00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Поиск

Тіс дәрігеріне жарты жылда бір рет тексеріліп тұру керек – маман

18.06.2023 | 11:00
48
Фото: baq.kz

Елімізде маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің мерекесі. Бүгін – дертіне дауа тауып, әрдайым көмек қолын созатын ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мерекесі. Мереке қарсаңында Elorda.info тілшісі елордалық тіс дәрігерімен тілдескен еді.

Бүтін тіс – адамның көркі. Десе де кез келген адамның жас-қарттығына қарамай тіс ауруын басынан өткеретіні рас. Тіс ауруын және оның жанға батуын ұмыту мүмкін емес. Тіс ауруына аса мән бермеу – оның асқынуына алып келетін басты себептердің бірі. Бұл туралы 9 жылдан бері тіс дәрігері болып қызмет ететін елордалық Дана Қанатқызы айтты. 

Жыл сайын тісті емдеудің жаңа әдіс-тәсілдері шығып жатыр. Қазіргі таңда дәрігер тек кәсіби болумен қатар, заман талабына ілесіп отыруы қажет. Үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, өзге әріптестермен тәжірибе алмасып отыруы керек. Бүгінгі таңда адамдар әуелі дәрігердің әлеуметтік желідегі парақшасына назар аударады. Сондықтан сала мамандары әлеуметтік желілердегі парақшаларда сапалы контент орналастырып, пайдалы ақпараттармен бөлісіп отыруды ұмытпауы абзал, - деді тіс дәрігері. 

Маманның айтуынша, әр адам тіс дәрігеріне жарты жылда бір рет тексеріліп тұруды әдетке айналдырғаны жөн. 

Көпшілігі тіс дәрігерінің қызметі өте қымбат деп есептейді. Сондықтан олардың көбісі дәрігерге тек тісі ауырған уақытта келеді. Әлбетте, ол кезде тісті емдеу де қиын. Сондай-ақ тіс щеткасы мен тіс пастасын әр үш ай сайын ауыстыру керек, - деді маман. 

Тіс дәрігері әуелі психолог болуы қажет. Мұндай пікірді Дана Қанатқызы айтады. 

Маман тісті емдеу барысында алдымен, науқастың ішкі жан дүниесін түсінетін психолог болуы қажет. Екіншіден, әр тіс дәрігері өзінің айналысатын ісін ұнатса, онда жұмысы да жемісті болады, - деді ол.

Ал тіс дәрігеріне уақытында тексеріліп тұру – салауатты тістерді сақтаудың кепілі. 

Барша дәрігерлерді бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Жұмыстарыңыз әрдайым жемісті болсын. Сіздерге қажымас қайрат, сарқылмас күш-қуат тілеймін, - деп сөзін түйіндеді дәрігер. 

Гүлбақыт ДҮЙСЕН

Все новости