Астанадан Жидебайға дейінгі мың шақырым: Веломарафоншы сапардан алған әсерімен бөлісті

0
292

Абайдың 175 жылдығына орай Нұр-Сұлтан – Жидебай 1 000 шақырымдық веломарафонына қатысқан әріптесіміз, «Астана ақшамы» газетінің тілшісі, әуесқой велошабандоз Дәулетқали Асауов Елорда Инфо тілшісіне сұхбат берді.

– Дәулетқали Сейітқалиұлы, Жидебайға велосипедпен қалай барып-келдіңіздер?

–  Жақсы барып-келдік. Жұртшылық бұл сапарымызды жақсы қабылдады. Қолдауы, бата-тілегі бізді рухтандырды.

Фото: Дәулетқали Асауов/Facebook

– Жолда қандай қызықтар және қиындықтар болды?

– Жидебайға елордадағы Абай ескерткішінің алдынан 2 қыркүйек күні шықтық. Мың шақырымдық жолды күніне 100 шақырымдап жүріп отырсақ, 10 күнде жетеміз деп жоспарлағанбыз. Содан сапарымыздың алғашқы күні тыңбыз, бойымыздағы желік бар дегендей, Ерейментауға дейін 165 шақырым жүріп бірақ тоқтадық. Екінші күні Ерейментаудан Екібастұзға дейін 160 шақырымдай жүрдік. Сонымен 10 күнге жоспарлаған сапарымызды 8 күнде аяқтадық. Алтыншы күні Семейге барған соң бір күн аялдап, бірқатар шараға қатыстық. Абай ескерткішіне гүл шоғын қойып, Алаш арыстарының музейінде, Абай арена спорт кешенінде болдық. Облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі кәсіпкер Марат Құрманбай қонақ қылды. Абайтанушы ғалым Асан Омар ағамыздың шаңырағына да бардық.

Фото: Дәулетқали Асауов/Facebook

Біз жауын-шашын сияқты кез келген жағдайға дайындалып шыққанбыз. Жолда әртүрлі қиындықтар болды. Қарсы алдымыздан жел соқты арасында. Велосипедтеріміздің ұсақ-түйек бұзылған жерлерін жөндеп отырдық. Астанадан Павлодарға дейін автобан жол болса, Павлодардан Семейге дейінгі жол да тақтайдай тегіс екен.

– Шаршап, аяқ талған кездер болды ма?

– Мен соңғы 5 жылдан бері тұрақты түрде велосипедпен жүремін қала ішінде. Одан бөлек, күнделікті жүгіріп-секіру, белтемірге тартылу сияқты басқа да жаттығуларды ұдайы жасап тұрамын. Жолсапарға 1 ай қызу дайындық жүргіздік. Мысалы, елордадан 18 шақырым қашықта орналасқан «Үркер» тұрғын алабына барып-қайтып, 36 км жүрдім. Одан кейін 30 шақырымнан 60 шақырым Тайтөбеге барып қайттым. Тағы бірде 50 км болатын елдімекенге барыс-қайтыс жолым 100 км болды. Сөйтіп өз-өзімізді шыңдап, дайындалдық. Дегенмен күнделікті 100 шақырымдық жол шаршатады адамды. Мойын, арқа, аяқ талады. Түнеуге барған жерлерімізде ұзақ әңгімелесуге мұршамыз болмай, мұрттай ұшамыз. Есесіне ертесінде сергек боп тұрамыз. Жол мұраты – жету болғандықтан, аздаған қиындықтарға шыдадық.

– Бұл кімнің идеясы? Мұндай ой қайдан келді?

– Бұл – ағылшын тілінің маманы Ернат Мелсұлы бауырымыздың идеясы. Ол бұған дейін бірнеше велошеру жасаған. Астанадан Қарағанды облысының Ақтоғай ауданының 90 жылдығының құрметіне Ақтоғайға арнайы барып келген. Бұдан басқа тағы да бірнеше жерге барған. Үшінші үзеңгі жолдасымыз археолог, Ақмола облыстық өлкетану мұражайының қызметкері Жасұлан Үкеев те бірнеше велошеруге қатысқан екен. Екеуі де спортты серік еткен жігіттер. Ернат жүгіруден марафондарға қатысып тұрады. Жасұлан қыс бойы шаңғы теуіп шығады. Мен де спорттан құр алақан емеспін. Ернат осы ұсынысты жасаған кезде қуана келістім. Биылғы індетке байланысты Абайдың тойы дүркіреп өтпегендігі көңілге кірбің түсіріп жүрген еді. Абайдың 175 жылдығына арналған бұл велошеру бір серпілтіп тастады.

Фото: Дәулетқали Асауов/Facebook

Мың шақырымдық жолға велосипедпен шығуға кез келген адамның тәуекел жасамайтыны белгілі. Біз тәуекел жасағаннан кейін барынша дайындалдық. Көлігімізді жаңарттық. Дегенмен ұзақ жол қойсын ба, үшеуміздің де велосипедіміз бұзылды. Ернаттың екі дөңгелегі жарылды. Жасұланның артқы жағындағы алты шабағы кетті. Артып алған жүгіміз бар-тұғын. Менің рөлімнен ақау шықты. Дер кезінде жөндеп отырдық. Көлік жағынан қатты қиындық болмады. Денсаулық жағына келетін болсақ, мен осыдан 20 жылдан аса уақыт бұрын бесінші қабаттан құлап, аяғымды сындырған едім. Астанадан жолға шыққанда күн ыстық болған. Қысқа шалбармен жүрдік. Екінші күні Ерейментаудан Екібастұзға шыққанымызда күн бұлттанып, жел тұрды. Ызғарлы жел тура бұрын сындырған оң аяқ жағымнан соғып, біраз тоңазып қалды. 160 шақырымдай жүріп, Екібастұзға жеткенімізде тізем бастырмай қалды. «Енді не істесем болады? Мына түріммен Жидебайға қалай жетемін?» деп қатты алаңдадым. Бірақ «еңбектесем де, веловипедімді сүйретсем де, қалай да Жидебайға жетемін» деп өзіме серт бердім. Содан аяғыма түрлі жақпа май жағып, қалыңдау киініп, бір Аллаға сыйынып, Павлодарға аттандық. Бірақ аяғым жақпа майға жазылмаған соң Павлодарда тұратын сыныптас досыма хабарласып, оған қойдың құйрығын тауып қоюын тапсырдым. Біз жеткенше ол да тауып қойыпты. Жалпы, қой барлық дәруменін құйрығына жинайды ғой. Өзіміз қой бағып өскен ауылдың баласымыз. Қойдың құйрығының қасиетін білеміз. Сөйтіп қойдың шикі құйрығын тіземе тартып байлап алдым. Сол Семейге дейін суықты сорып алған сияқты. Бірнеше күн бойы тіземе байлап жүрдім. Соның арқасында сапарды сәтті аяқтадым деуге болады.

Айта кету керек, тас жолының бойында жүк көліктері мен автобустар қасымыздан өткенде ештеңеге алаңдамай, рөлге ие болып отырмасаң, желпіп өткен желі ұшырып жібере жаздайды екен. Содан соң көліктердің дөңгелегінен тас шашырайтын жағдай да кездеседі. Сондай кезде тастақ жолмен жүруге тура келеді. Онда да аса абай болмасаң, тас айналдырып апарып көліктің астына лақтырып жіберуі мүмкін. Осындай жағдайларда аса сақтық шараларын жасадық.

– Қазір қалай аяғыңыз?

–  Шүкір, тәуір боп қалды.

– Велосипедіңіз қандай? Кәсіби велошабандоздарға арналған көлік құралы ма?

– Жоқ, кәсіби емес. Мен бұл велосипедті 5 жыл бұрын салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жай ғана қала ішінде жүріп тұру үшін сатып алғанмын. Сол кездегі бағасы 45 мың теңге болды. Қытайдың өнімі болуы керек, қателеспесем. Оның кәсіби велосипедтермен салыстырғанда айырмашщылығы жер мен көктей. Неге десеңіз, кәсіби велосипедтердің дөңгелегінің кернеуі 9,5-ке дейін барады. Ал менікі 3-3,5 қана. Содан соң Семейге барғанда қаланың Велосипедшілер қауымдастығының өкілдерімен кездескенімізде олар велокөліктерінің жылдамдығы 60 км/сағат екенін айтты. Ал біздікінің жылдамдығы шамамен 30 км/сағатқа дейін екен. Оны Семейден Жидебайға дейін бізді таспаға түсірген «Semeі» телеарнасының операторлары айтты. Велосипедшілер қауымдастығының жігіттері біздің велокөліктерімізді көріп, «мұндай велосипедпен 1 000 км жол жүру мүмкін емес, қалай жеткенсіңдер?» деп таңдай қақты.

– Айтпақшы сіздермен бірге жол бойы көлік бірге жүрді ме?

– Жоқ, бізбен көлік ерген жоқ. Тек Семейден Жидебайға дейінгі жолымызды «Semei» телеарнасы толықтай түсірді. Соңымыздан, қырымыздан, арасында алысқа ұзап кетіп, алдымыздан түсіріп отырды. Жидебайға жете бере өрге қарай шыққанымызда қарсы бағыттан қатты жел соғып, сол телеарнаның көлігін қалқалап жүрдік.

– Сіздерге жолда тілеулестік білдірген жолаушылар көп болған шығар. Ал ерегескендер болмады ма?

– Ондайлар болмады. Керісінше, тілеулестік білдіргендер өте көп болды. Көліктегілердің көбі бипылдатып өтіп жатты. Кейбіреуі тоқтап, суларын ұсынып, енді бірі құрт-бауырсағын беріп, пейілдерін білдірді. Фотосуретке түстік көбімен. Жалпы, Абайға деген халықтың ықыласы бөлек қой. Жолсапарымыз туралы халық құлағдар болып отыр екен. Біздің велошеруіміз туралы бірқатар БАҚ, әртүрлі YouTube арналары насихаттап, хабарлаған болатын. Олардың барлығына ризашылығымды білдіремін.

– Соңғы сұрақ бұл велошеруден қандай тәжірибе алдыңыз, қандай ой түйдіңіз?

– Семей жері киелі мекенге бай ғой. Жолай көптеген киелі орындарға соқтық. Семейге 80 шақырым жердегі Аққулы деген елдімекенде бірде-бір шегесіз ХІХ ғасырда салынған ескі мешітті көрдік. Мемлекеттің қарауынсыз тозыңқырап қалыпты. Соған жергілікті билік назар салса деген тілегіміз бар.

«Еңлік-Кебек» ескерткішіне де соқтық. Жидебайға жетпес бұрын ең алдымен, күрежолдың оң бүйірінде 21 шақырым қиғаш жатқан Ақшоқыдағы Құнанбай қажы қорымына барып зиярат еттік, құран оқыттық, Құнанбай музейімен таныстық. Сөйтіп 42 шақырым айналып келіп, тас жолға қайта түсіп, веломарафонымызды әрі қарай жалғастырдық. Осы сапарымызда Жидебайға жеткенше сегіз күн жол жүріп, 1 088 шақырымды артқа тастаппыз. Абай еліндегі жұртшылық бізді үлкен қошеметпен, сән-салтанатпен, хәкімнің әндерін шырқап қарсы алды.

Фото: Дәулетқали Асауов/Facebook

Абай елінде Шәкәрім мен Абай мемориалдық кешеніне барып, тағзым етіп, құран оқыттық. ­Кеңгірбай бабаның мешітінде болып, зиратының басына зиярат еттік. Мұхтар Әуезов өскен Бөрілі ауылына арнайы бұрылып, мұражайына бас сұқтық. Абайдың Сырт Қасқабұлағынан су ішіп қайттық.
Сөйтіп 12 қыркүйек күні велошеруімізді аяқтап, астанаға қайттық. Осы сапар барысында бізге тілеулес болған барша қауымға басымызды иіп, алғысымызды айтамыз.

Бұл сапар бізді ерекше әсерге бөледі. Абайдың табанының табы қалған мекенде жүргенімізде бөлекше сезімде болдық. Мысалы, қытайлықтар Конфуцийді ұлықтап, өздерінің шамшырағы ретінде көреді. Ал біздің шамшырағымыз – Абай. Яғни Абай жолы – қазақтың жолы. Бұл сапардағы басты мақсатымыз да осыған саяды. Осы тұрғыдағы мақсатымызға жеттік деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рақмет!