Home Разное Күзде баланың иммунитетін қалай нығайтқан дұрыс

Күзде баланың иммунитетін қалай нығайтқан дұрыс

0
142
фото astana.gov.kz

Денсаулықты күту – өмірлік қажеттілік. Күн суытқан кезде денсаулықты күтуге дағдылану айрықша өзекті. Әкімдіктің ресми сайты №4 қалалық емхананың отбасы денсаулығы орталығы меңгерушісінің міндетін атқарушы, жоғары санатты педиатр Динара Кусеповадан баланың иммунитетін қалай нығайтқан дұрыс екенін сұрап білді.

«Иммунитет – ағзаның қорғаныс жүйесі. Балалар ересектерге қарағанда 4-5 есе жиі ауырады және бұл организмнің ерекшеліктеріне байланысты. Күзгі-қысқы кезеңде иммунитетті күшейту үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет. Біріншіден, балаға күн тәртібін бекіту қажет. Бұл демалыс, ұйқы, тамақтану режиміне де қатысты. Балалар кеш ұйықтамауы керек, әсіресе мектеп жасына дейінгі балаларға жеткілікті күндізгі ұйқы қажет. Кез келген ауа райында таза ауада серуендеу міндетті», – дейді Динара Кусепова.

Дұрыс тамақтануға да ерекше назар аудару керек.

«Бұл бірінші кезекте баланы бір жасқа дейін емізу. Ересек балалар газдалған сусын, фаст-фуд, консерванттар, кәмпиттер, қант жемегені дұрыс. Оларды бал, кептірілген жеміс сияқты табиғи өнімдермен ауыстыруға болады. Күз –жаңа піскен көкөністер мен жемістер кезеңі, ал газдалған сусындарды компот, жеміс-жидек сусыны, жаңа сығылған шырын, смузи және т.б. алмастыруға болады. Тамақ әр түрлі және теңдестірілген болуы, яғни әр түрлі ет, сүт өнімдері, жарма болуы керек», – дейді дәрігер.

Сонымен қатар баланы шынықтыруға назар аударған жөн. Мұны 3-4 жастан бастауға болады.

«Ең бастысы, баланың келісімі қажет, сіз оны оның еркінен тыс жасай алмайсыз. Шынықтыру әдетте жалаң аяқ жүру, суық сүлгімен сүрту, шомылғанда су температурасын біртіндеп төмендетуден басталады. Баланың бөлмесіндегі ауа температурасы орта есеппен 20 градус, ылғалдылығы шамамен 40-50% болуы керек. Бөлме үнемі желдетіліп, күн сәулесі жеткілікті түсуі қажет», – деп кеңес береді педиатр.

Сондай-ақ иммундық жүйені нығайту үшін гиподинамияның алдын алу, яғни қалыпты дене белсенділігі маңызды.

«Жаттығу терапиясы, тыныс алу жаттығулары, массаж. Бірақ ата-аналар ауыр физикалық күш, керісінше, иммундық жүйенің ресурстарының сарқылуына әкелетінін ұмытпауы керек», – дейді Динара Кусепова.

Анемия, рахит сияқты негізгі аурулардың алдын алу және емдеу үшін C, D, E, омега-3 дәрумендерін және құрамында темір бар препараттарды қолдану қажет. Сонымен қатар сарапшы атап өткендей, қолданар алдында дозаны анықтау үшін дәрігермен кеңесу қажет.

«Сонымен бірге тұмауға қарсы вакцина балаға ғана емес, бүкіл отбасыға қажет. Қазіргі жағдайларды ескере отырып, адам көп шоғырланатын орындардан, сауда орталықтарынан, дүкендерден, базарлардан аулақ болып, ата-аналар шектен тыс қонақжайлылықты азайтуы керек. Қарапайым гигиена ережелерін: қолды сабындап жууды, ересек балаларға маска тағуды, арақашық сақтауды естен шығармау қажет», – дейді дәрігер.

Ата-аналар иммундық жүйені тез және біржола көтеретін таблетка немесе дәрілік зат жоқ екенін есте ұстауы керек.

«Иммундық жүйені нығайту – қарапайым, тұрақты профилактикалық шаралар да қажет», – деп қорытындылады педиатр.