00:00
Астана -10oC
USD:
475.03
EUR:
517.21
RUB:
5.44
Іздеу

Балаларға арналған инфрақұрылым қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек – Бектенов

11.07.2024 | 15:09
Олжас Сүлейменов
88
Балаларға арналған инфрақұрылым қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек – Бектенов
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында оқушылар мен студенттердің білім алуына жағдай жасау жұмыстарының барысымен танысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешу бойынша алға қойған міндеттерін орындау аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Білікті кадрлар даярлау үшін жоғары оқу орындары жаңғыртылуда, деп хабарлады Elorda.info Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олжас Бектенов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №97 мектеп-гимназиясында болды. Ғимарат бұрынғы апатты жағдайдағы мектептің орнына тұрғызылған. 

Ұлттық жоба аясында салынған алғашқы мектеп жаңа оқу жылының басында пайдалануға берілмек. Бүгінде нысан 95%-ға дайын, онда әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектепте 945 оқушы білім алатын болады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта құрылды. Барлық оқушының өзіндік қажеттіліктерін ескере отырып, заманауи технологиялар енгізу арқылы білім сапасы артады, шығармашылық әлеуетті дамыту мақсатында материалдық-техникалық база жақсартылады.

Елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қосымша 700 мыңнан астам оқушы орны қолжетімді болады. 

Үкімет басшысына мектеп ғимаратының құрылысы мерзімінен бұрын жүзеге асырылғаны туралы баяндалды. Ол үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының екі ауысымдық кестесі ұйымдастырылды. Барлық кезеңде орта есеппен 250 адам тұрақты түрде жұмыс істеді. Бүгінде негізгі жұмыстар аяқталып, технологиялық жабдықтармен жарақтандыру жүріп жатыр.

Олжас Бектенов құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаудың маңызды екенін баса айтты.

«Алматы мектептерінің шамадан тыс толуы – аса өткір мәселе, сондықтан құрылысты мерзімінен бұрын аяқтау қажет. Бұл ретте алдымен сапаға басымдық берілуі керек. Балаларға арналған инфрақұрылым қауіпсіздіктің барлық талаптарына сай болуы керек, технологиялық жарақтандырылып, балаларымыздың қолайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік беруі тиіс», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Халықаралық білім беру корпорациясын аралау барысында нақты кәсіпорындармен ынтымақтастық орнату мәселесіне баса назар аударды. Жас ғылыми топтармен өзара іс-қимыл шаралары және олардың еңбектерінің нәтижелерін қала мен ел үшін маңызды салаларда қолдану мүмкіндіктері талқыланды.

Барлық жаңалықтар