырма берді.

Құрылыс басқармасының басшысы Самат Сәрсенғалиев алаяқтардың басқарма қызметкерлері атынан құрылыс ұйымдарына ақылы көмек ұсыну фактілері болғанын атап өтті. Аталған фактілер бойынша Полиция департаментіне арыз жолданды, мердігерлер өкілдерімен осылардың алдын алу үшін әңгімелесу жүргізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссияның отырысына Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің, Полиция департаментінің, қалалық прокуратураның, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшылары, әкімдік басқармаларының басшылары және т.б қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында әкімдік мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың өндірістік емес шығындарын азайту бойынша жұмыстар жүргізді. Әкімдіктің жергілікті бюджетін оңтайландыру 35 млрд теңгені құрады. Үнемделген қаражат әлеуметтік салаға бағытталған. Экономиканың және инфрақұрылымның нақты секторын қолдауға 16 миллиардтан астам теңге бөлінді: бұл қаржы апатты үйлерді бұзуға, жолдар, аулалар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға арналған. Білім беру жүйесін дамытуға, денсаулық сақтау мен әлеуметтік салаға 7 миллиард теңге бөлінді: бұл қаржы балабақшалардағы қосымша орындар, медициналық жабдықтар сатып алу, аз қамтылған азаматтар санатына әлеуметтік көмек көлемін ұлғайтуға бағытталған. ШОБ-ты қолдауға 5 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға арналған.