«Астана дарыны» орталығы дарынды балаларға қандай қолдау көрсетеді

0
221

Астанадағы дарынды балаларға қаншалықты қолдау көрсетіледі? Осы және басқа да сұрақтар бойынша Елорда Инфо тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновпен сұхбат құрды.

– Ғаждембек Қуанышұлы, «Астана дарыны» орталығы дарынды балаларға қандай қолдау көрсетеді? Орталықтың жұмысы туралы айтып берсеңіз.

– Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығы елордалық ерекше қабілетті, дарынды балаларды анықтап, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, заман талабына сай тұлға болып қалыптасуына көмектесіп, қолдау көрсетеді. Орталықта 7 бөлім бар, олардың әрқайсысының функционалды міндеттері бекітілген.

Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы білім беру мекемелері оқушыларының зияткерлік дамуы бойынша мол тәжірибе жинақталып, олардың республикалық, халықаралық деңгейдегі білім сайыстарына деген қызығушылықтары артып келеді. Жыл сайын балалардың ғылым негізіне ынтасын арттыру мақсатында жүргізілетін қалалық,  республикалық, халықаралық деңгейдегі іс-шаралармен қала оқушыларының 54 пайыздан астамы қамтылады. 2019-2020 оқу жылы елордалық 88 300-ден аса оқушы  түрлі деңгейдегі 123 олимпиада мен байқауға қатысты.

Жалпы білім беретін пәндердің республикалық олимпиада қорытындысы бойынша елордалық команда 13 жыл қатарынан жалпы командалық І орын иеленіп, «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып келеді. 2019-2020 оқу жылы  зияткерлік жарыстарға қатысушылар 72 халықаралық, 301 республикалық  деңгейдегі, барлығы 382 медаль жеңіп алды. Дарынды оқушыларымыз рекордтық алтын медальға қол жеткізді. Жалпы, 382 медальдің 94-і – алтын медаль.

Астана оқушылары әлемдік деңгейдегі білім сайыстарында шетелдік замандастары арасында өздерінің салмақты бәсекелес екенін дәлелдеп жүр. Бразилия, Кипр, Румыния, Венгрия, Ресей, Әзірбайжан, Оңтүстік Корея, Қытай, Катар, Нидерланды елдерінде өткен халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 157 оқушы бақ сынап, 72 бала жүлдемен оралды.

– Ал дарынды балаларды баптап, топқа қосып отырған ұстаздарға қандай да бір қолдау бар ма?

– Әрине, астаналық дарынды оқушылардың зияткерлік жетістігі – ұстаздардың жоғары кәсібилігі мен педагогикалық шеберлігінің арқасы.  Дарынды балаларды баптап, топқа қосып отырған ұстаздар жыл сайын қалалық Білім басқармасының, «Әділет» кәсіподақ ұйымының арнайы сыйлықтарымен марапатталады. Оның ішінде ақшалай сыйлықтар, еліміздің демалыс орындарына,  шипажайларға жолдама түріндегі және басқа да сыйлықтар бар. Осы жұмыс міндетті түрде өз жалғасын табатын болады.

– Пандемия орталық жұмысына қандай әсерін тигізіп жатыр? Қазіргі карантиндік жағдайда оқушылар қашықтан оқып жатқандықтан, шаралар қалай ұйымдастырылуда?

– Қазіргі қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай кезінде «Астана дарыны»  орталығы жаңа форматты меңгеріп, жоспарланған іс-шараларды онлайн режимінде, яғни ZOOM, GOOGLE meet, EXAM net платформаларында жүзеге асыруда. Бірақ байқаулар мен олимпиадаларды ұйымдастыру кезінде академиялық адалдықты қадағалау қиындық тудырады. Осы себептен мектептердегі зияткерлік сайыстарға жауапты әріптестерімізбен бірлесіп жұмыс атқарудамыз.

– Өзіңіз жеке азамат ретінде карантиннен қандай сабақ алдыңыз?

– Уақытты бағалау мен оны тиімді пайдалануды, тез шешім қабылдап, жұмысты жүйелеуге бейімделуді қалыптастырды.

– Осы орталыққа басшы болып келгеніңізге көп болмапты. Қандай өзгерістер енгізу ойыңызда бар? Алдағы жоспарлар туралы айтсаңыз.

– Заман талабы көп ізденуді қажет етеді.  Енді сол бағытта жоспарға енгізген бірқатар жұмыстарға тоқталып өтсем,  астаналық  балалардың дарындылығын ерте анықтау мен дамыту, олимпиадалық команда резервін құру жұмыстарын жүйелеу мақсатында жалпы білім берудің үш сатысында, яғни бастауыш, орта, жоғарғы, жаратылыстану – математикалық бағыт бойынша оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру; пән мұғалімдерінің қауымдастығын құру; жаз айларында лагерьлерде пәндік ауысымдардың жұмыстарын ұйымдастыру арқылы жоғары нәтиже көрсеткен олимпиада құрама командасы оқушыларына арналған оқу-сауықтыру жиындарын өткізу жоспарымызда бар. Сонымен қатар  жасөспірімдер олимпиадаларын өткізуге баса назар аударылатын болады.

Дарынды оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыру үшін біз жоғары оқу орындарымен, яғни Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен және робототехника, инженерия бағыттары бойынша «КазРоботикс» Федерациясымен, IT университетімен ынтымақтастық меморандум жасамақпыз.

Біздің орталықта Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясында мектеп оқушыларының кәсіптік өзін-өзі анықтауы мен тұлғаның зияткерлік қабілеттерін зерттеу мақсатында «Қабілет» кәсіби бағдарлау жобасы  жұмысын бастады.

«Қабілет» кәсіби бағдарлау жобасының міндеті – оқушылардың әлеуметтік жетілуін қамтамасыз ету, шығармашылық жағынан өзін-өзі дамыту үшін кәсіби маңызды қызмет салаларын меңгеруге жоба қатысушыларын ынталандыру. Жобаның ресми таныстырылымы алдағы 1 желтоқсанда болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!