Әлемдік театрлардан асып түсуге мүмкіндігіміз жетеді – А. Маемиров

0
909

«Музыкалық жас көрермен» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер Асхат Маемировпен сұхбат құрдық.

– Өнер ордасының ерекшелігі неде? Сіздер үшін қай театр үлгі?

– Бір ерекшелік, қойылымдардағы рөлдердің барлығы жанды дауыста орындалады. Театрдың шымылдығын түрген «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасында бірде-бір фонограмма қолданылмады. Театр – әртіс пен көрерменнің арасын байланыстыратын шынайы өнер. Сол көпірде сезім, сенім шындығы бар ма, сол маңызды. Көрерменнің көкейіндегісін тап басып, жүрегінің түкпірінде жасырынып жатқан сезім алауын тұтату мақсатымыз.

Бізге Мәскеудің мемлекеттік академиялық музыкалық балалар мен жасөспірімдер театры үлгі. Оларда музыкалық ертегілер, мюзиклдер, оперетталар, әлемдік, орыс драматургиясының небір інжу-маржандары сахналанады. Балаларға арналған музыкалардан концерт, спектакльдер қойылады, өздерінің шағын оркестрі де бар. Қазір немере тәрбиелеп отырған атамын. Бірде өзіме «Балалар үшін сен не істеп жатсың?» деген сұрақ қойдым. Тек қана театрдың репертуарлық саясатын жүргізумен шектелмей, ағартушылық жұмыспен де айналысқым келеді. Балалар қойылым тамашалауға келгенде ұлттық, классикалық аспаптармен танысса дейміз. Себебі болашақ опера-балет, театр көрермендерін тәрбиелеуіміз қажет.

– Сонда театрда да фонограмма қолданыла ма?

– Негізінен, көп театрларда хорларды фонограммаға жаздырып алып айтады. Жасыратыны жоқ, аймақтық театрлар да көп қолданылады. Десе де өзіме Жастар театры қатты ұнайды, тек қана жанды дауыста орындайды. Номад театры да солай, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының әртістері де фонограммаға жүгінбейді. Біз де солар сияқты өзге театрларға үлгі болып, жасандылықтан біржола бас тартуды ұйғардық.

– Театрдың Мәскеудің мемлекеттік академиялық музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрымен тең түсуге қарым-қабілеті жете ме? Режиссер, актерлердің кәсіби шеберлігі қалай?

– Театрдың тірегі – актер мен режиссер. Қойылымды көрерменге жеткізуші әртістер. Қазіргі таңда актерлік құрамның көшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Канн халықаралық фестивалінің жеңімпазы С.Еслямова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Айтжанов бастап тұр. Оны Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының иегерлері А.Өтепберген мен А.Төлепов жалғастырады. Ә.Макин жұмыс істейді, Е.Садырбаев (Әміре), Р.Ұсманов, С.Мұқашев, А.Амандықов, А.Ғұмаров, Л.Темірхан, З.Сапар, С.Кеңшілік, А.Сүндет сынды болашағынан үлкен үміт күттіретін 50 актеріміз бар. Жақында Өнер академиясының 4-курс студенті, театрымыздың әртісі Дария Болсанбек эстрада номинациясы бойынша Мемлекеттік дарын жастар сыйлығына ие болды. Күні кеше тағы да сүйінші хабар алдық, Аян Өтепберген Президенттік стипендия иегері атанды. Сонымен қатар жас режиссерлермен жұмыс істейміз. Себебі олардың жаңашылдығы басым. Жақында режиссер Ерназар Жаңатілек «Ұлдар» қойылымын сахналайды. Менің мақсатым да сол – жастарды қолдау. «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасын әдейі Мирас Әбілге жаздырдым. Себебі жастардың көзімен жазылған дүние жастардың жүрегіне жол табады. Егер жастарымыз мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етсе, кез келген әлемдік театрлардан асып түсуге мүмкіндігіміз жетеді.

– Театр өнерпаздарының басым бөлігі өз шәкірттеріңіз екен. Актерлік құрам қалай таңдалды? Таныс арқылы ма, әлде кастинг ұйымдастырылды ма?

– Қыркүйектің 28-30 күндері кастинг ұйымдастырдық. Музыкалық жас көрермен театры болғандықтан, «музыкалық театр әртісі» мамандығы бойынша білім алған кәсіби актерлер қабылданды. Себебі оркестр, хормен ән айту, ариаларды жаттау кәсіби біліктілікті талап етеді. Ал іріктеу кезінде Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткеркерлері Д.Хамзина, А.Бермұхамбетова, С.Еслямова мен Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаеваның өзі төрелік етті.

– Танымалдарды тарту арқылы театрдың имиджін көтергілеріңіз келетін шығар. Осы тұста белгілі киноактерлер театр сахнасында қаншалықты кинодағыдай жарқырап көріне алады? Бұл сахна оларға тарлық етпей ме?

– Иә, көрермен театрға қойылым көруге емес, сүйікті актерінің өнерін тамашалауға келеді. Самалмен бір университетте білім алғанбыз. Берік Айтжановтың шығармашылығын ерекше құрметтеймін. Ал Аян, Асылхандар – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында 4 жыл дәріс берген шәкірттерім.

Сондықтан кино танымалдылыққа тез жеткізетіндіктен, оларды «киноактерлері» деп жатады көпшілік. Бірақ әртістеріміздің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, жүрегі театр деп соғады. Актердің бабын да, бағын да жандыратын театр. Себебі театрда 2 сағат бойы бір рөлді бастан аяқ сомдап шығады. Театр шеберлікті шыңдайтын ұстахана болса, ал кино – сол актердің театрда алған тәжірибесін камераның көмегімен миллиондаған көрерменге жеткізетін өнердің бір түрі ғана. Кино уақытша, ал актердің тұрақты, негізгі қызметі театрда. Барлығы дерлік штаттық қызметкерлер, уақытша емес. Репертуар көбейген сайын, сахнаға жиі шығады. Екінші жағынан, Еуропада драмалық сипаттағы спектакльдерді қоятын театрлар 150-200 адамнан аспайды. Себебі көрермен актердің жан тебіренісін, психологиялық иірімдерін жақыннан ғана сезіне алады.

Сақтық шаралары алынғаннан кейін көктем, бәлкім, жазға қарай екі аусыммен жұмыс істегіміз келеді. Бүкіл әлем бойынша балалар мен жасөспірімдер театрының миссиясы сол. Күндізгі сағат 11:00 мен 15:00-де күніне екі қойылымнан балаларға арналған қойылымдарды қою жоспарда бар. Ал кешке үлкендерге арналған қойылымдар сахналанады. Аптаның 6 күнін түгелімен екі аусымдағы қойылымдарға арнағымыз келеді.

– Мектеп оқушыларының арасынан аталған театрдың сахнасында шыңдалып, келешекте кәсіби актер атанар шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма?

– Індет аяқталған соң балалар шығармашылығына арналған театр өнерінің студиясын ашамыз, яғни балғындарымыз актерлік шеберлік бойынша білім алып, театр сахнасында тәжірибеден өтеді. Игі істі қала әкімдігі мен Мәдениет басқармасы да қолдап отыр. Себебі балалар естіген ертегілерінде өздері ойнап жатса, нұр үстіне нұр. Рухы мықты елдің келешегі кемел болады.

Студияға театр өнеріне, драмаға құштар балаларды кастинг арқылы қабылдаймыз. Үш бағыт бойынша: 6-10 жас аралығында, орта буын – 10-14 жастағылар мен 14-17 жас аралығындағы жоғары сынып оқушылары қатыса алады. Әкімдік тарапынан қолдау болып, студияға әлеуметтік жоба мәртебесі берілсе, оқуды ақысыз етеміз. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына тегін болғанын қалаймын.

Жыл сайын таланттар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына қаржылай қолдау көрсететін демеушілер іздеймін. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп өзіме рухани ағартушылықты миссия етіп алдым. Әлеуметтік желі арқылы Қытай, Моңғолиядағы қазақ балаларының арасынан, біздегі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қазақ ұлттық өнер университетінен жүрегі өнер деп соғатын жастарды іздеймін. Сөйтіп жүргенде Өзбекстаның Науаии облысының Үшқұдық қаласынан Нұржас Садырбаев деген талантты таптым. Қазір Өнер университетінің бірінші курс студенті. Демеушілер табылмай жатса, өзім спектакльдер қоямын. Содан түскен қаражатты балалардың оқуына төлеймін. Осы уақытқа дейін 8 балам жоғары білім алып, бүгінде жақсы қызметтерде жүр. Бәрін туған баламдай көремін. Абзал Арапов, Әлішер Исмаилов, Мүшелхан Ғажайып деген шәкірттерім бар. Түркіменстаннан келген Мекан Жұмабаев қазір магистратурада оқып жатыр. Театрландырылған көріністерге, жаңа-жыл, наурыз, қарсаңындағы іс-шараларға қатысуымның да себебі сол. Түскен табыстан талантты балаларға көмектессем екен деген мақсат мендегі. Себебі солардың арасынан болашақ өнер тұлғалары шықса екен деймін, оны өздері де жақсы біледі.

– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта «Балалар спектакліне билетті мәжбүрлеп сатпаңдар, балаларды театрға күштеп апармаңдар» деген сияқты пікірлер жиі айтылып жүр. Осыған қалай қарайсыз, өздеріңіз мектеп оқушыларымен қалай байланыс орнатасыздар?

– Мәжбүрлеу болмайды, себебі бұл – шағын театр. Меніңше, театрға бала өзінің жүрек қалауымен ғана келуі керек. Осы тұста жауапкершілік ұлт болашағын ойлаған мұғалім мен ата-анаға жүктеледі. Жалпы, билет құны әзірге нақты емес, ол 3-4 айда жан-жақты зерттеліп, анықталады. Менің ойымша, мектеп оқушыларына 200 бен 500 теңгенің шамасында болады. Десе де арнайы екі қатарды сол аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына арнап, қойылымдарды ақысыз тамашалуына мүмкіндік беруді ойға алып отырмыз.

– Репертуарды қалай таңдайсыздар? Философиялық ойға толуы болуы керек пе әлде сахнаны безендіру мен костюмдерге мән бересіздер ме? Жалпы, қандай премьералар мен жаңаша сипаттағы спектакльдерді сахналау жоспарда бар?

– Алдымызда 5 премьера тұр. Бұл жыл 2 қойылыммен аяқталады. Желтоқсанның 27-28 күндері Ф.Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романының 10-бөлімі негізінде «Ұлдар» спектаклін сахналаймыз. Қаңтар айында «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклы мен «Шәмші» қойылымы ұсынылады. Ақпан айында ұлы ақын М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Ғашық жүрек» музыкалық қойылымы көрерменге жол тартады. Болашақта Б.Соқпақбаев. Т.Нұрмағамбетов, С.Сарғасқаев, С.Мұратбеков, Р.Мұқанова, Қ.Ысқақтың балаларға арналған туындыларын сахналау жоспарда тұр.

Шетелдік танымал туындылар орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде сахналануы қажет. Себебі астанада ағылшын тілді оқытатын мектептер бар, демек ағылшын тілді көрермен де табылады. А.Чеховтың «Шағаласын» қазақ, орыс тілдерінде қойғымыз келеді. Бұл өз кезегінде театрдың табысына да оң әсерін тигізеді.

Спектакльдің ең әуелі рухы, яғни идеясы мықты болуы керек. Мен де мән бермейтін дүние жоқ. Жазылған пьесадан бастап кішігірім реквизитке дейін назарымнан тыс қалмайды. Себебі өнерде ұсақ-түйек деген дүние жоқ.

Театрды америкалық абсурд бағытындағы драматург Эдвард Олби, Шекспирсіз елестету мүмкін емес. Қазір театрдың стратегиялық жоспарларын жасап жатырмыз. Жас ұрпаққа өздеріне таныс кейіпкерлер мен XXI ғасыр қаһармандары керек. Өмірден ерте өткен, қазақтың көк байрағын әлемге желбіреткен Бекзат Сатарханов туралы спектакль қою ойда бар. Оның трагедиясын емес, жасампаз рух иесі екенін көрсеткіміз келді. Соған арнайы пьеса жаздыруды жоспарлап жүрмін.

– Байқауымша, әзірге шақырту билеті барлар ғана қойылым тамашалай алады екен. Қарапайым қала тұрғындарына билетке қалай қол жеткізуге болады?

– Әзірге билет бағасы бекітілмеді, көрермендерді наурыз айының соңына дейін шақырту билетімен ғана қабылдаймыз. Театрдың әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында түрлі байқаулар мен сұрақ-жауаптар ұйымдастырылып отырады. Сол жарыстарға қатысып, тегін шақырту билеттерін ұтып алуға болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Наима Нұралықызы