00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Поиск

Астана нейрохирургиясында күрделі оталар жасалады

14.06.2023 | 11:00
77
Фото: автордікі

Елімізде қанайналым жүйесі ауруларынан кейінгі екінші орында тұрған – обыр. Аты жаман аурудан жыл сайын 13 мыңнан астам адам ажал құшады. Қазір Қазақстанда 205 мың науқас бар, санына қарап үлкен бір қаланың тұрғындары ма дерсің. Міне, солардың бас сүйеп келетін жері – Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығы. Осы орталықта бүкіл Орта Азияда баламасы жоқ жаңа технологиялармен миға пышақсыз ота жасалуда. Бұл туралы егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, баспасөз турына қатысып қайтқан Elorda.info тілшісінің төмендегі материалына ден қойыңыз. 

Межеленген уақытта Астанадағы «Тұран» даңғылы бойында орын тепкен еңселі ғимаратқа бас сұқтық. Ұлттық нейрохирургия орталығының құрылғанына биыл 1 шілдеде  15 жыл толады екен. Осы жылдар ішінде 60 мыңнан астам науқас осында келіп, ауруына дәру тапқан. Оның ішінде 40 мыңына ота жасалған. 

мозга.jpg

Біз, тілшілер, заманауи жабдықталған ғимараттың екінші қабатындағы Әл-Фараби конференция залына ендік. Мұнда бізді Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры Асылбек Қалиев қарсы алып, журналистердің жаудырған сұрақтарына байыппен жауап бере бастады. 

Оның айтуынша, орталық ашылғанға дейін жоғары технологиялық емдеуді қажет ететін нейрохирургиялық патологиясы бар пациенттердің 80 пайызын елде емдеу мүмкіндігі болмаған. Қазір орталықта 70 жаңа медициналық технология енгізіліп, мұндай мүмкіндікке қол жетті. 

асыл.jpg

Асылбек Қалиев презентация барысында, сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет нейрохирургияның түбегейлі жаңа бағыттары – микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық және функционалдық нейрохирургия енгізілгенін айтты.

-Бұрын егде жастағылар аурушаң болатын еді. Қазір ауру жасарып кетті. Инсульт, бас-ми ісіктері көбейді. Бүгінде ауру дегеннің не екенін білмеуі керек 20 жасар бала мен 40-тағы қылшылдаған жас адамдар осындай кеселдерге шалдыққан, - деді Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры. 

«Ал осы аурулардың көбеюін немен байланыстырасыз?» деген тілшілердің сауалына Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры оны қазіргі кездегі диагностиканың қолжетімді болуымен түсіндірді. Оның пайымдауынша, бұрын адамдар ауру ошақтары болса да, оны білмегесін жүре берген. Әрине, экология да, өмір сүру салты да бұл аурулардың өршуіне өз ықпалын тигізетіні өз алдына. 

мира.jpg

Әрі қарай дәрігер осы күшіктеп кеткен аурулардың дауасы болар көптеген жаңа әдіс, жаңа технологиялар жайлы LED экранда бейнеленген слайд-шоу арқылы баяндап кетті. 

-Ұлттық нейрохирургия орталығының жұмысындағы тағы бір үлкен бағыт – омыртқа мен жұлын ауруларын хирургиялық емдеу. Мамандандырылған бөлімшеде өз аяғына тұрып кетуіне үміт жоқ деп есептелген науқастардың жүруіне мүмкіндік беретін омыртқаға жасалатын заманауи реконструктивті оталар игерілді. Бұл бағыта 12 000-нан астам операциялар жасалды, - деді ол. 

Орталықта эпилепсияны емдейтін замануи технологиялар бар екен. Қазақта «қояншық» деп аталатын кеселді көрген боларсыздар. Бұл ауруға шалдыққан адам аяқ астынан есінен танып, шалқалақтап, тілін жұта жаздайды ғой. Дәрі-дәрмекке төзімді, емделместей көрінетін осы аурудың ауыр түрлеріне ем жүргізіледі. Сондай-ақ паркинсон ауруына шалдыққандардың қалыпты өмір сүруін қиындататын қатты қалтырау салдарымен күресу үшін де нейрохирургия әдістері қолданылады. Мәселен, мидың терең қатпарларына электроттар енгізіліп, мұның белгілі бір нүктесіне әсер ету арқылы науқастың жағдайын жақсартады. 

Ми-жұлын зақымдануының салдарынан қоларбаға таңылғандар  қарапайым зат алмасу процесін сезбей, бақылай алмай қалмай ма? Міне, сондай жағдайда да беломыртқаға енгізілген электроттар көмектеседі. 

сурр.jpg

Орталықта кесарь тілігімен қоса ми ісігіне де ота жасатқан жүкті әйелдің оқиғасы жан тебірентерлік екен. Мамандар ананы да, баланы да аман алып қалған. Ал ота жасатқан әйел бұдан кейін де екі рет балалы болған. 

Ал орталыққа түсетін науқастар саны жыл сайын артып отырғаны өкінішті-ақ. Бұдан бес жыл бұрын 3 мыңдай науқас нейрохирургиялық көмекке жүгінсе, былтырдан бастап олардың саны 5 мыңға артып отыр. Оларға 89 дәрігер мен 181 медбике қызмет көрсетеді. 6 клиникалық бөлімше, 160 төсектік орын бар. Соңғы жылдары енгізілген медициналық құрылғылардың ішіндегі атышулы  инновациялық құрылғы -  Гамма-пышақ радиохирургия бөлімшесінде орналасқан. Гамма-пышақ арқылы бас миы, жұлындағы ісіктер, тамырлардың ақауы және функционалдық  өзгерістерге ем жасалады.

кәр.jpg

Біз сыртында «Назар аударыңыз, радиация бар» деген жазуы бар темір есікті айқара ашып, ішке ендік. Кең, жарық бөлменің ортасындағы төсекте науқас жатыр екен. Дәрігер емді аяқтап, оны тұрғызып, хал-жағдайын сұрады. 40 жасар әйел өзін өте жақсы сезініп тұрғанын айтты. 

-Басқа жерден басталған ауру басыма шапты. Өткенде бір рет, осымен екінші рет осы аппаратпен операция жасатып отырмын. Басқаларды қайдам, өзімнің кезегім тез келді, бес-ақ күннің ішінде отаға жолдама алдым, - деді Тамара Сабадаш. 

р.jpg

Мұндай оталар Қазақстанда, тіпті Орталық Азияда теңдесі жоқ Гамма-пышақ технологиясы арқылы жүзеге асырылады. Аталған технологиямен емдеу елімізде 2021 жылдың маусымынан басталған. Біз көрген науқастың бас-ми ісігі осы құрылғы арқылы күшті сәулемен күйдірілген.

-Ота пышақсыз, наркозсыз, қан құйылуының қатерінсіз  жоғары дозалы сәулелендіру арқылы жасалады. Әрі күшті сәуле тек обырлы ДНҚ-ны ғана ыдыратады, ал айналасындағы сау тінді бүлдірмейді. Науқас тамақтанып, жақсы көңіл күймен , ауырсынусыз ем алып, үйіне жағдайына қарай сол күні я ертесі күні-ақ бара алады. Отаға ең азы 15 минут, ең көбі 7 сағат шамасында уақыт кетеді,-  деген нейрохирург Нұрхат Сығай Тамара ханымнан «Таңғы асты іштіңіз ғой? Еш жеріңіз ауырып тұрған жоқ па?» деп сұрады. Ол болса: «Тіпті, түстік асқа тойып алдым ғой»,- деп күлді. 

кккк.jpg

Орталықтағы мамандар, Гамма-пышақ-тың көмегіне, тіпті, жақын шетелден ғана емес, еуропалықтар да  ақылы негізде жүгінгендерін айтып отыр. Науқастардың ішінде, өкінішке орай, балалар да бар. Олардың ең кішісі - 2 күндік шарана, ал ең үлкен науқастың жасы – 90-да. Бүгінде орталықта күніне 3-4 науқас миға пышақсыз ота жасалса, екі жылда бұлардың саны 1000-ға жуықтады. 

Баспасөз турында Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры Асылбек Қалиев мынаған екпін жасады:

-Адамдар мынаны білсе екен деймін. Біздерді көбісі жекеменшік мекеме деп ойлайды. Бірақ бұл – олай емес. Орталық Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Сондықтан да МӘМС аясында тұрғындарға тегін қызмет көрсетіледі. Өзіңіз ойлаңызшы, 3-4 млн тұратын қымбат ота медициналық сақтандыруға айына 2-3 мың теңге төлейтін адам  үшін қолжетімді. 

 Медициналық қызметтің бұл түрі 2021 жылы МӘМС бойынша көрсетілетін қызметтер тізіміне енген болатын. Өткен жылы осындай 460 ота жасалған. 

ккккк.jpg

Гамма-пышақ арқылы отаға обырға ұшыраған науқастар жергілікті жердегі емханалардың жолдауымен,  «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркелу арқылы кезекке тұра алады. Орталықтағы  мамандар кеселге шалдыққан жандардың ауру деңгейіне қарап, ісіктің қатерлі я қатерсіздігіне орай шешім қабылдайды. Шұғыл көмек керек обыр ауруына шалдыққан науқас орталыққа неғұрлым ерте жеткізіледі.

Бұл жөнінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры Забира Оразалиева да бірқатар деректер келтірді.

-2022 жылы еліміздің тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларында 452,5 млрд теңге сомасына шамамен 1,9 млн жағдай емделді, оның ішінде МӘМС бойынша 1,5 млн жағдай. 2023 жылдың 1 кварталында  480 мың пациент көмек алды, оның ішінде 385 мың пациент МӘМС аясында емделді, - деді ол. 

«Ал МӘМС-ке жарна салмаған адам не істейді?» деген тілшілер сауалына «Науқасқа шұғыл көмек керек болған жағдайда ғана тегін көмек көрсетіледі» деп жауап берді мамандар. Сондықтан міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдеріне салғырт қарамаған жөн. Жұмыста болмасаңыз, өзіңіз бір жылға алдын ала төлеп қою арқылы, тегін медицина қызметін ала аласыз. 

Айта кету керек, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорымен қоса жоғары технологиялық емдеу ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен бөлінетін республикалық бюджет қаражаты есебінен де қаржыландырылады. 

ттт.jpg

Иә, ауру айтып келмейді. Қандай жағдай болмасын қапы қалмау үшін қамсыз отырмаған жөн, рас. Ал алда-жалда бас ауырып, балтыр сыздағанда шетел аспай-ақ, қыруар ақша төлемей-ақ, маңдай тіреп баратын осындай іргелі медициналық орталықтар болса, науқас адам үшін үлкен қолдау емес пе? Ұлттық нейрохирургия орталығында болған тілшіміз баспасөз турынан осындай оймен оралды. 

Салтанат Мұратқызы  

Все новости