00:00
Астана -10oC
USD:
475.03
EUR:
517.21
RUB:
5.44
Іздеу

Биыл ерекше қажеттілігі бар адамдардың жәрдемақысы 14,5 пайызға өседі

Бұл туралы VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Осы орайда, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек.  Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы, әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс, - деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс екенін атап өтті.

Дегенмен кез келген көмек масылдыққа себеп болмауы керек. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс. Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе. Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн.  Бұл ретте, еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды. Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын алу үшін берілуі қажет. Парламент пен Үкімет осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі керек. Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаттары әлеуметтік мәселелерді шешуге белсене атсалысады деп сенемін, - деді Президент.

Барлық жаңалықтар