00:00
Астана -10oC
USD:
447.25
EUR:
485.18
RUB:
4.96
Поиск

Мазақтан тарихқа: Эдуард Кимның ерекше жетістігі

17.07.2023 | 20:13
72
Фото: world aquatics

Су спорты түрлерінен Жапонияның Фукуока қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 17 жастағы Эдуард Ким Қазақстанның тарихындағы алғашқы жүлдені сыйлады. Осы орайда Elorda.info тілшісі Жапонияда жүрген жерлесімізбен телефон арқылы байланысқа шықты.

Қазақстан су спорты түрлерінен Дмитрий Баландинның Рио Олимпиадасында чемпион атанғанын бәрі біледі. Дегенмен, сонау 1994 жылдан бері су спорты түрлерінен әлем чемпионатына қатысып келе жатқан Қазақстан құрамасына алғашқы жүлде енді ғана бұйырды.

1994 жылдан бері Қазақстан атынан әлем чемпионатына 387 спортшы қатысқан.

Ватерпол – 205

Жүзу – 88 (56 ер, 32 әйел)

Көркем жүзу – 58 (54 әйел, 4 ер)

Дайвинг – 36 (18 ер, 18 әйел)

жжжж.jpg

-Көркем жүзу бәсекесінің техникалық бағдарламасындағы қола жүлдеңіз құтты болсын! Өз әсеріңізбен бөліссеңіз?

- Өте қуаныштымын. Айналамдағы құрама мүшелері, Қазақстандағы жанкүйерлердің барлығы құттықтап жатыр. Мені қолдағана ата-анама, достарыма, бапкеріме алғысымды білдіремін.

Жарысқа келетін болсақ, көркем жүзуден ерлердің бәсекесі осы жолы бірінші рет әлем чемпионатына енгізілді. Сондықтан алдын-ала жүлде бұйыратынын болжау қиын еді. Сайыста 9 спортшымен сынға түсіп, іріктеу кезеңінде 5-орынға тұрақтадым. Дегенмен, өзге спортшылардан қалмау үшін, бапкерімен ақылдасып, финалдық сында қола жүлдеге қол создым. Енді көркем жүзу бәсекесінің еркін бағдарламасында (18-19 шілде аралығы) осы қарсыластарыммен жүлдені сарапқа саламыз.

1-орын. Диас дель Рио Сол Фернандо (Испания) – 224,5550 ұпай

2-орын. Годе Кеннет (АҚШ) - 216.8000 ұпай

3-орын. Эдуард Ким - 216.0000 ұпай

-Бұған дейін осы спортта жүлде алдыңыз ба?

- 2019 жылы Словакияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарғанмын. 1 ай бұрын Испанияда өткен әлем кубогында аралас дуэт сайысында 3-орын, жеке сайыста (техникалық бағдарлама) 2-орын иелендім. Жалпы турнирлерде 2 алтын, 5 күміс, 11 қола жүлдем бар.

щщщщ.jpg

-Өзіңіз жайлы ақпарат бере кетсеңіз?

- Ата-анам Қазақстанның тумалары. Бастапқыда Қапшағай жақта тұрып, артынша Алматыға көшіп келген. Жүзу спортынан бөлек, гитарада ойнағанды ұнатамын. Бос уақытымда ән жазып, сериал көремін. Өзге қатарластарымнан қатты ерекшеленемін деп, айта алмаймын.

-Бұл спорт түріне қалай келдіңіз?

- Дәрігер бала кезімде жүрегімде ақау барын айтып, жүзуге қатысуға кеңес берді. 6 жылдай жүзумен айналыстым. Оқуыма кедергі келтірген соң, жүзуді тастап кеттім. 2018 жылы тәтем көркем жүзу спортымен айналысуға кеңес берді. Бастапқыда қыздардың арасында жалғыз өзім дайындалдым. Қыздар таңданып, маған күлді. Дегенмен, алған бағытымнан қайтпай, жаттықтым. Себебі, ерлер арасындағы көркем жүзу спортының болашағы бар екенін сездім.

-Көркем жүзуден әлем чемпионатында Қазақстаннан неше ер азамат өнер көрсетеді? 

- Эдуард Ким (2005 жыл)

- Виктор Друзин (2006 жыл)

- Артур Майданов (2005 жыл)

- Олжас Маханбетияров (2000 жыл) – 2019 жылы алғашқы болып, әлем чемпионатына қатысқан. Қазір спорттық мансабын аяқтады.

2019 жыл. Аралас дуэт (техникалық бағдарлама). Олжас Маханбетияров, Айгерім Исаева – 72,2 ұпай (9 мемлекеттің арасында 9-орын)

-Дегенмен, көркем жүзуден ерлер бәсекесі Париж Олимпиадасына кірмейді екен?

- Жеке сында қатыса алмаймын. Алайда командалық бәсекеде баруға болады. Ерлер арасындағы жаттығу биыл алғаш рет әлем чемпионатына енгізілді. Болашақта 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына көркем жүзуден ерлер мен аралас дуэт түрі кіреді деп, сенемін.

Көркем жүзуден аралас командалық сайыста Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде 22 елдің арасынан 17-орында тұр.

-Қазақстанда көркем жүзумен айналысатын ер балалар көп пе?

- Бұл спорт түрі әлемде енді ғана дамып келе жатыр. Ресми түрде аралас дуэт бәсекесі 2015 жылғы жаһан біріншілігіне алғаш рет қосылды. Ал Қазақстанда ерлер бірінші рет 2018 жылы жүлдеге таласты. Қателеспесем, 3 адам чемпиондық атақты сарапқа салдық. Қазір жыл сайын қатарымыз көбейіп келе жатыр. Былтырғы чемпионатта ерлердің саны сегізге дейін ұлғайды.

Әлем чемпионатындағы бұған дейінгі ең үздік көрсеткіштеріміз:

2015 жыл. 100 метрге брасс әдісімен жүзу. 4-орын (77 қатысушы). Дмитрий Баландин

2015 жыл.

200 метрге брасс әдісімен жүзу. 6-орын (52 қатысушы). Дмитрий Баландин

2019 жыл. 100 метрге брасс әдісімен жүзу. 7-орын (87 қатысушы). Дмитрий Баландин

2019 жыл. 200 метрге брасс әдісімен жүзу. 7-орын (52 қатысушы). Дмитрий Баландин

2017 жыл. 25 шақырымға жүзу. 7-орын (25 қатысушы). Виталий Худяков

-Аптасына неше мәрте жаттығасыз?

- Аптасына 6 күн жаттығамыз. Таңғы 8:30-дан 10 жарымға дейін физикалық жаттығумен айналысамыз. 11-ден 3-ке дейін суда боламыз. 2 сағаттық үзілістен соң, кешкі 8 жарымға дейін қайта суда элементтерді шыңдаймыз.

-Сұхбатыңызға рақмет!

Қанат Байұзақов

Все новости