00:00
Астана -10oC
USD:
443.35
EUR:
475.54
RUB:
4.82
Іздеу

Альмира Борамбаева: Айналаңызбен сенім мен сыйластықта өмір сүріңіз

06.03.2024 | 08:39
28
Фото: дереккөзден

-Альмира ханым, әуелі әлеуметтік жобаңыз туралы айтып бересіз бе? 

Мен - «PROFIT спорт және фитнес клубы» әлеуметтік жобасының жетешісімін. Мұнда халықтың осал тобына жататын балалар тегін немесе жеңілдіктерді пайдалана отырып спортпен шұғылдана алады. Мәселен, демеушілеріміз арқылы қысқы спорттық киімдер – баскиім, етік, күртеше, қолғап және мектеп формасы, оқу құралдарын ұсынамыз. Клубымыздағы балалар көз алдымызда өсіп жатыр. Спортта шыңдалып жүрген жеткіншектердің көшеде бұзақылық жасауға уақыты да ниеті де болмайды. Қолға алған ісімнің жас ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесіне жақсы үлес қосып отырғанын көріп, ризашылық сезімге бөленемін. 

-Сіздің клубта атақты спортшылар жаттықтырушы болып істейді деп естідік...

Иә, біздің клубымызда Әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін чемпиондары жаттықтырушы болып істейді. Клуб сонысымен ерекше. Әлемге танымал жекпе-жек спортшысы Хабиб Нурмагомедов әлеуметтік жобамызды салтанатты түрде ашып берсе, жақында еліміздегі мықты боксшы  Дәулет Дәукенов клубымыздың атынан сайысқа шықты. 

хабаиб.jpg

-Спорт клубының жетістіктерін атап өтсеңіз...

Біздің тәрбиеленушілеріміздің көбі аула клубы спортшысы деңгейінен  Балалар мен жасөспірімдер мектебіне қабылдау деңгейіне жетті. Марапаттарымыз көп. Балаларымыз әр аптада турнирлерге қатысып отырады. Қыркүйекте Өзбекстанға барып, халықаралық турнирге шықтық. 

- Бәрекелді! Ал осы әлеуметтік жобамен бастауға не түрткі болды?

Басында бұл істі ашуға балаларым себеп болды. Әуелі оларға тегін киім-кешек әперуге тырыстым. Көршілерімнің де балаларын ұмытпадым. Одан кейін қаншама балаларды киіндірдік десеңші! Міне, осыдан басталды. Балаларға деген махаббат, елге қызмет ету парызы осы іспен айналысуыма әкелді. Әрі өзім де жоғары білімді, кәсіби спортшымын, 17 жылдан бері тренерлікпен айналысып келемін. 

 

х.jpg-Өзіңіз де көпбалалы анасыз. Әрі өз балаларыңызды қарап, әрі кәсіппен айналысу қиын емес пе? 

Мен бақытты анамын. 3 ұлым, 1 қызым бар. Тұңғышым 16 жаста, Мағжан Жұмабаев атындағы колледжге өз бетімен оқуға түсті. Мамандығы - спортшы, менің кеңесшім. Одан кейінгі балаларым мектеп жасында болса, кенжем Мансұр балабақшада. Отбасым тату-тәтті, «оларды қалай бағып-қағам?» деген уайым көп жағдайда есімнен де шығып кетеді екен. Әрине, оңай да емес. 

Бірақ маған осы балаларды аяқтарына тұрғызып, жақсы білім мен тәрбие берсем деген арманым күш береді. Бала тәрбиесі мен кәсібімді қатар алып жүруіме тәртіп пен жауапкершіліктің де айтарлықтай көмегі бар. 

белдик.jpg

-Өзіңіз сияқты аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

Өзімнің жеке тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, ең алдымен, айналаңызбен сенім мен сыйластықта өмір сүріңіз дер едім. Жаныңызға жақын, мақсаты бір жандармен болашаққа бірігіп жоспар құрып, біртіндеп жүзеге асыра беріңіз! Сондай-ақ бес күн жалғанда ешкімге өкпелемеңіз деген ақыл-кеңес айтар едім. 

-Сіз қандай мейрамдарды ұнатасыз? Арулар күнін қалай мерекелейсіз?

Мен барлық мерекелерді ұнатамын. Әдетте мереке күні әуелі балалармен спорт залын тазалаймыз.Танымал тұлғалармен жақын жүздескен балаларымыз жігерленіп қалсын деген ниетпен атақты спортшыларды шақырып, бірге мерекелік шай ішеміз.  

Сөзімнің соңында барлық аруларды 8 наурыз – Әйелдер күнімен құттықтаймын! Оларға бақыт, денсаулық, табыс тілеймін!

-Сұхбатыңызға рахмет! Мереке құтты болсын! 

Барлық жаңалықтар