00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

«Масс медиа туралы» заң жобасында не жоқ?

29.09.2023 | 13:00
56

28 қыркүйек – Жалпыға бірдей ақпаратқа қол жеткізудің халықаралық күні. Айтулы күнге орай «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының ұйымдастыруымен Астанада «Қазақстанның медиа кеңістігін құқықтық реттеуді реформалау: ашықтық, тиімділік және ақпараттық қауіпсіздік» атты дөңгелек үстел өтті. 

Жиынға қатысқан отандық және сарапшылар Мәжілісте талқыланып жатқан «Масс медиа туралы» заң жобасындағы кемшіліктерді ашық, батыл сынады. Медиазаңнама бойынша халықаралық ұйымдардың мамандары журналистерге қатысты «Масс медиа туралы» заң жобасында жоқ мәселелерді көтеріп, жиналған қауымның әділ талқысына шығарды. Солардың бір парасына тоқталғанды жөн көрдім. 

Сонымен, «Масс медиа туралы» заң жобасында не жоқ?

Бюджет ақшасын бөлудегі былық-шылық

Медиазаңнама жөніндегі аймақтық сарапшы, Internews-тің заңгері Ольга Диденко медиа нарықтың ашықтығы мен БАҚ-тарды бюджеттен қаржыландыруға қатысты терең талдау жасады. Сарапшы не айтты:

1. Заң жобасында еліміздегі мемлекеттік БАҚ-тарға анықтама беретін бап не ереже жоқ! Мысалы, телеарнаның не газеттің мемлекеттік ақпарат құралы екенін кім, қалай анықтайтыны, оның қандай формада болатыны, кім және қалай қаржыландыратыны туралы бірде-бір сөйлем жазылмаған. Мемлекеттік БАҚ-тардың бюджеттен қаржыландырылуы қандай формада жүзеге асырылады? Егер шығындардың 100 пайызы мемлекеттік тапсырма есебінен жабылатын болса, мемлекеттік БАҚ-тар не себептен тағы мемлекеттік тапсырыс аясында ақша алады? Олардың мемлекеттен ақша ала отырып жарнамалық нарыққа қатысуы әділеттілікке жата ма? 

Қазіргі заң жобасында егер ақпарат құралдарының жарғылық капиталының 50 пайыздан астамы мемлекетке тиесілі болса, ол мемлекеттік БАҚ болып саналады делінген. Бұл қателік. Өйткені жарғылық капиталының 51 пайызы мемлекетке, ал қалған 49 пайызы кәсіпкерге тиесілі болса, мемлекеттің қаражаты негізінде қәсіпкердің баюына қолайлы жағдай туғызамыз. Яғни, заң жобасында «мемлекеттік БАҚ» және «мемлекеттік емес БАҚ» деген анықтама болуы тиіс. 

Заң жобасына енгізілуі тиіс ереженің бірі – БАҚ-тарға бюджеттен қаражат алуы үшін қандай талаптар қойылады. Мұндай ереже заңдық акті емес, заңнамалық деңгейде қабылданғаны жөн. Заңнамалық деңгейде реттеу болмаған жағдайда, ақша желге ұшып, заң бұзушылық іс-әрекеттер көбейеді, сыбайлас жемқорлыққа жол ашылады. Мәселен, медианы қолдауға бөлінетін қаржы қандай мақсатқа жұмсалады: әкімдердің жарнамасын жасауға ма, әлде, мәдени, білім беру саласындағы жобаларды жүзеге асыруға ма? Сондай-ақ, бюджет ақшасын алу және жұмсау үдерісін кім бақылайды? Медианарыққа бөлінген бюджет қаражатын жұмсауға парламенттік бақылау орнатылу керек пе? Бюджеттен қаржыландыруда қандай басымдықтар болуы керек: медианы және мемлекеттік тілдегі контентті қолдау ма, ретрансляция жасау үшін шетелдік контентті сатып алу ма?

2019-2021 жылдары мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға ел бюджетінен 140 478,4 миллион теңге бөлінген. Осы соманың 80 пайызын екі мемлекеттік телеарна («Қазақстан» телеарнасы – 69 072, 0 млн теңге, «Хабар» телеарнасы – 51 173,5 млн теңге) мен бір ұлттық телеоператор («Қазақтелерадио» АҚ – 9 059, 5 млн теңге) алған. Бюджеттен ақша алатын мемлекеттік БАҚ-тар коммерциялық жарнамадан да табыс табады. Алайда, 2019-2021 жылдары барлық телекомпаниялар рейтингінде «Хабар» 10-шы орында тұрған, «Қазақстан» 8-ші орыннан 4-ші орынға жылжыпты. «Қазақстан» контентінің басым көпшілігі – шетелдік телеөнімдер құрайды, телеарнаның өз контентінің үлесі 2018 жылы  50,73 пайыз болса, 2020 жылы - 38,27 пайызға дейін кеміген. Керісінше шетелдің дайын өнімдерінің үлесі 2018 жылы 4,77 пайыздан 2020 жылы 34,3 пайызға өскен. 2022 жылы Есеп комитетінің мәліметі бойынша, бюджет қаражатын игеруде көптеген заң бұзушылықтар орын алған. 

2. Заң жобасының 50-бабында спутниктік байланыс операторларына бюджеттен қайтарымсыз ақша бөлу туралы айтылған. Бұл жерде қандай мәселе бар? Біріншіден, «сұр» тарелкаларға қарсы жүргізіліп жатқан күрес ешқандай нәтиже берген жоқ. Олардың жұмысын шектеу мүмкін болмай отыр. Қазақстан цифрлық хабар таратуға көшкенімен әсіресе өңірлердегі  телерадиокомпаниялар тиісті деңгейде дамымады. Заң жобасында «Қазақтелерадио» АҚ сияқты бюджеттен онсыз да ақша алатын ұйымдарға қайтарымсыз қаржы бөлу ұсынылған. Ал спутниктің операторлар – бағдарлама пакеттерін сатып, қыруар табысқа кенеліп отырған коммерциялық ұйымдар. Олардың шығындарына бюджет есебінен жәрдемақша бөлудің қандай қисыны бар? 

3. Жарнаманы және ақылы контентті таңбалау туралы ешқандай бап не ереже жоқ! Биыл 9 қыркүйекте қабылданған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама жөніндегі» заң тек онлайн-жарнаманы таңбалауды қарастырады. Бұл жерде қандай өзекті мәселе бар? Барлық БАҚ-тар өз контентін тарату үшін әртүрлі арналарды – телеарна, радио, сыртқы жарнама және т.б. пайдаланады. Дұрыс қадамның бірі – БАҚ-тардағы барлық жарнамаға және ақылы контентке таңба қою. Яғни, оқырман не көрермен ақылы материал мен редакцияның өз өнімін айыра білуі тиіс. Өйткені, қазір жарнамалық материалдар редакциялық контент не жаңалық түрінде шығатын жағдайлар өте көп. Бұл оқырманды адастырады және БАҚ-тарға деген сенім деңгейін төмендетеді.

Құқықтық медиа-орталықтың директоры Диана Окремова «Бюджеттік қаржыландыру және медиа нарықтың ашықтығы» деген тақырыпта сөз қозғап, медиа саласына бөлінген бюджеттің ақшасының тиімсіз жұмсалып жатқанына нақты мысалдар келтірді. Ол интернет ресурстардың 2023 жылдың үшінші кезеңіне арналған тақырыптары туралы сөз қозғады. Таң қаларлығы, тізімдегі басымдық берілген 13 тақырыптің бірі ретінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі белгіленген.

Журналистердің өмірі заңмен қорғалуы тиіс

Дөңгелек үстелде заң жобасындағы өзге де түйткілдер ашық талқыға түсті. Солардың бірі – журналистердің қауіпсіздігі. 

Журналистің заңды жұмысын атқаруға ешкім кедергі келтіруге, соның ішінде күш қолдануға құқығы жоқ. Мұндай әрекетке Қылмыстық кодекстің 158-бабының 2-тармағында екі жыл бас бостандығынан айыру, белгілі бір қызметті атқарудан 3 жылға шектеу жазасы қарастырылған. Алайда бұл бап Қазақстанда орындалмайды. Сарапшылар «журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіргендер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек» деген ұсыныс айтты. 

ADL_4233.jpg

Журналистерге қоқан-лоққы көрсету, шабуыл жасау фактілерін тергеу кезінде жеделдік, ашықтық, әкімшілік және қылмыстық тергеу нәтижелерінің қоғамға қолжетімділігі бірінші орынға қойылуы тиіс. Әлемде 60-қа жуық мемлекет журналистердің қауіпсіздігі туралы міндеттемелерге қол қойған (бұл жиында сөйлеген Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Нико Схермерстің айтқаны). Қазақстан да осындай халықаралық міндеттемелерге қосылуы қажет.

Заң жобасын әзірлеу кезінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Еуропа елдерінің озық тәжірибесін, ЕҚҰЫ және БҰҰ стратегиялық құжаттарын егжей-тегжейлі қарап, жаңа ұсыныстар енгізген. Ал дөңгелек үстелге қатысқан ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесінің басшысы доктор Фолькер Фробарт Қазақстандағы «Масс медиа туралы» заң жобасы бойынша ЕҚЫҰ елдерінің ұстанымы, көзқарасы, сын-пікірлері ашық келтірілген құжат қазан айында Сыртқы істер министрлігіне, Парламентке жіберілетінін мәлімдеді. 

Журналистер қоғамға жедел, шынайы, ашық ақпарат таратуда ең қастерлі миссияны атқарады. Ал заң жобасындағы «Төтенше жағдай кезінде журналистер ақпарат тарату үшін құзырлы органнан рұқсат сұрап, өзінің алған ақпаратын сол орган растағаннан кейін ғана тарата алады» деген ұсынысқа журналистер де, құқық қорғаушылар да, медиа сарапшылар да қарсылық білдіруде. «Нағыз цензура деген осы» дейді олар.

Баспасөз картасын енгізу қажет пе?

Заң жобасындағы баспасөз картасын енгізу деген ұсынысқа қазақстандық журналистердің өзі қарсылық білдіріп, уәждерін айтты. Жобада баспасөз картасы бар журналист жеңілдетілген тәртіппен құзырлы органдарға тіркеуден өтеді, картаны алу үшін кем дегенде 3 жыл еңбек өтілі болуы тиістігі жазылған. «Баспасөз картасы дегенде Түркияны жиі мысалға алады. Бұл ел сөз бостандығы, интернетте ақпаратқа қол жеткізу рейтингтерінде артқа кетті. Мысалы, еркін баспасөз рейтингінде Қазақстаннан 10-15 саты кейін тұрған елден үлгі алатындай басымызға не күн туды» (Думан Смақов, «Фактчекинг» сайтының редакторы) деді сарапшылар. «Баспасөз картасымен журналистер музейлерге, концерттерге тегін кіреді дейді. Бұл – біздің намысымызға тиетін, қорлайтын нәрсе. Музейге кіру құны – 200 теңге. Одан да заң жобасында журналистердің еңбекақысын тиісті деңгейге көтеру туралы жазайық» (Жұлдыз Әбділда, журналист) деді әріптестеріміз. Баспасөз картасы тіркеу тәртібін жеңілдетеді деген министрліктің ұсынысына: «Біз әрбір оқиғаны түсіруге әртүрлі техникамен барамыз. Ол жерде бәрі өзгеріп отырады. Баспасөз картасы тіркеуді жеңілдетеді деген нәрсе ақылға сыймайды» (Евгения Бодрова, журналист) деп үн қатты тағы бір әріптесіміз.          

Қазақстан «Шекарасыз репортерлар» халықаралық ұйымының жыл сайынғы еркін баспасөз рейтингінде 180 елдің ішінен 134-ші орынды иеленді. Өткен жылмен салыстырғанда 12 сатыға төмендедік, 2022 жылы біз 122-ші орынды иеленген едік. 

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Барлық жаңалықтар