00:00
Астана -10oC
USD:
447.25
EUR:
485.18
RUB:
4.96
Іздеу

Профессор: Президент үндеуі – мемлекеттің көмекке зәру азаматтарына көрсететін қамқорлығы

13.02.2023 | 18:39
Елорда ақпарат
34
Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ақын, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлы президент үндеуіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Қасым-Жомарт Кемелұлы теледидар арқылы халыққа маңызды мәлімдеме жасап, қазіргі қиын жағдайдан шығудың нақты жолдары мен атқарылар іс-шараларды атап көрсетумен бірге, мемлекеттің еліміздегі аз қамтылған, көмекке зәру азаматтарына көрсететін нақты қолдауы мен қамқорлығын да жария етті. Ендігі мәселе, ел тұрғындарының саналылық танытып, президенттің үндеуіне үн қоса білуінде, сондай-ақ әр азаматтың қиын кезеңнен аман-есен өтуге өзінің үлесін қосуға деген ұмтылысында. Жасыратын несі бар, қазір елімізде атышулы індет өршіп барады. Жұқтырғандар саны күн санап өсуде. Бұл дерт жалғыз біз ғана емес, тұтас адамзат баласын алаңдатып отыр. Дегенмен қазақ елінің дәтке қуат етерлігі, атыжаман дерттің көрші елдерде дыңғыры шыға бастаған күннен бастап президент Тоқаев сақтық шараларын күшейту жұмыстарына баса мән беріп, билік бұтақтары мен ел тұрғындарына дабыл қағып, қатерлі дертпен күресудің дайындық жұмысына ерте бастан кірісті. Атап айтқанда, вирус ошағы болған ҚХР-мен шекара ақпан айының басында-ақ жабылды. Сақтану, алдын алу, емдеу істерінің дайындығы күн ілгері жасалды. Азық-түліктің, дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры жасақталумен бірге, емханаларымыздан мыңдаған орын әзірленді. Медицина, денсаулық сақтау саласы мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері алдын ала әзірлік жұмыстарына кірісіп кетті. Алайда біздің еліміз де жердің бетін өзге жұртпен бірге ортақ мекендеп отырғандықтан, қалай сақтанса да маңайында қаулап өріп, саулап төгіліп жатқан, тез таралатын дерттен аулақ бола алмады. Атыжаман дерт ақыры қазақ жеріне де келді. Президент жарлығымен елде карантин жарияланды. Нұр-Сұлтан мен Алматы, Шымкент қалалары оқшауланды. Сонымен бірге мемлекет басшысы Тоқаев телеарна арқылы тұтас ел халқына қайта-қайта үндеу жариялап, жалпы халықтан және үкіметтен сақтық шараларын босаңсытпауды талап етті. Өкінішке қарай бұл мәселеге біздің көптеген отандасымыздың әлі де болса жеткілікті мән бермей отырғанын несін жасырайық. Адам шығыны көп болған Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Иран, АҚШ және тағы басқа елдердің жағдайына назар аударсақ, бұл елдердің о баста аталмыш дертке баса мән бермегенін, керісінше тым жүрдім-бардым, өте бейжай қарағанын аңғару қиын емес. Сондықтан қадірлі ағайын, еліміз бен жеріміздің тағдыры үшін, сіз бен біздің және ұрпағыңыздың амандық-саулығы үшін ел басшылары, өкімет тараулары жан ұшырып, шыр-пыр болып жатқанда, немкеттілікпен жүргендердікі сыпайылап айтқанда санасыздық, түптеп келгенде қылмыс! Ұлт басына осындай қиын сынақ түсіп тұрғанда мемлекет басшысының уәжі мен талабына құлақ асып, тәртіпке саналы түрде бойұсынып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, дерт-дербезді аман-есен еңсеруді ойлайық ағайын!», - деді Дүкен Мәсімханұлы.
Барлық жаңалықтар