00:00
Астана -10oC
USD:
443.72
EUR:
482.28
RUB:
4.9
Іздеу

Биылдан бастап жаңа арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізіледі

15.01.2024 | 10:30
65
Фото: дереккөз

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа арнаулы әлеуметтік төлемді енгізу және зейнетақы мен жәрдемақыларды арттыру туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Токтыбаев пен Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының әлеуметтік сұрақтар бойынша орынбасары Дамежан Садвокасованың қатысуымен  брифинг өтті, деп хабарлады Elorda.info  

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес 2024 жылдан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын адамдарға арнайы әлеуметтік төлемдер енгізіледі. Арнаулы әлеуметтік төлем зиянды жұмыстарда жұмыс жасайтын тұлғаның 55 жасқа толуы, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісі кемінде 7 жыл болу, зиянды жұмыстардан босатылу немесе басқа жеңіл жұмыс түріне көшу шарттары сақталған жағдайда тағайындалады. 

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) - 3 692 теңге мөлшерінде болса, ең төменгі зейнетақы - 57 853 теңге. Ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) - 43 407 теңге, ал базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 28 215 теңге. Осыған байланысты 1 қаңтардан бастап зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшерлері артады. 

Жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 9 % өседі. Жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК (203 060 теңге) құрайды.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Әлеуметтік Кодексінің 205-бабына сәйкес ЕТКД-нің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.

Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты. Ең томен базалық зейнетақы - 28 215 теңгені,  ең жоғары  45 578 теңгені құрайтын болады. 

Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, оның ішінде Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдар үшін Кодекстің 177 және 236-баптарында көзделген мөлшерде 2024 жылғы 1 қаңтарда ЕТКД мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады.

Бұдан басқа аталған Кодекстің  85-бабының 2-тармағына сәйкес бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері осы Кодекстің 76-бабына сәйкес ұсталуға жататын міндетті зейнетақы жарналарын қосымша есептей отырып, осы Кодекстің 82-бабына сәйкес бала туу кезектілігіне қарай белгіленген бала күтіміне байланысты жәрдемақының мөлшерінен кем болмайды.

Осыған байланысты, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бала бір жарым жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері міндетті зейнетақы жарналарының қосымша есептелуін ескере отырып, бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болады

Барлық жаңалықтар