00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Былтыр 1500-ге жуық адам өндірістік жарақат алған

10.05.2023 | 11:00
40
Фото: zhaikpress.kz

Елде өндірістік жарақаттану деңгейі 4%-ке төмендеді, деп хабарлады Elorda.info «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы өндіріс орындарында 1500-ге жуық адам зардап шегіп, 202 азамат қайтыс болған. 

Жазатайым жағдай дерсіз. Алайда кінә кімнен? Жұмысшыдан ба, әлде жұмыс берушіден бе? Оқыс оқиғаға тап болмас үшін не істеу керек? Игорь Пужихиннің оң қол алақанынан айырылғанына 35 жылға жуықтаған.

Оқыс оқиға зауыттағы жұмыс барысында орын алыпты. Дәрігерлер жарақат алған қолын бір емес, үш рет қалпына келтіруге тырысса да, еш нәтиже шықпады. Ал қызмет еткен өндіріс компаниясы осы уақытқа дейін тек өтемақы төлеп келген. Яғни, Игорь басқа әлеуметтік көмек алып жүрген жоқ. Сондықтан сотқа жүгінуіне тура келіпті. 

Егер жазатайым оқиға орын алса, қол қусырып, қарап қалуға болмайды. Адам әрқашан өз денсаулығын ойлап жүруі керек. Кейде физикалық және моральді көмек қажет болып жатады. Мұндай жағдайда жаныңызда қолдау көрсететін адам болмаса, өте қиын - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Игорь Пужихин.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, елдегі өндірістік орындарында «жарақат алу» қаупі жоғары аймақтар бар. Әсіресе, мұндай жағдайлар Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жиі болады. Ал оқыс оқиғаға көбінесе кен, металлургия, құрылыс саласының еңбеккерлері тап болып жатады. Жыл басынан бері 300-ден астам адам зардап шегіп, 32 азамат қайтыс болған. Бүгінде жарақаттанудың алдын алу бойынша бірқатар шара жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда ҚР-да еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 2025 жылға дейін іс-қимыл жоспары бекітілген. Сол жоспар аясында тиісті жарақаттануды азайту бағытында шаралар жасалуда. Олар әр облыс бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларымен жүргізіледі - дейді ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің бас сарапшысы  Бейбарыс Тәңірбергенұлы.

Мамандардың айтуынша, еңбеккерлер жеңіл жарақат алса да, үндемей қалмауы керек. Себебі жұмыс беруші жағдайлардан хабардар болып, істің мән-жайын анықтауы тиіс. Әйтпесе, жасырлып қалған әрбір факт орны толмас салдарға әкеліп соғуы мүмкін. 

Жарақат алғандар жағдайды жасырып, үндемей қалса, тиісінше тергеу жұмыстары жүргізілмей, «жабулы қазанның қақпағы ашылмаған күйінде қалады». Кейіннен басқа адам келіп, дәл сондай оқыс оқиғаға тап болады. Яғни, одан да сорақы жағдай орын алып, адам жұмыс орнында қаза болуы да мүмкін. Сондықтан жұмыскерлер барлық жағдайда басшылықты хабардар етіп отыруы керек,-дейді  еңбек қауіпсіздігі саласының маманы Азат Ерғалиев.

Статистикаға сүйенсек, жазатайым оқиғалардың үштен бірі еңбеккерлердің өз абайсыздығы мен алаңғасарлығынан болады. Сондай-ақ жұмыс процесінің дұрыс ұйымдастырылмауы да оқыс жағдайларға әкеледі. Дегенмен мамандар, жұмыскерлермен қатар кәсіпорын басшылығын да қауіпсіздік ережелерін ұстануға шақырады.

Барлық жаңалықтар