00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Сенаторлар бірқатар заңды мақұлдады

31.03.2023 | 22:34
Елорда ақпарат
35

Бүгін Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заңды қарап, мақұлдады, деп хабарлады Elorda.info.

Күн тәртібінде алдымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 5-тармағына сәйкес Парламент Сенатының депутаты Гүлмира Кәрімованың өкілеттігін тоқтату туралы Орталық сайлау комиссиясының ұсынымы қаралды.

Мәулен Әшімбаев жеке өзінің және Сенаттың атынан Гүлмира Раинбекқызының отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтып, оның Солтүстік Қазақстан облысының дамуына және ұлттық білім беру жүйесін жетілдіруге үлкен үлес қосқанын атап өтті.

Отырыс барысында сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Аталған хаттама Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің қызметіне қатысты мәселелерді шешуге бағытталған. Осы заң арқылы халықаралық шарт деңгейінде бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу тәртібін, кезеңдері мен мерзімдерін, анықталған бұзушылықтарды жою тетігін және тексеруге қатысушылардың өзара іс-қимылының ұйымдастырушылық мәселелерін бекіту ұсынылады.

Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қарап, қабылдады. Бұл құжат еңбек дауларын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыру мәселелері бойынша елдің заңнамасын жетілдіру үшін әзірленді. Жаңа түзетулер келісім комиссиясының қызметіне, ұжымдық еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін нақтылауға, жиналыстар немесе ескерту ереуілдері өткізілуі мүмкін жағдайларға және басқа да тиісті жайттарға қатысты мәселелерді қамтиды.

Мемлекет басшысы еңбек дауларына қатысты құқықтық қатынастарды қосымша реттеу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Соған сәйкес әзірленген бұл заң осы саладағы отандық заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы, дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдану – құқықтық саясатты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы заң арқылы жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі қайта қаралады. Сондай-ақ келісу және татуластыру комиссиясының мәртебесі күшейе түседі. Алдағы уақытта жаңа нормалар жұмысшылардың құқықтарын қосымша қорғауға және еңбек дауларын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді Сенат төрағасы.

Барлық жаңалықтар