00:00
Астана -10oC
USD:
441.8
EUR:
480.02
RUB:
4.88
Іздеу

Заң түзелсе, журналистика өркендей ме

25.02.2023 | 03:40
Елорда ақпарат
75

Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты» деді Президент. Ел басшысы мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажеттігін тапсырды.

Меніңше, «Жаңа Қазақстанға» жаңа «БАҚ туралы» заң қабылдау керек. Еркін ойлы журналист еркін жаза алуы керек. Біздің бәсекелестікте көбіне ұтылып қалатынымыз да осы – еркін жаза алмау. Біреудің көңіліне тиіп кетермін деп немесе биліктен, бай адамдардан қорқу, жалтақтық, тәуелділік. Дамыған елдерде де әлеу­меттік желілер алға шығып кеткен. Бірақ, мерзімді дәстүрлі басылымдар да өз биігінен түспеген. Неге? Себебі оларда азат ойлаумен қатар, еркін жазу бар және журналистерді қорғайтын заң бар, қаламақылары өте жоғары. Әділетті қаламақы саясаты жоқ жерде, даму да жоқ. Дұрыс қаламақы саясаты ұлттық журналистиканы биікке көтереді. Яғни, журналистикаға кездейсоқ адамдар емес, нағыз кәсіби шеберлері келеді.

Журналист – элиталық мамандық. Сондықтан алдағы уақытта қабылданатын заңда журналистің этикалық-құқықтық нормаларымен қатар оның әлеуметтік пәтер мен жеңілдіктерге, лайықты жалақыға қол жеткізу мүмкіндігін, жеке басын, отбасы мүшелерін қорғайтын арнайы баптар болуы тиіс. Осыдан 10 жыл бұрын отандық заңгерлер «Журналистің ерекше мәртебесі мен кепілдіктері туралы» толық, жеке заң қабылдау қажет» деген пікірлерін айтты. Яғни, журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ең алдымен, журналистің жеке мәртебесі туралы қағидаттарды анықтап алып, жаңа заңда нақтылап белгілеу керек. Мысалы, журналист деген кім? Заң бойынша, мемлекет оны қалай қорғайды? Оны қорғауға кім кепілдік береді? Яғни, жаңа заңның ішінде осындай кепілдіктер туралы мәселе тайға таңба басқандай етіп жазылуы қажет. Енді кепілдік дегенді түсіндіріп берейін. Мысалы, журналист бір жоғары лауазымды тұлғаға сауал жолдаса, оның толық жауабы қашан, қалай берілуі керек? Егер жауап берілмесе, құзырлы мекеме мен лауазымды тұлға қандай жауапкершілікке тартылуы тиіс? Сондай-ақ құзырлы мекеме журналистің жолдаған сұрағына жауап беруі керек пе, әлде керек емес пе? Осылардың бәрі заңда нақты кепілдік ретінде жазылғаны жөн. Ондай кепілдік болмаса, журналистің құқықтары бұзылады.

Қоғамда сұраныс артатын және мықты медиа дегенге келейік. Бәсекеге қабілетті медиа пайда болуы үшін мемлекет БАҚ саласындағы ахуалға дұрыс көңіл бөлуі тиіс. Мысалы, еліміздегі дәстүрлі БАҚ-тың барлығының жағдайы бірдей емес. Мемлекеттік газет-журналдарға бюджеттен мардымсыз болса да қаражат бөлінсе, ал мемлекеттік емес басылымдардың жағдайы мүшкіл. Сол себептен, мемлекет отандық БАҚ-ты мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарап, қалыптасқан ахуалды өзгертуге ықпал етуі керек. Жекеменшік әрі тәуелсіз БАҚ-тарға қаржылай қолдау жасағанда ғана газет шығару, тарату, жаздыру, насихаттау сияқты өзекті мәселелер оң шешіледі. Мысалы, елімізде 2 964 мерзімді баспасөз басылым тіркелген, бұл тіркелген БАҚ-тың жалпы санының 80,8 пайызын құрайды. Соның ішінде 1859 газет және 1105 журнал тіркелген. Бұл ретте, халық арасында дәстүрлі БАҚ-қа қызығушылықтың деңгейі төмендегені байқалады. Күн сайын оларды қазақстандықтардың 13 пайыздан астамы ғана оқыса, 43 пайызы сирек және 23 пайызы мүлдем оқымайды. Интернеттегі БАҚ-тың тарапынан пайда болған бәсекелестіктің өсуіне орай баспа басылымдарға деген сұраныстың төмендегені рас.

Енді осы тақырыпқа қатысты маман-сарапшылардың ой-пікіріне көз жүгіртелік.

Қазақстанда еркін журналистика бар, ол жыл сайын дамып келеді. Мұны БАҚ-тың мазмұнына (контент) қарап та анықтауға болады. Ал «БАҚ туралы» заңымызда не өзгереді дегенге келейік. Бүгінгі таңда мемлекет, қоғам, журналистік қауымдас­тықтың мүд­десі үшін не қажет, соның бәрін өзгертуіміз керек. Қайта қаралады дегеніміз – осы. Бұл үдеріс қоғамдық және сараптамалық талқылау негізінде жүзеге асырылатынын атап айтқым келеді. Яғни, журналистік ұйымдардың, журналистердің құқықтарын қорғайтын мекемелердің, сарапшы-мамандардың заңнамаға қатысты ұсыныстары, өзекті деген мәселелері толық ескеріледі. Кеңінен талқылау өткізу үшін, ең алдымен, ұсыныстарды жинақтаймыз. Содан соң, бір үстелдің басына отырып, әр мәселені бөлек-бөлек талқылаймыз. Ол үшін жұмыс тобын құрамыз. Бұл позициямды Facebook-тегі парақшама да жаздым. Менімен жеке кездесулерде ұсыныс-тілектерді жеткізуге болады. Қазіргі заманға сай медиасаланы дамытуға қажетті нәрселердің бәрін бірігіп ашық талқылап, тиянақты бір шешімдер шығаруға тиіспіз. Сонда ғана ашық, бәсекелестік орта дамиды, – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ Мемлекет басшысының БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу жөнінде бастама көтеруін журналистер қауымы қуана қабылдағанын айтты. 

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының 16 нау­рыз күнгі халыққа Жолдауы көпшіліктің көңілінде жүрген көп түйткілді шешу жолын айқындауымен жан жадыратты. Айталық, өз саламыз­ға қатысты ұстанымы, яғни еліміз журналистикасына реформа жасау туралы бастамасы көңіліміздің төрінен орын алғанын айтуға тиіспіз. Бұл мәселені көптен бері ғылыми негізде көтеріп келе жатқан маман болғандықтан Президент бастамасы аяқсыз қалмай, тездетіп жүзеге асырылса, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам болар еді деген пікірдемін. Бүгінде БАҚ елімізде ТАҚ (топтық ақпарат құралы) деңгейіне түсіп, өзінің негізгі функциясын, яғни ұлттық журналистика теориясының  негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы айқындаған халықтың көзі, құлағы һәм тілі міндетін атқарудан қалғанын айтып та, жазып та жүргенімізді көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Оқырманы аз газет-журналдар мен көрермені күмәнді теле-радио бағдарламаларды мемлекеттің көл-көсір қаражатымен шығарып, шылқыған бай ел секілді ысырап жасауға жол берілуін айыптап келе жатқанымыз қашан. Оның себебі оқырман, тыңдарман, көрермен кінәсінен емес, журналистердің де кемшілігі емес, БАҚ құрылтайшыларының монополиялық ұстанымынан екенін айтудай-ақ айтып келгенімізге көпшілік куә. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында осы олқылықтан арылу үшін БАҚ тәуелсіздігі мен журналистер жауапкершілігін қамтамасыз ететін талаптарды орындайтын реформа жасау – БАҚ туралы заңға өзгеріс енгізу жөнінде бастама көтеруін журналистер қауымы қол шапалақтап, құптап қабылдадық, – деді ол.

«Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Асыл Сағымбеков қолданыстағы «БАҚ туралы» заңға журналистердің құқықтары мен жауапкершілігі туралы баптарды қайта жазуға қатысты түзетулер енгізген жөн деп есептейді. 

Меніңше, қазіргі қолданыстағы «БАҚ туралы» заңға уақыт талап етіп отырған өзгерістерді енгізуіміз керек. Өйткені қоғам өзгерген соң, оның негіздері де жаңарады. Демек, осы кезеңде қолданыстағы заңның әлсіз тұстары мен кемшіліктері анық байқалады. Бұл үдеріс үздіксіз алға жүріп отырады. Егер біз жаңадан заң қабылдасақ, алдағы уақытта оған да түзетулер енгіземіз. Ең бастысы, сол түзетулер мен өзгертулер сөз бостандығына және тұтас алғанда БАҚ-ты дамытуға қалай әсер етеді? Бұл жерде ашық ойымды айтайын. Меніңше, қолданыстағы «БАҚ туралы» заңға журналистердің құқықтары мен жауапкершілігі туралы баптарды қайта жазуға қатысты түзетулер енгізген жөн. Өйткені журналистер биліктің, бизнес-құрылымдардың өкілдерінің көңіліне қарап, жалтақтамауы тиіс. Заң ең бірінші әрбір журналиске өзінің құқықтарының толық қорғалуына кепілдік бергенде ғана ертеңгі күнге деген сенімділікпен қараймыз. Журналистің мәртебесі туралы мәселені көптеген әріптестеріміз көтеріп жүр. Сенатор Нұртөре Жүсіп те осы мәселені қозғап, құзырлы органға депутаттық сауал жолдады. Қазіргі таңда журналисті қоғамға ақпарат таратушы тұлға ретінде ғана емес, аса маңызды мемлекеттік миссияны атқаратын, елге құрметті және заңмен қорғалатын субъект ретінде қабылдауымыз қажет. Ол өзінің еңбегі мен шығармашылығы үшін лайықты жалақы алуға құқылы, тиіс. Мемлекет кепілдік беретін әлеуметтік пакеттерге қолы жететін, баспана алуға мүмкіндігі бар толыққанды қоғам мүшесі болуы керек. Өкінішке қарай, соңғы кездері журналистерді билікке қызмет көрсетуші персонал ретінде қабылдап жүрміз. Сондықтан, жаңа заңда немесе түзетілген заңнамада журналистің мәртебесін заңдық деңгейде бекіту және көтеру мәселесін соқырға таяқ ұстатқандай етіп жазуды – дер кезіндегі және қажетті қадам деп санаймын, – дейді журналист. 

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Барлық жаңалықтар