Асхат Маемиров: Менің жырым – «жас ұрпақ қамы», Сенің жырың – кімдікі?

0
351

Елорда Инфо оқырман назарына театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Өнертану PhD докторы, профессор Асхат Маемировтың мақаласын ұсынады.

***

Хакім Абайдың заманынан келе жатқан қазақ бойындағы ең жағымсыз әрекеттің бірі – ақиқаттың байыбына бармай, істің тереңіне бойламай «домалақ арыз» жазу. Жалғандағы ең бір жағымсыз дүние – өзінің нақты кім екендігін айтуға жүрегі дауалмайтын, жасырын есімнің артына тығылып жалған ақпарат таратқан адамға жауап беру.

Қазақстанның баспасөз кеңістігінде, журналистика, руханият, білім саласында да Сардар Әбдіжақия деген адам бар екендігін естімеппін. Көп адамнан сұрадым. Ешкім білмейді.

Дегенмен, жазу стилі «арыз жазу ғылымдарының докторы» іспеттес «жазғышбек» бір адамды еске түсіретін Сардар Әбдіжақияға елордалық өнерге іңкәр балалар мен жасөспірімдердің атынан жауап берейін.

Кез келген мемлекеттің өркениетті елге айналуына, адамзаттық құндылықтарды бойына сіңіруіне ықпал ететін басты фактордың бірі – ұлттың рухани болмысы, мәдени құндылықтары, өнері. Бұл ешқандай да дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Елбасымыздың астананы осы Сарыарқаның төріне көшіруіне де сол биік мақсат, елдік мүдде арқау болды. Еуразия кеңістігінде теңдесі сәулеті мен руханияты, өнері мен мәдениеті ерекше жарасым тапқан елорданы тұрғызу еді.

Арман ақиқатқа айналды. Мақсат орындалды. Елордамызды төрткүл дүние таныды. Жиырма екі жылға қадам басқан елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында әлемді аузына қаратқан мәдениет ордалары бой көтерді. Қазақ Ұлттық өнер университеті мен Хореография академиясы, ұлттық музей, ұлттық кітапхана, сондай-ақ отандық және әлемдік классикалық бірегей туындыларды сахналап жүрген  «Астана Опера», «Астана Балет», Академиялық филармония, «Қазақконцерт», «Астана Мюзикл» ұжымдарымен бірге Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының заманауи талаптарға сай салынған жаңа ғимаратының да санаулы күнде тұсауы кесіледі.

Мұндай кәсіби өнер ұжымдары – ұлттың мәдени бренді және халықты рухани құндылықтармен  тілдестіретін қасиетті шаңырақтар.

Осынау рухани ордалардың талғамы биік, өресі озық бекзат көрермендерін тәрбиелеу – бала жастан басталады. Себебі, елдің ертеңі жас ұрпақтың ұлағаты мен тағылымына байланысты.

Нұр-Сұлтан қаласында жас балапандарымыздың сүйікті шаңырағы – «Қуыршақ театры» бар. Немерем Айзере екеуміз – бұл театрдың тұрақты көрерменіміз. Қуыршақ театрының көрермендері – 3-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Репертуарлық саясаты да осы жас аралығындағы бүлдіршіндерге арналған.

Ал 13 жылдық тарихы бар «Жастар театры» ұжымының негізгі көрермені – жоғарғы оқу орындары мен арнайы кәсіптік оқу орындарының студенттері мен елордалық жұмысшы жастар тобын құрайды. Атауы айтып тұрғандай, Жастар театрының репертуарындағы қойылымдар  16-40 жас аралығындағы көрермендерге арналған.

Екі театрдың ортасында тек театр ғана емес, музыкалық жағынан қамтылмаған ұрпақтың ең негізгі бөлігі қалды. Олар – 8 бен 15 жас аралығындағы балалар мен жасөсіпірімдер, яғни мектеп оқушылары.

«Жаңадан ашылатын жастар мен жасөспірімдер театры не үшін қажет айтыңыздаршы?», – деп жазыпсыз.

Біріншіден, театрдың заңды атауын дұрыс жазған жөн – «Музыкалық жас көрермен театры» (орысша атауы «Музыкальный театр юного зрителя»).

Мемлекетімізде бірер жылдар бұрын жаңадан мекеме ашуға мараторий жарияланған заң бар екені белгілі. Ол заң бәріне ортақ. Ендеше, Нұр-Сұлтан әкімдігі де заңды аттап өте алмайды.

Сондықтан, қала әкімдігі жаңадан театр ашты деу – қате! Елордада қала бюджетінен шығын шығарылып жаңа театр ашылған жоқ. Бұл басы ашық нәрсе. Музыкалық жас көрермен театры – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қаулысымен және мемлекеттік органдарда жарғысының қайта бекітілуіне байланысты бұрынғы балаларға қызмет еткен «Достық» спорт комбинатының негізінде жұмысын жалғастыруда. Яғни, комбинаттың әкімшілік-шаруашылық қызметкерлері музыкалық жас көрермен театрының қарауында қызметтерін жалғастырады.

Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне қараған Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры жаңа ғимаратқа көшуіне және қазан айынан бастап республикалық бюджет арқылы қаржыландырылуына байланысты,  Мәдениет және спорт министрлігіне басқаруына берілді.

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың қолдауымен Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ – Қаллеки Қуанышбаев театрына ғана жаңа ғимарат салынып пайдалануға берілуде. Бұл театрда бір жыл еңбек еткен кезімде (сіз жазғандай алты ай емес) театрдың заманауи талаптарға сай мүмкіндіктеріне тәнті болдым. Қазіргі уақытта аталмыш театр ұжымының басты мақсаты – халықаралық аренада кәсіби беделі жоғары, репертуарлық келбеті биік шаңырақ ретінде өнер тудыру. «Жаңа театр ашылды» деп, нені меңзеп, неге байбалам салып отырғаныңызды түсіне алмадым.

Ал жаңа театрға қоныс аударып жатқан Қ.Қуанышбаев театрының босаған бұрынғы ғимаратында (Ж.Омаров көшесі, 47 үй) – бюджеттен ешқандай шығын шығарылмай елордалық жас ұрпақтың (7-15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер) бойына рухани-эстетикалық құндылықтарды дарыту үшін музыкалық жас көрермендер ұжымы жұмысын жалғастырады.

200 көрерменге арналған бұл ескі театр ғимаратында кезінде Халық қаһарманы Ә.Мәмбетов, көрнекті режиссерлер Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаевтар сахналаған қойылымдарының декорациялары мен костюмдері сақталған.

Кезінде Целиноград партия комитетінің ғимараты болып, тәуелсіздік алған жылдардан бастап қазақ театрына берілген бұл өнер ордасындағы 20-дан астам балаларға арналған ертегі-қойылымдардың киім-декорациялары негізінде шығармашылық жұмыстар жалғасады.

Осы жылдың көктемінде ҚР Парламенті Сенатында арнайы көтерілген басты мәселенің бірі – отандық балалар әдебиеті мен драматургиясының арнайы жеткілікті дәрежеде насихатталмауы еді. Бұл туралы сенатор Н.Жүсіптің пікірі кейін баспасөз беттерінде жарияланып, халық қолдауына ие болды. Сондықтан еліміздегі өзекті мәселенің бір тетігі шешімін тауып, отандық балалар әдебиетінің озық үлгілері мен балаларға арналған музыкалық шығармаларды дәріптейтін шағын мәдени ұжымда, жас артистермен бірге өнерге қабілетті жас дарынды мектеп оқушылары да өз шығармашылығын шыңдайтын болады. Бұл жерде елордамыздағы мүмкіндігі шектеулі балалардың талантын шыңдау да көзделген.

Сондықтан да 8-15 жас аралығындағы балаларды, яғни оқушыларды эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу және олардың рухани әлеуетін жетілдіру – музыкалық жас көрермендер театрының мақсаты.

Мәскеуде балалар театрын ашқан КСРО Халық артисі Наталья Сац, Сіз секілді бүркеншік атпен «арыз жазғыш» жалақорлардың кесірінен отызыншы жылдардың қуғынын көріп, өмірінің 8 жылын «АЛЖИР» лагерінде өткізді. Сол соғыстың отты жылдары, елдің ахуалы өте қиын кезеңдерде Алматы қаласында 1944 жылы режиссер Н.Сац балалар мен жасөспірім театрын ашқан еді. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраса да, тіпті жанында күзетшілердің жүргеніне қарамастан, Отанның тағдыры қылкөпірден өткен сұрапыл кезеңде балалар мен жасөспірім театрын ашты даңқты режиссер. Балалар театры өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы және Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры – былтыр ғана өздерінің 75 жылдығын атап өтті. Дәл осы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ұлы балет артисі Галина Уланова алматылықтарды биімен ғана тамсандырып қоймай, хореография училищесінің оқушыларына сабақ беріп жатты. Тура осы уақытта Алматыға уақытша қоныс аударған «Мосфильм» павильонында даңқты режиссер С.Эйзенштейн «Иван Грозный» фильмін түсіріп жатты. Мақсат айқын – халықтың рухын биіктету, жасампаз істерге қолдау жасау.

Бұл мысалдар Сізге – жас өрендерімізге мәдени-рухани тәрбие берудің ролі қай ғасыр, қай кезеңде де өзекті екендігін ұқтыра ала ма, ұқтыра алмай ма білмеймін?!

Кейін Н.Сац жазықсыз жабылған жаладан ақталып, өзінің Мәскеуіне оралған бойда әлемдегі тұңғыш кәсіби музыкалық балалар театры – Ресей мемлекеттік академиялық музыкалық балалар мен жасөспірімдер театрын ашып өнер кеңістігінде үлкен құбылыс жасады. Қазір әлемге танымал балалар театры – КСРО Халық артисі, Еңбек Ері Н.Сац атында.

Әлемде аналогы сирек кездесетін Мәскеу қаласындағы Н.Сац атындағы театр секілді Нұр-Сұлтан қаласы музыкалық жас көрермендер театрының басты мақсаты – елордалық балалар мен жасөспірімдердің бойына рухани құндылықтарды дарыту. Яғни,  Отандық және әлемдік музыкалық ертегілер, балаларға арналған оперетталар, жасөспірімдерге арналған музыкалық қойылымдарды сахналау арқылы балаларға мектептен тыс тәрбие жұмыстарын жүргізу болып табылады.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жас ұрпаққа «ұлттық кодты сақтау» тұрғысында саналы рухта, эстетикалық бағытта тәрбиелеу – үлкен мақсат-мұраттардың бірі болса, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан Халқына арнаған жолдауында «Отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру» деген атаумен, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты қадау-қадау мәселелердің нақты механизмін түсіндірген.

Балалар санасының қалыптасуына әсер ету, бала қабілетін шыңдауға жағдай туғызу – өркениетті елдердің күн тәртібіндегі басты мәселе.

Қала әкімдігі былтырдан бері елордалық ата-аналардан түскен балаларға арналған театр ашу туралы ұсыныстарды ескерді. Сіздің бала өміріндегі өнер функцияларының атқаратын қызметін кәсіби тұрғыда ұғыну деңгейіңізді білмеймін. Егер, «домалақ арыз жазудан бөлек» шығармашылық жұмыстарыңыз, қайраткерлік қызметіңіз елге, ұлтқа таныс болса – пікіріңізді тыңдауға болар еді?!

Өнер кеңістігін кәсіби саралаған, театр әлеміндегі жас ұрпақтың ролін жете түсінетін ел азаматтары – балаларға арналған музыкалық театрдың ашылуына қолдау жасауда. Олардың қатарында – Қазақ өнерінің абызы – Асанәлі Әшімов, М.Әуезов театрының директоры Еркін Жуасбек, Ғ.Мүсірепов театрының директоры А.Сатыбалды, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Т.Есенәлиев, «Астана Опера» театрының директоры Ғ.Ахмедьяров, Қазақтың Қызжібегі – М.Өтекешова, профессор Р.Машурова, Г.Әспетова секілді жүздеген өнер қайраткерлері бар. Мұның сыртында бала кездерінен театрды сүйіп өскен қаншама ғалымдар мен ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерінің ризашылық сезімі бар.

Тағы айтарым!

Қазақстан Республикасының заңнамалары бойынша мемлекетіміздің барлық азаматтары пікірін ашық және еркін айтуға ерікті. Алайда, комментарий жазу кезінде жалған атпен пікір қалдыру немесе көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату әкімшілік құқық бұзу заңдарына сәйкес, жауапқа тартылатынын қаперіңізге саламын.

Неге?

Мені, «елорда әкімі А.Көлгіновпен ауыз жаласып, туыстығын дәл осылай пайдаланады ма?» – деп даттапсыз.

Қып-қызыл өтірік.

Екеуміз Қазақстанның бір-бірінен өте шалғай жатқан екі аймағында дүние есігін ашқан жандармыз. Ешқандай да туысқандығымыз, тамырлығымыз да жоқ. Иә, Мен де – Әкіміміз сияқты ауылдағы қарапайым он бала тәрбиелеген отбасында туып-өстім.

Туған өлкемізде әулетімізді «Ұстаздар шыққан отбасы» деп атайды. Немере түгілі Наримандай студент-шөбересін үйлендіргелі отырған 87 жастағы анам Дәния Уәлиқызы – мәдениет қызметкері. Өнерге жолдан қосылған көлденең көк атты емеспін. Театрға бала жастан ғашық болғандықтан, «режиссура» мамандығын қыр-сырын кәсіби тану үшін мамандық, бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша 14 жыл ғылыми-шығармашылық білім алдым.

«Болашақ» халықаралық бағдарламасымен 3 жыл магистрлік білім алып Еуропаның өнер кеңістігін кәсіби тұрғыда танып білген ең алғашқылардың бірімін.

«Қазақ әуендері, Қазақ концерт, М. Әуезов атындағы театр және Т. Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясын басқара алмай абыройсыз кетіп», – деп жазасыз.

Дәлеліңіз бар ма?

Бұл мекемелер – Есеп комитеті секілді мемлекеттік органдар тексеру жүргізетін мекемелер. «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамында 3 жыл басқардым. Ел мәдениетінің имиджін көтеретін халықаралық, республикалық фестивальдер мен форумдар, байқаулар мен өнер додаларын, мемлекеттік масштабтағы салтанатты концерттер мен театрландырылған қойылымдарды осы жерде жүріп абыроймен өткіздім.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында бір жыл директор болғаныммен, осы ұжымға бағынатын «Астана Мюзикл» мемлекеттік театрына 3 жыл көркемдік жетекші болдым.

Осы кезеңде Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандағы Қазақстан мәдениеті» жобасымен әлем астаналары – Париж, Вена, Брюссель, Берлин, Мәскеу қалаларында  өзім сахналаған «Қыз Жібек» этно-фолькорлық мюзиклін шет елдік талғампаз көрерменге ұсындық. Ұлы дала театрының әлем сахналарында паш еткен артистер – кілең өрімдей қазақтың өнерлі қыздары мен жігіттері еді.

Кейін, М.Әуезов театрын басқарған кезеңде ел тарихында тұңғыш рет «Қорқыт» және «Қыз Жібек» қойылымдарымен Франциядағы дүниежүзілік  Авиньон театр фестивалдеріне қатысып, биік дәрежеде өнер көрсеттік.

Француз тілі мен мәдениетін танып-білуімнің арқасында әлемге танымал композиторлар Ж.Персгурвик пен Р.Коччантелермен шығармашылық тығыз байланыстың арқасында «Ромео мен Джульетта», «Нотр Дам де Пари» қойылымдарын елімізде сахналап, қазақ тілінде дарынды жастарымыз ойнаған бұл мюзиклді 50 мыңнан астам көрермен тамашалады.

Т.Жүргенов академиясы – өзімнің түлеп ұшқан алтын ұям. Ол жердегі профессорлық-оқытушылық құрамның алдында жүзім ашық. Тіпті әлі күнге магистрлік, докторлық жұмыстарға ғылыми кеңесшілік жасаймын.

Әлем таныған режиссерлер мен композиторлар Р.Стуруа, Г.Маргвелашвили, Д.Дуяшвили (Грузия), Д.Папава (Ұлыбритания), Ж.Пресгурвик (Щвейцария), Р.Коччанте, Н.Талар, Э.Фламонд (Франция), Ю.Альщиц, К.Шмелер (Германия), Т.Сузуки (Жапония), И.Вайткус, О.Коршуновас (Литва), Г.Яжина (Польша) және ТМД аймағындағы жүздеген өнер қайраткерлерімен өте тығыз шығармашылық байланыстамын. Егер шет тілін біліп, әлем таныған суреткерлермен тілдескеңіз келсе, мархабат! Таныстыруға әзірмін.

Бір ескертерім – кәсіби өресі биік бұл азаматтардың «жалақор-арызқойлармен» сөйлесуі екіталай.

Ал Алаш өнерінің абыздары атанған Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Сатыбалды Нарымбетов бастаған алыптар – менің сырлас, тілеулес, аяулы ағаларым.

М.Әуезов театры мен өнер академиясындағы ректорлық жұмыс жасауымның бір жылдан болғандығының себебін  – осы салаға қатысты министрліктен шын аты-жөніңізді көрсетіп, ресми түрде сұрағаныңыз жөн шығар. Бір айтарым, қазіргі басшылық жұмысым мәдениет және спорт министрлігіне бағынбағанымен, министрлік өткізетін мемлекеттік салтанатты концерттер мен кештердің сценариін жазамын және режиссерлік жасаймын. Көзіңіз жетуі үшін Министрлікпен өткізген соңғы шарам – Қазақстан Конституциясының 25 жылдығына арналған мерекелік онлайн-концертті айта кетейін.

«Сонымен қатар Елордаға Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрында соңғы 6 айда басқара алмай, ұжымның арасында ауыз біршілікті бұзып, актерлардың қарғысына қалмаған ба еді?», деп көпе-көрнеу жала жабуыңыз – менің ар-абыройым мен қасиетті шаңыраққа қара күйе жағумен бірдей.

Бір жыл бұрын Қаллеки театрына қадам басқанымда Халық артистері Г.Әспетова, Т.Теменовтар ақ батасын беріп қарсы алды. Оған бүкіл театр ұжымы – куә! Қал-қадырым жеткенше, өнерде жиырма жылдан астам танитын осы қасиетті шаңырақтың аға буын, орта буын, жас буын өкілдерімен – адами ізгі қарым-қатынаста болып, кәсіби әріптестік жағдайында жұмыс жасадым. Театрдың негізін қалаған көрнекті актриса Рымкеш Омархановадан бастап жас артистерге дейін менің адами жүрек төрімнен орын алды.

Былтырғы желтоқсан айында Ә.Кекілбай мен Ф.Оңғарсынованың рухына өнер туындылары арқылы тағзым еттік. Белгілі драматург Р.Мұқановамен бірге «Бопай» тарихи драмасының жазылуына дәнекер болды. Бұл тарихи драманы сахналауым – алдағы уақыттың еншісінде. Әлемге танымал режиссер Роберт Стуруаның сәуір айында театрымызға келіп У.Шекспирдің «Ричард – ІІІ» қойылымын сахналауы – пандемияға байланысты іске аспай қалды. Ал биылғы жаңа театр ғимаратына арналған «Абай» қойылымының көздің жауын алатындай костюмдері мен декорациялары дайын. Бұл дүниелер – қойылым суретшілері С.Тасмағанбетова және П.Драгуновтармен жасаған шығармашылық бірлестігімнің арқасында іске асты.

Ал  жас көрермен театрына директор болып тағайындалуына байланысты Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры лауазымынан Нұр-Сұлтан қаласы мәдениет басқармасының бұйрығы бойынша ауыстырылған сәттегі жиында – Халық артисі Т.Мейрамов ақ батасын беріп, Т.Теменов өзекжарды тілегін айтып шығарып салды.

Сондықтан, «Актерлердің қарғысына қалды» – деген жаңсақ дәлелсіз жаланы қайдан алғаныңызды түсінбей отырмын?

Әлде, «домалақ арыз жазу» процесі кезіндегі қиялыңыздың қиянат жасауға бейімділігінен бе?

Біреудің көз жасы мен наласына қалу – Мен үшін күнәнің зоры.

Ал, Мен аты-жөнін айтуға жүрегі дауаламайтын «жасырын арызқой иелерінің» жаласына да, табасын да – шыдай алмаймын.

Екі ұл, немере тәрбиелеп отырған өнерлі әулеттің иесі ретінде менің өмірлік ұстанымым – ар мен рухымның тазалығы, моральдық болмысымның биіктігі.

Тіпті індеттің нағыз күйіп тұрған шағында театрдағы жұмысымды бір сәт тоқтатпаймын деген жанкештілігімнен дертке шалдығып, маусым айында он сегіз күн бойы өмір мен өлім ортасында арпалысқаным – Өзіме, отбасыма, ет-жақындарыма аян!

Саналы ғұмырымда Ата-Анамның, бауырларымның, жарымның, балаларымның, немеремнің алдында ұялатындай, бет қызаратындай әрекет жасаған жоқпын. Ешқашан жасамаймын да. Жаратқанға мың да бір шүкір!

Сондықтан, менің бір ұққаным. «Сардар Әбдіжақия» деген бүркеншік есіммен жазған жанның жалаға толы пікірлерінің мән-жайының балалар театрына түк те қатысы жоқ!

Мәселенің түп-түркіні – Мен де болып тұр.  Сіз айтты екен деп, ұл руханиятына, ел өнеріне қызмет етуімді тоқтата алмаймын.

Кәсіби өнер саласында жүзден астам шәкірттер тәрбиелеген профессор-ұстаз ретінде – менің миссиям дарынды жастардың қанатын өнер аспанында қалықтату.

«Бұлақ көрсем, көзін ашуға ұмтылатын» қасиетім – менің өмірлік темірқазығым. Отбасымызбен бірге өзіміз еңбек ететін өнер мен білім саласы арқылы, елге қызмет ету – басты парыз. Індет кезінде ел таныған тұлғалармен, замандастарыммен тікелей эфирде онлайн-сұхбат жасауымның мақсаты да сол болды.

Ел рухының асқақ болуы. Ел бірлігінің бекем болуы.

Өмірімде аты-жөнін білмейтін домалақ арыз иесінің алдында ақталып емес, Өзім туралы ішкі сырымды ақтарып айтамын деп ойламаппын.

Бала жастан жыраулар тағылымы мен дала құндылығының сырына қанып өскен, елдік мұратты барлығынан биік қоятын режиссер, ұстаз, ғалым, тіпті әке, ата ретіндегі өмір жолымда мемлекетшіл азамат болу – басты мұратым!

Менің санамда – жас ұрпақтың қамы!

Менің жырым – елдікі! Сенің жырың – кімдікі?

P.S. «Сардар Әбдіжақия»! Сіз жазған домалақ арыз іспеттес – өтіріктерден құралған мақалаңызда орфографиялық, пунктуациялық қателер өріп жүр. Ең алдымен, Өзіңізді түзеңіз. Сауатты жазуды үйренсеңіз – жетістіктің басы сол. Ғылым докторы ретінде Сізге «Жазу емлесі мен ережесін» тегін үйретуге әзірмін. Домалақ арыз жазу – ерді де, елді де өсірмейтін ең жағымсыз қасиет. Арызқойлық қасиет қанына сіңген жандар – ұлттың соры!

Асхат МАЕМИРОВ,

Театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Өнертану PhD докторы, профессор.