00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Елімізде жұмыссыздар саны артып барады

06.06.2023 | 13:30
57
Фото: Рexels.com

Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төмендегенімен, жұмыссыз азаматтардың саны артып келеді. Еліміздің өңірлерінде қанша қазақстандық жұмыссыз отыр? Бұл туралы Finprom сарапшылары зерттеп көрген, деп хабарлады Elorda.info

2022 жылдың соңына қарай Қазақстан экономикасының әр түрлі саласында 9 миллион азамат жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар еңбекке қабілетті жұмыссыз қазақстандықтардың саны айтарлықтай азайған, бірақ олардың саны қайтадан бірте-бірте өсіп келеді. 

Сарапшылардың мәліметінше, 2023 жылдың бірінші тоқсанында елімізде жұмыссыз отырған адам саны 453,5 мыңды құрап, өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 0,1 пайызға артқан. Қалалардағы жұмыссыз отырғандардың саны бір жылда 0,9 пайызға өсіп, 278,7 мың адамды құрады. Ал ауылдық елдімекендерде, керісінше 1,2 пайызға азайып, 174,8 мың адамға жеткен.

Осылайша 2023 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық 4,8 пайызды көрсетіп тұр (бұрын 4,9 пайызды құраған). Ауылдарда бұл көрсеткіш 4,9 пайызды (бұрын – 4,8 пайыз), қалаларда – 4,7 пайызды (бұрын – 5 пайыз) құраған. Яғни жұмыссыз отырған азаматтың саны көбейгенімен, халық арасында еңбекке жарамды азаматтардың үлесі азайып кеткен. 

Қазақстанның қай өңірінде жұмыссыз адамның саны көп 

Айта кетейік, Қазақстан аймақтарының жартысында ресми жұмыссыздық деңгейі орташа деңгейден айтарлықтай жоғары және тек алты өңірде төмен. Ең жоғары көрсеткіштер Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облысында – әр өңірде жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады. Ал Қарағанды мен Ұлытау облысында бұл көрсеткіш ең төмен – әрқайсысында жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға жеткен. Қаладағы ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Жетісу (5,3 пайыз), Абай және Жамбыл облысында (әрқайсысында 5,1 пайыз) тіркелген. Тек Ұлытау облысында жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші ең төмен – 4 пайыз. Ауылдық жерлерде жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (5,5 пайыз), Ақмола және Шығыс Қазақстан (әрқайсысында 5,2 пайызды құраған) облысында тіркелді. Ауылдардағы ең төмен жұмыссыздық деңгейі Қарағанды облысында тіркеліп отыр – небәрі 3,7 пайызды құрады. Алматы мен Шымкентте жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды, Астанада – 4,5 пайызды құраған. 

Ерлерге қарағанда жұмыссыз әйелдер көп 

Гендерлік қатынаста әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі ерлерге қарағанда жоғары болды – ерлерде 4,2 пайыз болса, әйелдерде 5,4 пайыз. Оның үстіне әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың көрсеткіші үшінші жыл қатарынан төмендеген жоқ, ал ерлер арасындағы жұмыссыздық жылына 0,2 пайыздық пунктке төмендеген. Ерлер арасындағы ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Қызылорда облысында (5 пайыз), ал ең төмен деңгейі Маңғыстауда (2,4 пайыз) байқалған. Әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың ең төменгі көрсеткіші Қарағанды облысында (4,4 пайыз), ал ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында (бірден 8 пайыз) тіркелді. Сондай-ақ ауылдағы ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі қалалық өңірлердегі ерлерге қарағанда төмендеу болды: 3,9 пайыз бен 4,5 пайыз. Әйелдер арасында болса, керісінше, бұл көрсеткіш артқан: ауылдарда – 6,1 пайыз, қалаларда – 5 пайыз. 

Ауылдық өңірлерде әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Маңғыстау облысында байқалды – бірден 9,9 пайызды құраған. Бұл онда тұратын әрбір оныншы әйел жұмыссыз деген сөз. Еске сала кетейік, Қазақстанда жұмыссыз қалған азамат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер түріндегі қаржылық қолдау алуға құқылы. Аталған жәрдемақыны жыл басынан бері 75 мыңнан астам қазақстандық алған. 

Барлық жаңалықтар