«Ерғали Егемберді дінін өзгерткен бе?»

0
96

Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді Facebook парақшасында елорданың саяси өміріндегі 19 жыл бұрынғы бір сәтін еске алды, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«2001 жыл. Елорда әкімі аппаратында бас маман болып қызмет істеп жүр едім. Рим Папасы Йоанн Павел ІІ келуіне дайындық қызу жүріп жатты. Негізгі іс-шара 23 қыркүйекте ІІМ қарама-қарсы тұрған “Жер Ана” алаңында өтуі тиіс еді. Орта Азияға Рим Папасының келуі теңдессіз оқиға болды. 30 елден 300 мыңнан астам зиярат етушілер келеді деп күтілді. Шетелдік мемлекеттер мен қонақтарға арналған жаңбырда киетін сулықтар үшін жауапты етіп тағайындады. Әлі есімде барлық жерден іздеп таппадым. Германиядан біреу арқылы тапсырыс бердім, бірнеше адам арқылы жеткенше шашым ағара жаздады. Сол күн әлі есімде алаңның маңы периметр бойымен жабылды. Сол кезде «Жастар» шағын ауданында тұрушы едім. Таң атпай жаңбырда киетін сулықтар салынған қораптарды көтеріп алаңға жеттім. Өз секторыма жету үшін барлық бекеттен өттім. Папа арнайы брондалған папамобилмен келді, діни шара басталды. Сол кезде қызық бір құбылыстың куәсі болдым. Папа уағыз айтып тұрған кезде адамдар тұрған алаң жағында жаңбыр тоқтап, Орбита жағынан, есу арнасы, Мұңайтпасов көшесі (ІІМ алдындағы жол бұрын солай аталған) жағынан жаңбыр құйып тұрды. Шара аяқталған соң, католиктер жақындап, Папаның қолын сүйеді екен. Рим папасының сапары керемет өтті. Қазақстан оның сапарынан көп нәрсені күтті. Бұл республиканың халықаралық қауымдастыққа толық құқықты және құрметті мүшесі болып енуі үшін жасалған қадам болды», – деп жазды Ерғали Егемберді.

Сонымен қатар ол жеке басына қатысты қызықты жайтты да еске алды.

«Сол кездегі қала әкімінің хаттама жетекшісі Рамиль Тауфиков: «Ерғали Папаның қолын сүюге кезекке тұрыпты, ол дінін өзгерткен-ау шамасы”,- деп әзілдегені есімде. Ол кезде елорданың әкімі Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы еді. Қала әкімдігі үш би ескерткішіне қарама-қарсы жақтағы Омаров көшесі, 60 мекенжайында болатын. Ғимараттың жертөлесінде асхана болушы еді. Қызметкерлер сол жерден ас ішетін. Асханаға кірсем, әріптестерім маған алайып қарайды. Не болғанын түсінбеймін. Сөйтсем, олар әзілді шын деп қабылдапты. Кейін естіп, ұзақ күлгеніміз бар еді. Осы сапардан жылы естелік пен елімізде осындай жоғары деңгейдегі іс-шараны ұйымдастыра аламыз деген сенімділік қалыпты», – деп жазды ол.