00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Тұрғын алаптарды дамытуға бәріміз мүдделіміз – депутат

31.01.2024 | 03:35
35
Фото: дереккөзден

- Ғабит Қалиұлы, елорда шетіндегі тұрғын алаптарды дамыту мәселесінде біршама ілкімді істер атқарылып жатқан білеміз. Дегенмен, өзіңіз сайланған Тельман, Пригородный тұрғын алаптарында қандай мәселелер әлі де шешімін таппай отыр? Сұхбатымызды осы сауалдан бастасақ.

Мен сайланған Есіл ауданы бойынша 13-ші сайлау учаскесіне Тельман және Пригородный тұрғын алаптары кіреді. Пригородныйда 15 мың 150, ал Тельманда 2750 тұрғын бар. Қалалық мәслихат депутаттары атқарып жатқан жұмыстар ауқымды. Соның нәтижесінде азаматтардың өмір сапасына әсер ететін шаруалардың біразы шешімін тапты. Мысалы Пригородныйда бірнеше көшеге асфальт төселді, жарық жүйелері ретке келтірілді. Күн тәртібінде газдандыру, қоқыс төгетін орындарды реттеу, жол салу, ескі ғимараттарды сүру мен тағы да басқа мәселелер бар. Тельмандағы тағы бір проблема құзырлы органның рұқсатын алмаған, заңсыз салынған моншалар. Сонымен қатар инженерлік-инфрақұрылым жүйелері жүргізілмей тұрып, үй салып, кейін тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұра алмай жүргендер бар. Бұлар бойынша тиісті орындарға депутаттық сауалдар жолданды, әкімдік деңгейінде бірнеше рет көтерілді, яғни қала басшылығы бұл жағдайдан хабардар.   

44.jpg

- Аталған тұрғын алаптарда биыл нақты қандай жобалар іске асады?

Пригородный тұрғын алабындағы азаматтар мектеп тапшылығын жиі айтатын. Қазір жаңа мектеп салу үшін құрылыс басқармасының шешімін күтіп отырмыз. Әзірге рұқсат құжаттамасын жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Демалыс орындарын салу туралы бастама да оң шешімін таппақ. Е – 522 көшесі бойында 0,46 га аумақта гүлзар құрылысының жобасы жоспарланып отыр. Сондай-ақ медициналық бағытта қызмет көрсететін «Әулет оңалту орталығы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру басталды. Нысанға қажетті аумағы 1,6 га болатын жер телімін беру туралы әкімдіктің шешімі бар. Қазір инвестициялық келісімшарт жасауға құжаттар дайындалып жатыр. 

Сондай-ақ, Білім басқармасы, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына «Nova Sity» тұрғын үй кешені маңында мемлекеттік балабақша қажеттігі туралы мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолданды. Соның нәтижесінде, аталған мемлекеттік органдар болашақ нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді бастады. Айына бір рет бұл бағытта жасалған жұмыстарды өзім қадағалап жүрмін. 

111.jpg

Пригородныйды газдандыру бойынша өткен жылы құбыр тарту жобасы әзірленген. Биыл наурыз айына қарай сараптама дайын болмақ. 2024-2025 жж Беласар және Сарытоғай көшелеріне газ жеткізу және тарату құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстарына шамамен 315 млн теңге жоспарланып отыр. Ал 2024 жылы 175 млн теңге бөлінеді. Аудандағы қазандық газ қондырғысына ауыстырылады, жобалау жұмыстарының құны 15 млн теңге.

Тельман тұрғын алабына газ тарату желілерін салу жобасы да мақұлданды. Биыл мамыр-желтоқсан айында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады. Газдандыру жобасының құны 350 млн теңге. 

Сонымен қатар су және кәріз жүйесі құрылысын жобалау жұмыстары жүріп жатыр. 2024 сәуірде сараптама дайын болса, 2024-2025 жылдары жұмыс басталады. Бұл жобаны қаржыландыруға 1 млрд теңге қарастырылған. Пригородныйдағы Арнасай 111 және 114 мекенжайы бойынша орналасқан 2 ескі жатақхананы сүру туралы шешім қабылданды. Бұл ескі ғимаратта тұрып жатқан азаматтар көптен бері көтеріп жүрген өзекті сұрақ болатын. 

- Өзіңіз сайланған округ тұрғындарымен қаншалықты жиі кездесіп тұрасыз?

Халықтың талап-тілегі қаншалықты өзгерсе, депутаттардың жауапкершілігі де соншалықты артады. Сайлаушы мен депутат арасындағы байланыс қоғамдық қабылдаулар арқылы орнайтыны белгілі. Апта сайынғы кездесулер аясында тұрақты түрде сайлаушылармен жүздесу ұйымдастырылады. 8 айда 100-ден астам кездесу өтті. Қабылдауға келемін деген әрбір азаматқа есігіміз ашық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны баршамызға мәлім. Азаматтардың, барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын бұл тұжырымдаманы іске асыру барлығымызға ортақ міндет. Осы тұжырымдама аясында қабылдауымда болған әрбір азаматтың сұрағына жауап табуға тырысамын. Жұмысқа орналасу мәселесімен келген біраз азаматты жұмысқа орналастырдық. Қоғамдық қабылдауға тіпті психологиялық-моральдік көмек те сұрап келетін азаматтар да бар. Тұрғындар көтеріп жатқан мәселелер бойынша ауқымды талдау жұмыстары жасалады. Сайлаушылардан 24/7 режимінде хабарлама қабылдайтын мамандар бар. Бұған қоса әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы көптеген сұрақтар мен ұсыныстар келіп түседі. 

- Қалалық мәслихат отырысында әдетте депутаттар тұрғын алаптарға қатысты жобаларға қаншалықты қолдау көрсетеді? Әлде елорда орталығы басты назарда ма?

Қалалық мәслихатта 34 депутат бар. Олардың әрқайсы бекітілген округке жауап береді. Жалпы елорда маңындағы елді-мекендердің, тұрғын алаптардың мәселелері бірдей деуге болады. Сондықтан мәслихат отырысында оларды бөле-жармайды, әдетте бәріне бірдей қарайды. 

Биылдан бастап қала әкімі фракцияда жылына 2 рет, ал салалар бойынша қала әкімінің орынбасарлары әр тоқсан сайын депутаттар алдында есеп беретін болды. Бұған қоса ай сайын аудан әкімдерінің есебі тыңдалады. Қазір Астанадағы 5 ауданның әкімдігінде тұрғын алаптарды дамыту бойынша жеке жоспар құрылып жатыр. Барлық мәселелер және оларды шешу жолдары жоспарға енгізілді. 

Кейде тұрғын алаптардың барлығын бірдей дамытудың, оған қаржы бөлудің қажеті жоқ деген пікір айтылады. Сіздің ойыңызша бұл қаншалықты дұрыс?

Соңғы екі жылда елордада тұрғын алаптарды дамытуға көп көңіл бөліне бастады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тапсырма берген болатын. Өткен жылы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек  Пригородный және Тельман тұрғындарымен бірнеше рет кездесті. Демек, елорданың орталығын ғана емес, шеткері аумақтарды да дамыту басты назарда және ол қаланы дамытудың бас жоспарына енгізілді. Мұндай шешім арнайы талдау жасалып барып қабылданатыны анық. Тұрғын алаптарды дамытудың, онда маңызды жобаларды іске асырудың әлеуметтік те, экономикалық та артықшылықтары бар. 

75.jpg

 Оларды дамытуға қала басшылығы да мүдделі. Оған себеп көп. Мысалы елорда маңындағы елді мекендерден, ауылдардан күн сайын 100 мыңдай адам Астанаға қатынайды. Бұл қаланың инфрақұрылымына, әлеуметтік нысандарына, қоғамдық көліктеріне түсетін жүктемені арттырып отыр. Осы мәселені шешу үшін тұрғын алаптарының өзінде  жақсы, жайлы мектеп, қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген, тиісті мамандары бар емханалар болса, спорттық, сауықтыру кешендері мен жалпы адамның қолайлы өмір сүруіне қажетті жағдай жасалса дейміз. Сол үшін тұрғын алаптарды дамытуға қалалық әкімдік жіті назар аударып отыр. 

-Сұқбатыңызға рахмет!

Барлық жаңалықтар