00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Акбаржан Исмаилов: Алғыс айту күні – мен үшін өткен тарихымызға тағзым ету күні

31.03.2023 | 23:36
Аяулым Алтынбек
52

Көктемнің алғашқы күні елімізде Алғыс айту күні атап өтіледі. Қазақ халқы белгілі бір жағдайлар бойынша елімізге қоныс аударған әртүрлі этнос өкілдеріне есігін айқара ашып, құшақ жая қарсы алды. Осыған орай мейірбандық танытқан қазақ халқына Алғыс айту күнінің мән-маңызы туралы Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Акбаржан Исмаилов айтып берді, деп хабарлады Elorda.info.

Жылдан жылға дәстүрімізге айналып келе жатқан Алғыс айту күні мен үшін өткен тарихымызға тағзым ету күні. Әрине, бұл – ерекше мереке! Адамзаттың бойындағы асыл қасиеттердің бірі – әлсізге қамқор, елге қайырымды болу, қолынан келгенше жақсылық жасау. Сол арқылы қоғам мейірленеді. Осы күні ізгіліктің бәйтерегі гүлденіп, көктеммен бірге жанымыз жасарып, жанымызда жүрген адамдарға алғысымыз артады. Сондықтан да 1 наурыз адамдарды жақындастырып, ел бірлігін нығайтатын мереке.

 Алғыс айту күнінің этносаралық өзара іс-қимылдың бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен сәйкес келуінің астарында терең мән бар. Өткен ғасыр ауыр нәубетпен сыналған ғасыр болды. Арада біраз уақыт өтсе де, сол жылдардың ақтаңдақтары түгел зерделеніп болған жоқ. Қанша ұрпақ ауысса да, сол зұлматтың жаңғырығы  естіліп қалады.

Қазақ даласын екі мәрте соққан ашаршылық, күштеп ұжымдастырудың салдарынан, ұлы кәнпескемен әбден титықтаған елге тағы бір сынақ түсті. Қазақ өзінің жаралы жүрегіне сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргінге түскен босқын халыққа тіреу болып жүрегіне сыйдыра білді.

Сол ғасырдың басында столыпиндік реформалардың шаруаларды қоныстандыру кезеңінде Қазақстанға Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан 1 миллион 150 мың адам келді. Арада 20 жыл өткенде, 1930 жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудандарынан 250 000 иеліктен айырылған шаруалар Қазақстанға жер аударылды.

1937 жылы тағдыр тауқыметін тартып, қасиетті қазақ жеріне алғашқы болып корей халқы табан тіреген болатын. Содан кейінгі жылдары Қазақстанға шешен-ингуштар, күрдтер, қарашай-балкарлар, түріктер, татарлар, немістер жер аударылды.

Сталиндік режим тұсында әр жылдары тұтас халықтар – 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасылары жер аударылды.

Бұл ретте өнеркәсіп нысандарын салу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 1,2 миллионға жуық адам қоныстандырылды. Осыншама түрі, діні, тілі, мәдениеті, салт-дәстүрлері басқа елдердің өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімдігі мен жүрегінің кеңдігі – қазақтың өзінің де осындай ұлы нөпірдің арасында жоғалып кетпей өзін-өзі сақтап қалған қасиеті екенін айту керек. Осы қасиетімен қазақ жерінде, өзге этнос өкілдерін айналасына жинап, Тәуелсіздік туын желбіретті, - дейді А.Исмаилов.

Оның айтуынша, Алғыс айту күнінің Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен орайластырылуы ерекше мәнге ие.

Мейірім салтанат құрған күнде барша этнос өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктірген Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күнін межелеп, дәл осы күн Алғыс айту күні болып жарияланды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы атаулы даталардың түйісуі жаңа мерекеге де ерекше мағына берді. Бұл еліміздің барша этностар арасындағы өзара сенім мен сыйластық деңгейінің жоғары екендігін, өзара түсіністік пен терең құрметті білдіреді. Осы күні – этностардың бір-біріне және оларды өз туғанындай қабылдап, мейірбандық танытқан қазақ халқына Алғыс айту күні.  Бұл өзге этностардың қазақтың рухани игілігі – кеңпейілділігі мен қайырымдылық дәстүрлеріне терең тағзым белгісі болып қалды.  

Қазақтың қасиетті жеріндегі ең басты құндылық – бірлік пен татулық үшін ортақ жауапкершілігімізді сезінеміз және жарқын болашағымызға нық сенеміз. Айналамызда болып жатқан дүмпу дүрбелеңдер тағы да бір дүниені дәлелдеді. ХХІ ғасырдың ең басты ұстанымы халықтың татулығы мен келісімі болуы тиіс. Қай елдің болмасын экономикасының, саясатының, тіпті қауіпсіздігінің де өзегі осы болмақ. Ал өзегіне құрт түскен дарақ гүлдемейтіні, өркен жаймайтыны белгілі! – деп сөзін түйіндеді Акбаржан Исмаилов.

Аяулым АЛТЫНБЕК

Барлық жаңалықтар