Қала тынысы

Елордада дезинсекциялық және дератизациялық іс-шараларға дайындық басталды

Елорданың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы дезинсекциялық және дератизациялық жұмыстарды жүргізу үшін дайындықты бастады. Бұл іс-шаралармен қаланың ашық аумақтары, су айдындары, саябақтар, скверлер, жеке сектор қамтылады, деп хабарлайды Елорда Инфо қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Дезинсекциялық іс-шаралар ашық станцияларды қамтиды, яғни саябақтар, скверлер, өзендер мен арналардың жағалаулары, су айдындары, сондай-ақ жабық станциялар, яғни иесіз үйлер, орамішілік аумақтар. Нәтижені қала шекараларында тұрақтандыру үшін масалардың көші-қонын ұстап тұру мақсатында арнайы кедергілер орнатылады.

Ашық стацияларда шыбын-шіркей санын азайту жөніндегі іс-шаралар тәуліктің түнгі уақытында – 21.00-ден таңғы 04.00-ге дейін 6 тур бойы жүргізіледі, олар айына 15 күнге созылады.

Дезинсекциялық жұмыстар үшін құрамында әсер етуші заты бар хлорпирифос және малатион қолданылады. Бұл – адамдар мен жануарлар үшін қауіптілігі аз инсектицидтер. Аталмыш препараттар Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген тізімге енгізілген», – деп хабарлады басқарма басшысының орынбасары Жанар Бескемпірова.

Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің маманы Нағима Шатаеваның айтуынша, қазір қалада таяз су қоймаларына энтомологиялық зерттеулер жүргізу басталды.

«Ауа температурасы жылығаннан кейін масалар белсенді түрде көбейе бастайды. Сол себепті масалардың қыстайтын орындарына қорғаныс кедергілерін орната бастадық. Балаңқұрттар пайда болғаннан кейін қаланың шетінде қамыс-шөпті өсімдіктер бар екенін ескере отырып, 14-15 сәуірде жаппай шыбын-шіркейлерді жою жұмыстары басталады», – деді Нағима Шатаева.

Бұдан басқа, 2021 жылғы 15 сәуірден бастап дератизациялық іс-шараларды өткізу бойынша көктемгі тур басталады.

Кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар қаланың жеке секторын және ашық аумақтарды (саябақтар, скверлер, су қоймалары, су айдындары, арналар және зираттар) қамтитын болады.

Жеке сектордың тұрғындары тегін улы дәрі алады және сол жерде қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулық өткізіледі.

Мамандар тұрғын үйлерді 3 мәрте өңдейді. Осылайша, 25 мыңнан астам тұрғын үйді өңдеу жоспарланып отыр. Сақтық шаралары туралы ұмытпау керек және улы дәрі-дәрмектерді балалардың қолы жетпейтін орындарға (жертөле, үйдің шатыры) қою керек.

Саябақтарда, өзендердің, арналардың, су қоймаларының және зираттардың аумағына улы жем қойылатын болады. Өңделетін аумақтың көлемі 3 112 гектарды құрайды.

«Дератизация ҚР-да қолдануға рұқсат етілген, бромадиолон препаратын қамтитын дәнді дақылдар себіндісін пайдалана отырып жүргізіледі. Мұндай шаралар кеміргіштер санын азайту және аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін қажет.

Айта кету керек, коммерциялық нысандарға, көппәтерлі тұрғын үй кешендеріне, денсаулық сақтау және білім беру нысандарына жеке шарттар негізінде қызмет көрсетіледі және оның жұмысы қызмет көрсететін компания есебінен жүзеге асырылады», – деп хабарлады ведомствоның мамандары.

elorda.info

Back to top button