00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі тағы өсті

31.03.2023 | 22:05
Елорда ақпарат
38

Еліміздегі ең төменгі еңбекақының мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтерілуіне байланысты Зейнетақы жинағының ең төменгі жеткіліктілік шегі тағы өсті. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовтың жолдаған жауабында айтылған, деп хабарлады Elorda.info.

Ең төменгі жеткіліктілік шегінің негізгі міндеті – еңбекке қабілетсіз жастағы азаматтардың тыныс-тіршілігі үшін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті деңгейін қамтамасыз ету және Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарын ескере отырып, олардың ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Осыған байланысты зейнетақы жүйесі азаматтардың зейнетақы жинақтарының көлемін төменгі жеткілікті шектен кем емес мөлшерде жинақтауды қамтамасыз етуі тиіс. Ол шаманы анықтау зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін айқындау әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады, - деп жазды Ғ. Пірматов.

Ал ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу кезінде қолданылатын көрсеткіштердің бірі – азаматтардың өмір сүру деңгейінің ең төменгі стандартын қамтамасыз етуге арналған ең төменгі жалақы мөлшері.

2022 жылы төменгі жеткілік шегінің өсуіне төменгі еңбекақы мөлшерінің айтарлықтай өсуі (42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін) әсер етті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап төменгі еңбекақы мөлшері 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл 2023 жылға белгіленген төменгі жеткіліктілік шегінің мөлшеріне де әсер етті, - делінген Ұлттық банк басшысының жауабында.

Барлық жаңалықтар