Қалалықтар

Нұр-Сұлтанда мұқтаж жандарға құрбандық еті таратылды

Астанада мұқтаж жандарға құрбандық еті таратылып жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Әкімдік мәліметінше, биыл қала әкімдігі мен мүфтияттың бірлескен күшімен qurban2021.kz сайты арқылы онлайн құрбандық шалу ұйымдастырылды.

«Астанада пандемияға байланысты qurban2021.kz сайты арқылы, яғни онлайн құрбандық шалу жүріп жатыр. Қазір елордадағы 3 жарым мыңнан астам мұқтаж жанға үлестіріп жатырмыз. Құрбан айттың бірінші күні 700 пакет құрбандық етін тараттық. Бүгін 1 500-ден астам пакет бар», – деді Нұр-Сұлтанның Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Алмұханов.

Еріктілер құрбандық етін бөлуге, таратуға көмектеседі. Автоволонтерлер бұл пакеттерді өз машиналарымен көрсетілген мекенжай бойынша тасымалдап жатыр.

«Қала тұрғындарына ет тарату жұмыстары жүріп жатыр. Ол әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға жеткізіледі. Тұрғындарға жақсы көңіл-күй сыйлап, мерекемен құттықтап шығып жатырмыз», – деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Биыл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және адамдардың жаппай жиналуына жол бермеу мақсатында мал союға арналған дәстүрлі орындар, яғни базарлар, шаруа қожалықтары жабылды.

«Көпбалалы анамын. Аллаға шүкір, 8 балам бар, немерем бар. Құрбан айтта бізді ұмытпай келіп, уақыттарыңызды бөліп құттықтап жатқандарыңызға рақмет! Осының бәрін ұйымдастырған Нұр-Сұлтан әкімдігіне ерекше алғыс!» – деп ризашылығын білдірді көпбалалы ана Әсел Әлімжанова.

«Құрбан айт мерекелеріңіз құтты болсын! Көпбалалы аналарға келіп, тұрып жатқан жерімізді көріп, жағдайымызды біліп жатқандарыңызға алғысымыз шексіз!» – деді көпбалалы ана Нұргүл Бердібаева.

Астана әкімдігінің бастамасымен елордада соңғы жарты жыл «Қайырымды істер» ұранымен өтіп жатыр. «Игі істер» марафоны аясында еріктілер, әкімдік қызметкерлері, елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, бизнесмендер мұқтаж азаматтарға, яғни көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған әрі ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге 10 мыңнан астам азық-түлік себетін таратты. Оларға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетілді. «Игі істер марафоны» республикалық жобасы аясында жыл басынан бері қалада 300-ден астам түрлі форматтағы іс-шара жүзеге асты. Атаулы әлеуметтік көмек және қолдау 66 мыңнан астам адамға көрсетілді.

elorda.info

Back to top button