Мәслихат депутаты жұртшылықты сабырлы болуға шақырды

0
46

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Зұлпыхар Ғайыпов Мемлекет басшысының Үндеуіне өзінің пікірін білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Әлем елдері бойынша коронавируспен ауырғандар саны 12 миллионға жетті. Бұл нәубеттің қарқыны қатты болып, жағдай ушығып тұр. Дегенмен де көп нәрсе өзімізге де байланысты. Егер дәрігерлердің нұсқаулығын орындап, санитарлық-гигиеналық тазалықты сақтасақ, бұл індеттен құтылатын күнді жақындата аламыз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында да өткен ғасырларда осындай індеттің таралғаны туралы жазылған. Онда да адамдарға оқшауланып, көпшілікпен өтетін іс-шараларға бармауға кеңес берілген екен. Сол сияқты дәрігерлер мен имамдардың айтқанын орындап, талапты сақтасақ, біз де бұл қиын күндерді артта қалдырамыз», – деді ол.
Сонымен қатар депутат жұртшылықты сабырлы болуға шақырды.
«Ел билігі тиісті шараларды жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысы Үндеуінде жұртшылықты ауызбіршілікте болуға шақырды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы осы аптаның ішінде дәріханаларға дәрі-дәрмектің жеткілікті мөлшерде әкелінетінін айтты. Кезінде Ибн Сина: «Үрей ауруды асқындырады. Сабырлылық – аурудың жарты емі, шыдамдылық – емделудің басы» деген екен. Сондықтан барынша сабырлы болайық. Үрейге бой алдырмайық. 13 шілдені Президент Аза тұту күні деп жариялады. Осы күні барлығымыз өз үйімізде отырып, пандемияның құрбандарына айналған қандастарымызға Құран бағыштайық. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде әртүрлі «көріпкелдер», «емшілер» көбейіп кетті. Олар өз беттерінше сәуегейлік көрсетіп, көпшілікті дүрліктіріп жатыр. Менің пікірімше, бұл – үлкен қателік. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, барлығымыз жұдырық болып жұмылып, індетпен бірге күресейік. Рухани жағынан әрдайым бірге болсақ, бәрін де жеңеміз деп сенемін», – деді Зұлпыхар Ғайыпов.