Қала тынысы

Елордада халықты жаппай вакцинациялау басталды

Бүгін Нұр-Сұлтанда халықты коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. 18 жастан асқан кез келген адам вакцинаны елорданың егу пунктерінен салдыра алады. Елорда Инфо тілшісі №9 қалалық емханада тұрғындарды вакцинациялау қалай өтіп жатқанын біліп қайтты.

«Халықтың екпеге деген ынтасы жақсы. Бүгінге күнге дейін 3 мыңнан аса адамға екпе салдық. Біздің дәрігерлер екпе алғандарды 3 күн бойы бақылап, жағдайын сұрап тұрады. Арасында қызуы көтерілгендер немесе басқа да жанама әсері болғандарға дәрігер жіберіп қараймыз. Қазірге дейін ондай асқыну болған жоқ», – деді аталмыш емхананың Емдеу және алдын алу ісі жөніндегі бас дәрігері орынбасары Гүлнар Төлебаева.

№9 емханада 5 бригада жұмыс істейді. Оның екеуі – көшпелі бригада. Емхана дәрігерлері басқа мекемелерге де барып вакцина салады. Екпеге қабылдау таңғы 8:00-ден кешкі 18.00-ге дейін жүргізіледі. Емхана қызметкерлерінің айтуынша, жұмыс барысында бұған дейін ешқандай қиындық туған жоқ, келушілер ризашылығын білдіруде. Ең алдымен вакцина алатын адам тіркеуден өтіп, сауалнама толтырады. Одан соң дәрігердің қарауынан өтеді. Дәрігер оның дене қызуы мен қан қысымын өлшейді. Соңында келісім құжатқа қол қойып, вакциналау кабинетіне өтеді.

«Пандемияны жеңудегі бірден-бір жол вакциналау деп білемін. Қазақстанның әрбір жауапты азаматы денсаулығын сақтау үшін вакцина салдыруы керек деп ойлаймын. Сол арқылы біз қиындықтан өтіп, тыныш заманға ораламыз. Бұл экономиканың жандануы мен адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасының жақсаруына әкеледі. Біз отбасымызбен вакцина салдырдық. Бүгін екінші дозасын алып жатырмын. Өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. Ешқандай асқыну болған жоқ. Керісінше, өзіме деген сенімділік артты. Соған қарамастан қауіпсіздік режимін сақтап жүрмін», — деді Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай.

Емханаға келіп, екпе алғысы келетіндердің саны көп. Біразы – 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтар.

Айта кетейік, вакцина салдыруға Egov порталы арқылы жазылуға болады. Ол үшін арнайы кесте әзірленген. Бұл портал арқылы күніне шамамен 40-50 адам тіркеледі.

Алтын Өмір

Алтын Өмір, Elorda.info сайтының тілшісі

elorda.info

Back to top button