Қала тынысы

Алтай Көлгінов елордалық жолшылардың жұмысын сынға алды

Елорда әкімі Алтай Көлгінов жолдағы шұңқырларды жөндеу бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Көшелерді тексеру барысы жолдардың сапалы орындалмағанын көрсетеді. Кейбір жолдардың жөнделгеніне әлі 3-4 жыл толмады, алайда жөндеу жұмыстарын қайта жүргізу керек! Тұрғындардың шағымдары негізделген. Бейінді басқарманың міндеті тек мердігерлік ұйымдарды анықтау үшін конкурс өткізіп қана қою емес, сонымен бірге жолдың сапасын, ұзақ уақыт қызмет көрсетуін қамтамасы ету! Адамдарға қолайлы жағдай жасау.

Бірінші. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына жол шұңқырларын жөндеуді жеделдетуді тапсырдым.

Екінші. Жолдарды орташа жөндеуге кірісу қажет. Тізімге жөндеуді қажет ететін жолдарды енгізу қажет. Адам көп жүретін, жаңа салынып жатқан аудандардағы көшелерге мән берген жөн. Сонымен қатар бұрын асфальт төселмеген көшелерді де қосу қажет. Былтырғыдай қаланың ескі бөлігі мен елді мекендерге де баса назар аударамыз.

Үшінші. Бейінді басқарма мен жол қызметкерлеріне қойылған талап жоғары, сұраныс та жоғары болмақ! Сапасыз жұмыстар қабылданбайды. Жосықсыз мердігерлерді сотқа беріп, қара тізімге енгіземіз.

Төртінші. «Қазавтожолға» ескерту жасалды. Жөндеуде сапасыз материалдарды пайдалануға жол берілмейді.

Бесінші. Асфальтбетон зауытының жұмысын іске қосамыз. Бұл жол жұмыстарының қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Жол құрылысы стратегиялық бағытқа жатады. Қалада өмір сүруге жайлы жағдай жасау маңызды. Былтыр 170-тен астам көше жөнделді. Оның 100-і – елді мекендерде. Биыл да былтырғы көрсеткіштен кем түспей, жұмыс атқарамыз»,- деп жазды елорда әкімі.

elorda.info

Back to top button