00:00
Астана -10oC
USD:
447.25
EUR:
485.18
RUB:
4.96
Іздеу

Айман Оралбайқызы: Мақсат – баланы балабақшаға бейімдеу

15.05.2024 | 18:45
169
Айман Оралбайқызы: Мақсат – баланы балабақшаға бейімдеу
Фото: дереккөз

Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие – бала өміріндегі маңызды кезең. Балабақша балалардың жан-жақты дамуына қамқорлық жасайды, әр баланың психологиялық-физиологиялық ерекшелігі ескеріледі. Біз осы ретте Астанадағы Президенттік Іс басқармасы Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының жоғары санатты педагог-психологы Айман Төлегенмен мектеп жасына дейінгі балалармен психолог маманы атқаратын жұмыс барысы туралы сөйлестік. Кейіпкеріміз бұл салада 25 жылдан астам тәжірибесі бар, білікті маман. Айман Оралбайқызы ғылыми-әдістемелік жұмыстардың авторы, тәлімгер, Қазақстанның Педагогтер қоғамы ұйымдастырған «Білім беру ісінің үздігі – 2023» республикалық байқауының «Үздік педагог-психолог» номинациясының иегері.

- Айман Оралбайқызы, балабақшада педагог-психологтың орны ерекше екенін білеміз, осы ретте маманның мақсаты мен рөлін қалай бағамдар едіңіз?

Педагог-психолог маманының мақсаты – білім беру салаларын дамыту үдерісінде олардың жеке білім беру нәтижелеріне жетуіне психологиялық жағдай жасау негізінде балалардың психикалық денсаулығын сақтау және нығайту. Психолог мамандығын таңдаған адам ең алдымен тұрақтылық, бірізділік, талапшылдық, жауапкершілік, ұқыптылық, ұтымдылық қасиеттерін бойына дарытуы қажет. Мен мысалы, жұмыс барысында барлық жас ерекшелік топтарындағы балалармен жұмыс істеймін. Ата-аналармен жұмысқа үлкен көңіл бөлінеді, себебі уақытылы кеңес беру баланың мінез-құлқының дұрыс қалыптасуына септік етіп, психикалық дамуындағы ауытқулардың алдын алуға көмектеседі.

- Мектепке дейінгі тәрбиеде педагог-психолог маманы қандай әдіс-тәсілдерді немесе нұсқауларды кеніңен қолданады?

Психолог мамандығы шығармашылық пен ізденіске толы мамандық. Қазіргі таңда психолог болып жұмыс істеу үшін университет немесе институт білімі аз болады. Қосымша жұмысыңнан бөлек, үнемі жаңа өзгерістерге сәйкес білім алып отыру керек.

Өз жұмысымда мен арт-терапия, сенсорлы кіріктіру, нейропсихология әдістерін, монтессори, АВА-терапиясының элементтерін пайдаланамын. Бұл әдістердің әсерінен бала бойындағы қорқыныш, сенімсіздік кетіп, жанындағы жолдастарына, өзіне, сенімділік пайда болып шығармашылық жағынан ашылып, жағымсыз эмоциялардан арылып, өз мінез-құлықтарында жақсы дағдылар қалыптаса бастайды. Түзету-дамыту жұмыстары топтық, шағын топтық және жеке түрде жүргізіледі. Мен балалармен жұмыс барысында танымдық, шығармашылық, ойын сипатындағы көрнекі әдістер, нейропсихологиялық тәсілді, интерактивті технологиялар, арт-терапия, АВА-терапия элементтерін қолдана отырып, жас жеткіншекке әсер етуді ойластырамын.

- Баланың балабақшаға бейімделу үрдісі қандай? Балаға бұл жөнінен қалай көмектесуге болады?

Баланы балабақшаға бейімдеу кезінде ата-ананың балабақша мамандарына және баласы баратын топтың тәрбиешілеріне деген үлкен сенімі болу шарт.

Баланы балабақшаға бейімдеу – бұл оны өмірдің жаңа жағдайларына, белгісіз кеңістікке, күн режиміне, тамақтану режиміне, сондай-ақ жаңа әлеуметтік ортаға және жаңа қатынастарға (тұлғааралық және ұжымдық) дайындау екені түсінікті. Жаңа жағдайға бала қалай үйренеді? Өкінішке қарай, балабақшаға бейімделу көбінесе қиын және ауыр өтеді. Бала тамақ ішпейді, ұйықтамайды, балалармен және үлкен адамдармен араласудан бас тартады да, қоршаған ортаға деген қызығушылығы төмендейді, ойыншықтарды ойынға қатыстырмайды.

Баланы балабақшаға жағымды жағынан қалыптасып, бейімдеу үшін маман ретінде ата-аналарға мына кеңестерді ұсынар едік.

Балаға өзіңіздің алаңдаушылығыңызды көрсетпеңіз. Баланы балабақшаға бару қажеттілігі туралы ойлауға алдын ала дайындау керек екені айтпаса да түсінікті. Шешіміңіз туралы қуанышпен хабарлаңыз, сіз оны өте мақтан тұтасыз және ол балабақшаға бара алатындай үлкен бала болғанын айтыңыз. Бұл оқиғадан үлкен мәселе жасамаңыз, күн сайын оның балабақшада болатын өміріндегі өзгеріс туралы сұрай берсеңіз, себебі оны мазасыздандырып, күдігін күшейтіп алуыңыз әбден мүмкін. Ең бастысы –баланың күн тәртібіне назар аударыңыз.

Үйде де ұйқыдан тұрғызу, тамақтану, ұйықтау, серуендеу балабақшадағы күн тәртібі режиміне сәйкес келуі керек. Балаға өзін-өзі күтудің негізгі дағдыларын алдын ала үйретуге тырысу – өте маңызды. Балаңыз балабақшаға келгенде өздігінен тамақ ішіп, киініп, аяқ киім киіп, қарапайым гигиеналық процедураларды орындай алатын болса, балаға ортаға бейімделу оңайырақ болады.

Балаңыздың ас мәзірін мүмкіндігінше балабақшанікіне сәйкестендіріңіз. Балалардың балабақшаға барғысы келмейтін себебінің бірі – тамақтану. Егер оның кей тағамдарға аллергиясы болса, ескертуді ұмытпаңыз. Балабақшаға бермес бұрын да баланы басқа балалармен және ересектермен сөйлесуге дайындау маңызды. Онымен бірге ойын алаңдарына барыңыз, үйге шақырыңыз және балалары бар адамдарға қонаққа барыңыз, балаларды құрдастарымен ойнауға үйретіңіз. Бірінші күні сабырлы болуға тырысыңыз, себебі балалар ата-ананың қобалжуын жақсы сезінеді. Баланың балабақшаға бейімделу кезеңі ата-анаға да үлкен қобалжу әкелетінін түсінуі керек. Кей сәттерде олар баладан да артық күйзеледі. Сондықтан отбасы мүшелері өз сезімдерін бақылап, негізін түсініп отыруы қажет.

Балабақшадағы баланың бейімделуі әртүрлі, кейбір балалар 1-2 апта түскі асқа дейін қалады, кейбірі 2-3 аптадай ұйықтауға қалып жүреді, ал ортаға оңай бейімделген балалар 3-4 аптадай толық күнге қалады. Баланың ерекшеліктеріне байланысты бүкіл процесс тездетіліп немесе керісінше, баяу жүруі мүмкін.

Балабақшаға баланы апарып тастарда тез қоштасып кетіп қалуға тырысу қажет. Баланы сүйіп, құшақтап, кешке келетініңізді айтып, қолыңызды бұлғап кетіп қалғаныңыз жөн. Баланы қалдырарда келердегі нақты уақытты атаңыз және кез келген жағдайда кешікпеуге тырысыңыз.

- Балалардың психологиялық денсаулығын сақтау үшін ата-анаға қандай кеңес бересіз?

Психологиялық тұрғыдан салауатты адам – ол ең алдымен ақкөңіл және ашық, шығармашыл, өзін және қоршаған ортаны тек санамен ғана емес, сезіммен, интуициямен танитын адам. Ол өзін жақсы түсінеді және айналасындағы адамдардың бірегейлігі мен құндылығын мойындайды.

Психологиялық салауаттылық адамның өмір бойында қалыптасады. Әрине, өмір барысында ол өзгеріп тұрады және баланы қамқорлыққа алып отырған ересектердің міндеті – сол психологиялық денсаулықтың сақталуын және нығайтылуын қамтамасыз ету.

Баланың психологиялық денсаулығын сақтау үшін отбасында баланың өсіп жетілуіне, денсаулығына қамқорлық жасау, нығайту, бекіту. Тазалық дағдыларын қалыптастыру, еңбексүйгіштікке, еңбекті қажетсінуге баулу баланың күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыру тұрмыстағы, үй шаруашылығындағы еңбекке құлшынысын арттыру, өзіне-өзі қызмет ету дағдыларына үйрету маңызды. Отбасы мүшелерінің өзара дұрыс қарым-қатынасын, тіл табысып, түсінісуін, бірін-бірі тыңдап, ата-ананы, туған туыстарын, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету, оқудың, білім алудың, мәдени мінез-құлықтың әдеп-дағдыларын қалыптастыру, баланың икемділігі мен қабілетін байқап, кәсіптік жағынан бағдарлау, өнерге, мәдениетке, ғылымға құштарлығын тәрбиелеу, уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру өзекті. Баланы тәртіпке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке, ойшыл болуға, сергектік пен есті әрекеттерге баулу күн тәртібіндегі мәселе.

Сұхбаттасқан Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар