Елордада карантин тәртібін бұзғандарға 138 миллион теңге айыппұл салынды

0
100

Нұр-Сұлтанда 1 973 кәсіпкерлік нысанында карантин режимінің сақталуына мониторинг жүргізілді. Брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зекен Ысқақов тексеру нәтижелері бойынша 1 360 рапорт келіп түскенін айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«634 жеке, лауазымды және заңды тұлға жалпы сомасы 138 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кінәсін мойындаған кезде әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға айыппұлды жеңілдетілген тәртіпте төлеуге мүмкіндік беріледі (-50%). Салынған 634 айыппұлдың 535-інен 114 891 564 теңге өндірілді. Кәсіпкерлік субъектілерінің мәлімдемесіне сәйкес төрт материал әкімшілік соттың қарауына жіберілді. Оның ішінде бір материал әкімшілік айыппұл салумен қаралды, біреуі тоқтатылды, екеуі сотта», – деді Зекен Ысқақов.

Спикер қалада COVID-19 жұқтыру жағдайларын тіркеу жалғасып жатқанын атап өтті. Күніне 3-тен 20-ға дейін жаңа жағдай тіркеледі, оның ішінде симптомсыз түрі жиі кездеседі. Соңғы төрт күнде КВИ репродуктивтік саны біреуден көп, бұл карантинді жеңілдетуге мүмкіндік бермейді.

Естеріңізге сала кетейік, 14 қазаннан бастап Нұр-Сұлтанда жекелеген нысандар мен іс-шараларға қатаң шектеу және карантин шаралары енгізілді. Атап айтқанда, іскерлік орталықтардың жұмыс уақыты қысқартылды. Егер олар бұрын 20:00-ге дейін жұмыс істесе, енді 18:00-де жабылуы керек. Сондай-ақ демалыс күндері азық-түлік емес тауарлар мен заттарды сататын нысандарда, сондай-ақ іскерлік орталықтарда орналасқан кеңселерде жұмыс істеуге тыйым салынды. Жұмыс кестесі мен тамақтану кестесі өзгертілді, орналасқан жеріне қарамастан тек 22:00-ге дейін. Монша мен сауналар жұмыс күндері 21:00-ге дейін, демалыс күндері – 19:00-ге дейін жұмыс істейді.

Сонымен бірге бұқаралық, отбасылық, ойын-сауық іс-шараларын өткізуге, ойын-сауық мекемелерінің – бильярд, караоке, боулинг орталықтары, компьютерлік және түнгі клубтар, балалар ойын алаңдары мен жабық кеңістіктердегі батуттар, букмекерлік кеңселер, кинотеатрлар, фудкорттар, банкет залдары қызметіне тыйым салынды.

ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша шектеу және карантиндік шараларды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 600 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза қарастырылған.