Елбасы Есілдің бойынан қала жасаса, мен сол қалада ойнайтын бала жасадым – Көпен Әмірбек

0
1205

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Елорда Инфо тілшісі «Ара» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы Көпен Әмірбекпен бүгінгі сатираның жай-күйі және осынау мерекенің маңыздылығы туралы сұхбат құрды.

«Әлемді әзіл-сықақ сақтайды» 

– Көпен аға, қазіргі уақытта сатира жанры тарих қойнауында қалған сияқты көрінеді. Өзіңізден кейінгі сатириктер туралы айтыңызшы. Бұл жанр расымен де тоқтап қалды ма? 

– Біз де қилы-қилы заманды, қызықты дәуірді бастан кешірдік қой. Біздің жанымыз да, жанрымызда сатира болғаннан кейін бүкіл дүниеге шын көзбен, сын көзбен қараймыз. Сонда бір мамыражай заман болды деп айтамыз. Ол мамыражай заман кешегі қылышынан қан тамған Қызыл империяның құлдырауымен бірге кетті. Сол кезде біз тоқырау заманына ұшырадық дедік. Сонда Фариза Оңғарсынова «мен үшін бұл тоқырау заман емес, жұрттың бәрі кінәлап, күсәналап жүрген тоқырау заманда мен толық шығармашылық күй кештім», – деген болатын. Қазақта сатираға байланысты екі ұғым бар тоқырау және тоқтау деген. Тоқырау деген – тоқтаудың алдындағы ұғым. Адам тоқтайтын кезде тоқырайды ғой. Яғни тоқырағаннан кейін барып тоқтайсың. Бірақ сатираны тоқтады деп айтуға да болмайды. Тоқырады дегенге келеді. Неге? Себебі біз арғы Бейімбет Майлин, Сейділдә Төлешовтерді айтпай-ақ қояйық, одан кейінгі дәуірлеген заманда Асқар Тоқмағамбетов, Оспанәлі Иманәлиев, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Есенжол Домбаев, Сейіт Кенжеахметұлы, Қажытай Ілиясұлы, Қаппас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдиндер қандай шығармалар берді. Жұрт іздеп жүріп оқитын. Шығарманың тақырыбына емес, авторына қызығушылық басым болатын. Мысалы, Оспанхан Әубәкіров кім дегенде оның шығармасын оқымай жатып, жұрттың езуіне күлкі үйірілетін. Ал қазір не шығарма, не шығарманың астындағы фамилия да жоқ. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары екіге бөлініп кетті. Оның бірі – баспасөз, екіншісі – теледидар. Сатираның басым көпшілігі сол әзіл-сықақ театрларының қойылымдарына, скетчтеріне, интермедиаларына ауып кетті. Оны жұрт көреді, мәз болады, бірақ ой түйе алмайды, сараптай алмайды. Бір сәттік қана күлкі, оның өзі де жеңіл-желпі дүние. «Көди-сөди», «бықи-тықи» деген сөздер бар қазақта. Сол отбасы, ошақ қасынан аса алмай кеттік қой. Біз тәуелсіздік алған 30 жылдың ішіндегі жетістіктердің өзі бір бөлек, ал соның жолында қоғамға кесірін тигізіп жатқан кесе-көлденең көріністердің барлығы тұнып тұрған тақырып қой. Президентіміз ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтейік деп үнемі айтады. Бұл қылмыс дегенің борсық секілді, борсық дегенің ұрған сайын семіреді. Біз күшейген сайын ол да күшейіп барады, тіпті күннен-күнге күшіктеп бара жатыр. Мінеки, осы тұста баспасөздегі сатираны қолға алу керек деп айтар едім. Оның орталығы кеше ғана азуын айға білеген саяси-сатиралық атақты «Ара» журналын қайтадан қалпына келтіру керек. «Ешкімнен қорықпайтын адам күлкіден ғана қорқады» деген сөз бар. Қандай арсыз, ұятсыз, имансыз болса да, оның арғы жағында кішкене қытық тұрады. Ол ұлтын, отбасын, қоғамды емес, өзінің қарахан басының ғана қамын ойлап, соған жеткізіп жатыр. Бір қомағайдың беті бері қараса, оның өзі қоғамға үлкен пайда ғой. Осы жөнінде мен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа немесе Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа арнайы барып, осы мәселені көтерсем бе деп жүрмін. Өйткені Қазақстанның қарыштап дамуы үшін сатирадай қаһарлы қаруды қолдан түсіруге болмайды. Жыл сайын Болгарияның Габрово деген қаласында дүниежүзілік сатиририктердің байқауы болады. Сондағы ғимараттың маңдайшасына «Әлемді әзіл-сықақ сақтайды» деп жазып қойыпты. Неге? Өйткені ол қоғамды қоқыстан тазартады. Адамның жан дүниесін жаңартады. Егер әрі қараған бетің бері қарай бұрылса, жолға түскен жорғадай боласың. Міне, сатираның құдыреті осында. Осы сияқты Орта Азия қоғамына «Сатира сарайы» деген сияқты ортақ орталық керек. Бұл жобаны елордада немесе Шымкент қаласында ашқым келеді.

Қазіргі қазақ сатирасы демалып жатыр

– Қазіргі әзіл-сықақ театрларына қандай көзқарастасыз?

– Ресми дерек бойынша Қазақстанда 18 әзіл-сықақ театры бар екен. Басы – «Тамаша». «Тамаша» – қазіргі әзіл-сықақ театрларының барлығының атасы. Бәрі соған қарап еліктеп, соған қарап бой түзеді. Әрине, қазіргі әзіл-сықақ театрларында да сүбелі-сүбелі дүниелер бар. Бірақ бір май, бір ет деген сияқты бір ән, бір әзілмен формалық жағынан бірін-бірі қайталау бар. Ерекше болып әуелі «Шаншар» шықты. Ол таусылды. Оның алдында «Бауыржан-шоу» шығып, ол да тоқырады. Ал Тұрсынбек Қабатовтың әзіл-сықақтарын қағазға түсірсең, ол оқылмайды. Бір той басқарып жүрген асаба сияқты сөйлейді. Әрине, көрермен қабылдайды, күледі. Бірақ сықақшы деген жетекте болмауы керек. Керісінше, көрерменді жетектеуі керек. Қазіргі сықақшылардың көбі жетекте жүр. Күнделікті күйбің тірліктегі болымсыз дүниелерді, қазақы болмысты күлкі етеді. Біз онымен қайда барамыз?!

Қазақстанда бүгінде 54 драма театры бар. Бірақ қазір комедия бар ма? Жоқ. Сатиралық роман бар ма? Жоқ. Кезінде Есенжол Домбаевтар сатиралық роман жазған. Ол солармен кетті. Сатиралық романды былай қойғанда, сатиралық повестьер де жоқ қой тіпті. Мен «он сықақшы жабылып жүріп, Оспанхан Әубәкіровтің орнын толтыра алмайды» деп пікір айтқанмын. Бір Оспанханның өзі неге тұрады. «Соғыс және бейбітшілік» романын жазып біткенде Лев Толстой: «Енді орыс әдебиеті менен кейін біраз жылға демалады» деп айтқан екен. Сол сияқты қазіргі қазақ сатирасы Оспанхан Әубәкіровтен кейін, Сейіт Кенжеахметовтен кейін, кешегі дүниеден озған Үмбетбай Уайдиндерден кейін меніңше, демалып жатыр. Жаңа түскен жас келіннен сәби күтеміз ғой, аман-есен босанып алсын деп. Сол сияқты ендігі жас сықақшылардың анасының аяғы ауыр, олар әлі босанған жоқ.

Ал көңілді тапқырлар клубы, соның ішінде «Жайдарманды» айтатын болсақ, онда жемқорлар туралы, басқа да саяси астарлы әзілдер көп емес, бірақ бар. «Жайдарман» – дән. Оны егіп жіберсе, жақсы өнім алуға болады. Сондағы «Сағыз» командасының әзілдеріне сүйсінесің. Бірақ олар «Жайдарманның» жеңімпазы болған соң көрінбей кетті. Кезінде 1972 жылы ешкім танымайтын Фишер деген шахматшы әлемнің небір мықтыларын тас талқан етіп жеңіп, гроссмейстер атанды. Бірақ әлем чемпионы болған соң жоқ болып кетті. «Сағыз» сияқты кейбір жақсы командалар әзілдің чемпионы болған соң сол жерден тоқтап қалады. Мысалы, «Байдың балалары» деген команда қандай жақсы еді. Қазақы дәстүрді дәріптеді. Олар да Фишердің күйін кешіп кетті.

Жалпы, мен жастарды қолдаймын.

Менің шәкірттерімнің көбісі запорожец деңгейінде қалып қойды

Сіздің жолыңызды жалғап жүрген шәкірттеріңіз бар ма? Жастар арасынан кімді мықты сықақшы деп бағалар едіңіз?

– Шәкірт деген не? Күрес немесе басқа да спорт түрлері сияқты болмаса, әзіл-сықақшылардан, әншілерден шәкірт тәрбиелей алмайсың. Неге десең, о баста тумысынан солай тумағаннан кейін әкенің қанымен, ананың сүтімен даруы бір бөлек, ол уызынан жарымаса, оған ештеңе дарымайды деген сөз бар. Мен тәрбиелеген сықақшылардың көбісі зейнет жасына жетті. Олар о бастағы деңгейінде қалып қойды. Сен запорожецті қанша жерден майлап, маторын тазалап, жарысқа қосанмен, оның маторы артында. Ол бүгінгі мерседесіңмен немесе басқа да көлікпен жарыса алмайды. Менің шәкірттерімнің көбісі сол запорожец деңгейінде қалып қойды. Өйткені олардың жаратылысынан маторлары сондай еді. Мықты сықақшыларды ешкім тәрбиелеген жоқ. Олар өздерінің бойында бар қасиет пен іздену арқылы өздерін өздері сүйреді. Қазақта «жетектеп қосқан ит түлкі алмайды» деген сөз бар. Түлкі ала алмайтын итті қашанғы айтақтайсың? Сол сияқты қаншама шәкірттерімізді дәріптеп, әрі қарай алып кетсін деп түймедей дүниені түйедей етіп көрсеттік. Бірақ бәрібір сол жетектегі тазы сияқты өз бетімен аң ауламайды. Ол үшін оны кінәлауға да болмайды. Өйткені оның болмысы солай. Қазіргі уақытта сықақшылардың ішінде мықты деп Мұхтар Шерімді ғана айтар едім. Оның өзі де бүгінде зейнеткерлікке шықты.

Тұңғыш Президент күнімен ең бірінші қайраткер аналарды құттықтаймын

– Енді Тұңғыш Президент күні мерекесінің тарихи маңыздылығына тоқталсаңыз. Сіз өзіңіз бұл мерекені қалай атап өтесіз? Яғни ең бірінші кімді құттықтайсыз?

– Жалпы, мен тек Тұңғыш Президент күнінде ғана емес, билік басындағы азаматтардың үлкен жиындарда айтқан сөздерін, басқа елдерге барғандағы сапарларын бақылап, таразылап, өз сүзгімнен өткізіп отырамын.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезінде ҚазақКСР компартиясының бірінші хатшысы болып сайланғанда оны теледидардан көрген әкем қатты ырза болды. «Қазақша да, орысша да сөзге шешен жас қазақ жігіті билікке келді» деп қуанды.

Бұл мерекенің тарихи маңыздылығы туралы айтар болсақ, тәуелсіздігіміздің басы болғандықтан, тарихи маңызы зор. Ал осы мерекемен мен ең бірінші аналарды, соның ішінде праймеризге Алматы облысы Жамбыл ауданынан қатысқан 9 балалы ана, белгілі журналист Әлия Әпсеметова, праймеризге Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан 6 баласы бар ана Құралай Ошақбаева сияқты қайраткер аналарды құттықтағым келеді. Олардың үйін үй, күйін күй қылып, сонымен бірге Қазақстанның болашағына қабырғалары қайысып, заманның қандай да ойлы-қырлы кезіне қарамастан, алға ұмтылып жатқандарына риза болдым. Олар күйінішті де, сүйінішті де, ауртпашылықты да, қиыншылықты да бастан өткеріп келе жатқан аналар ғой. Егер осындай аналар Парламенттің партасында отырса, көпбалалы аналардың болашағын, балалардың жағдайын жақсарту жолында аянбай күресіп, балалы үйді базарға айналдыруға атсалысып, қара терін төгеді деп ойлаймын.

Елбасымен қашан кездескенімді ешкімге айтпаймын

– Тұңғыш Президентпен қазір байланысыңыз қалай? Таныстықтарыңыз қалай басталып еді? Ол кісімен кездесу кездеріндегі жарқын сәттер туралы айтып өтсеңіз.

– 1989 жылы ҚазақКСР компартиясының бірінші хатшысы болып сайланған соң Нұрсұлтан Әбішұлы ең бірінші ақын-жазушылармен кездесті. Кездесу Алматыдағы Жазушылар Одағы ғимаратының 400 орындық залында өтті. Жұрттың барлығы жапатармағай кіріп, құттықтап жатты. Сол кезде әлі есмде Сайлау Пернебаев деген атақты фототілші жазбаша сұрақ қойды. «Нұреке, есіңізде ме? Мен осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қарағандыға сапарлап барғанымда сіз Теміртаудың металлургия зауытында жұмыс істеп жүр едіңіз. Сол кезде мен сіздің үйіңізде үш күн қонақ болдым. Сіздің шаңырағыңыз құтты шаңырақ екен. Содан Алматыға келе сала бір бөлмелі пәтер алдым. Сол бір бөлмелі пәтерде 6 баламен 25 жылдан бері әлі күнге дейін тұрып жатырмын» деп жазыпты. Сөйтіп Нұрекең осы хатты оқып, бір күліп, хатты көмекшілеріне берді. Осы мәселенің назарында болатынын жеткізді. Бәріміз қол шапалақтадық. Осы сәттен кейін бір ай уақыт ішінде 6 балалы отбасыға 6 бөлмелі пәтер, яғни көрші тұрған 3 бөлмелі қос пәтер берілді. Бірақ ол пәтер Сайлаудың фототілші болғаны үшін берілген жоқ. Оның алты баламен қуықтай ғана бір бөлмелі пәтерде тұрып жатқаны қатты әсер еткен болса керек. Одан кейін Шерхан Мұртаза бас редактор болып тұрған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымымен кездесу жасады. Сол жерде жақсы әңгімелер болды. Отыз жыл бұрын бірінші рет суретке түсу басталды.

Жақында әнші Майра Ілиясова қарындасым: «Мен Нұрсұлтан Әбішұлының үйіне алты рет барып ән салдым. Бірақ оны ешкімге айтқан жоқпын. Кейіннен бір кездесуімізде Нұрсұлтан Әбішұлы: «сен біздің үйде алты рет болғаныңды бір адамға айтпапсың ғой» деп риза болды», – дейді. Расымен де «Нұрсұлтан Әбішұлымен мен бәлен жерде кездестім, осындай әңгіме айттық» деген мақтан сияқты көрінеді. Сондықтан мен ол кісімен соңғы рет қашан кездескенімді, екеуара болған әңгімелерді, жарқын сәттер туралы ешкімге айтпаймын деп шештім. Өйткені айтылған сөздер ол кісінің құлағына жетсе, ренжіп қалуы мүмкін. Сондықтан ол да, мен де ренжімес үшін бұл туралы айтпай-ақ қойғаным дұрыс.

– Елбасының қай қасиетін бағалайсыз? Оның ел білмейтін қандай қырларын айтар едіңіз?

– Ол кісі өте тапқыр, дер кезінде тауып айтатын сөзге шешен адам ғой. 1997 жылы астананы осында көшіретін кезде Ресейдің сол кездегі Президенті Борис Эльцин Нұрсұлтан Әбішұлына: «Нұреке, осындай қиын кезеңде астананы көшірудің не қажеті бар?» депті. Сонда Нұрекең: «Астананың солтүстікке көшірудің несі жаман, Ресейге, сіздерге жақындай түсеміз» деп жауап берген екен. 20 жыл бұрын Елбасы Түркіменстанға сапарлап барғанда сол елдің бұрынғы басшысы марқұм Сапармұрат Ниязов өзінің таза алтыннан құйылған ескерткішін көрсетіп мақтаныпты. Ескерткіште ол қолын күншығысқа қарай көтеріп тұрады екен. Содан астында қозғалмалы ролигі бар, күннің бағытымен 24 сағат бойы айналып тұрады екен. Жұртшылық уақытты сонымен де мөлшерлейді екен. Сонда Нұрекең: «Әй, Сапармұрат, мына күнді сен шығарып, мына күнді сен батырып тұрған сияқтысың» депті. Сапармұрат Ниязов: «Нұреке, сіз Қазақстанды әлемге таныттыңыз. Бәріміз Қазақстанға қарап, бой түзейміз. Бірақ сіздің неге ескерткішіңіз жоқ?» деп сұрағанда Елбасы: «Болашақта ұрпағымыз Қазақстанды қарыштатқан осындай тұлғаға неге ескерткіш орнатпаймыз? деп айтқаны жақсы емес пе?!» деп жауап беріпті. Сол ескерткіш, міне, енді орнатылып жатыр. Қанша уақыт өтсе де, сол ескерткіштің тарихи маңызы зор болып қалады деп ойлаймын.

Талай жыл бұрын елордаға көшіп келгенімде маған тілшілер: «сіз астананың дамуына қандай үлес қосып жатырсыз?» деген сұрақ қойды. Ақын-жазушылар өлең жазып, шығармашылықпен айналысқаннан басқа қандай үлес қоссын. Бірақ мен шынымды айттым. «Елбасы Есілдің бойынан қала жасаса, мен сол қалада ойнайтын бала жасадым. Қазір ұлым бар», – дедім.

Пародияға ілігер тұлғалардың таусылғаны рас па?

– Сұхбаттарыңыздың бірінде «пародияға ілігер тұлғалар таусылды» депсіз. Одан бері он шақты жыл өтіпті. Әлі де осындай ойдасыз ба?

– Жоқ, қазір бар. Мысалы, Иманғали Тасмағамбетовке неге пародия жасамасқа?! Оған пародия жасай отырып, оның көзқарасы мен парасат-пайымын беруге болады. Сол сияқты сексенге келген Амангелді Айталы қариямызға неге пародия жасамасқа?! Қандай қайреткер?! Қазақтың әдет-ғұрпын, дәстүрін, салтын сақтай отырып, әлемдік деңгейде ойлайтын Қазақстанның болашағы үшін қабырғасын қаусатып жүрген қариямыз ғой. Сонымен қатар Ержан Максим, Данелья Төлешова, Димаш Құдайберген сияқты біздің жас әншілеріміз шығып жатыр. Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің рекордын жаңартқан Қарағандыдан бір спортшы шықты. Осыларға пародия жасауға болады. Мұндағы мақсат оларды дәріптеу емес, сол арқылы кем-кетікті жеткізіп отырса ғажап дүние болар еді. Сондай-ақ Парламентте бірнеше рет сайланып, бірақ үндемей отырған депутаттарға да неге пародия жасамасқа?! Олардың үнін де шығару керек қой. Немесе іркес-тіркес бірінің шаңына бірі көміліп жатқан әзіл-сықақ театрларына да пародия жасауға болады.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Нұрдәулет Кәкіштегі