00:00
Астана -10oC
USD:
475.03
EUR:
517.21
RUB:
5.44
Іздеу

65 cүт-тауар фермасын салу жоспарланып отыр

01.07.2023 | 23:00
108
Фото: ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі

«Pro Молоко.Тренды'23» халықаралық форумы аясында сүт-тауар фермаларын салуға арналған қаржы құралдарын талқылау бойынша арнайы workshop өтті, деп хабарлады Elorda.info.

ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл бағытта Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша бюджеттік несиелеу бағдарламасы іске қосылды. АШМ өкілдері workshop алаңында бағдарламаға қатысудың болжамды тетіктері мен критерийлері туралы айтып берді.

Биыл АӨК-те инвестициялық жобаларды несиелеуге 100 млрд теңге бөлінді, оған жылына қуаттылығы шамамен 372 мың тонна сүтті құрайтын 65 сүт-тауар фермасын салу жоспарланып отыр. 

Бағдарламаның іске асырылуының нәтижесінде нарық отандық сүт өнімдерімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ ауылда тұрақты жұмыс орындары ашылады.

Сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайтын жеңілдікті несие 10 жыл мерзімге дейін беріледі, оның ең жоғары сомасы 5 млрд теңгені құрайды. Кепілдіктің болуы бағдарламаның міндеті шарты болып табылады. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең несиелеу мерзімінің ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

 Сенім білдірілген өкіл (агент) өтінімдерді қабылдап, бизнес-жоспар мен кепілдікті бағалауды жүргізеді. Бұл ретте белгілі бір жобаны несиелендіру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылатын комиссия қабылдайды. Несиелеу бойынша шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін комиссия құрамына қоғамдық бірлестіктер, салалық одақтар мен қауымдастықтардың өкілдері тартылатын болады.

Несиелеу бағдарламасына қатысушыларды іріктеу үшін салалық импортты алмастыруды ескере отырып, өңір халқын сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету, уақытша және тұрақты жұмыс орындарын құру, ауыл халқының табысын арттыру шеңберінде жобалармен ынтымақтастық және кооперация маңызды критерийлер болады. Бұдан бөлек, әлеуетті қарыз алушының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру немесе қайта өңдеу саласында кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуға тиіс. Сондай-ақ берік жемшөп базасын қалыптастыру, ауыл шаруашылығы техникасының паркін материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы алқаптарының қажетті алаңының болуы талап етіліп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ереженің жобасы жария талқылау рәсімінен өтіп жатқанын атап өтті. Қатысушылар несие беру механизмін жетілдіру бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

Барлық жаңалықтар