00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Астанада Темірбек Жүргенов пен Жұмат Шаниннің мерейтойлары аталып өтті

20.04.2023 | 13:30
51
Фото: дереккөз

«Астана Опера» театрында тыңдарман қауым назарына Ғ.Мүсіреповтің либреттосына қойылған Е.Брусиловскийдің ұлттық опера маржаны – «Қыз Жібек» операсы ұсынылды. Спектакль көрнекті мәдениет қайраткерлерінің атаулы мерейтойлық даталарына – Т.Жүргеновтің 125 жылдығы мен Ж.Шаниннің 130 жылдығына орайластырылды, деп хабарлады Elorda.info.

Біз опера жауһарын орындауды қазақ өнерінің дамуына зор ықпал етіп, 1934 жылы «Қыз Жібектің» алғашқы қойылымын жүзеге асыруға зор үлес қосқан белгілі тұлғаларға арнадық. Осы қойылыммен операны жазуға бастама жасаған Темірбек Жүргенов және Құрманбек Жандарбековпен қатар қоюшы режиссер ретінде қатысқан Жұмат Шанинге деген құрметімізді білдіреміз. Сонымен қатар біздің театрдағы аталмыш спектакльдер жарқын вокалистердің маңызды дебюттерімен аталып өткенін айта кеткен жөн: қойылымның бірінші күні Төлегеннің партиясымен сахнаға алғаш рет Astana Opera Халықаралық опера академиясының тыңдаушысы Талғат Аллабірінов шықса, келесі күні Қарлығаш бейнесінде театр солисі Елена Ганжа өз дебютін жасады, – деді спектакльдің 
дирижері Руслан Баймурзин.

Болашағынан зор үміт күттіретін жас тенор Талғат Аллабірінов үшін Төлегеннің 
партиясын орындау үлкен сахнадағы алғашқы басты рөлі болды.

Мен бұл күнді тағатсыздана әрі шабыттана күттім десем болады, бәрі жоғары деңгейде өтеді деп үміттендім және сендім, себебі алғаш рет бас партияны орындау – менің әртістік жолымдағы маңызды парақша ғой. Достарым, әріптестерім – солистер, хор, оркестр, дирижер – барлығы да зор демеу көрсетті, осының өзі мені жігерлендірді, – деп ой бөлісті Талғат Аллабірінов.

Алғашқы ұлттық опера кейіпкерлерінің образдарын әр күні «Астана Операның» 
майталман солистері, сонымен бірге Astana Opera Халықаралық опера академиясының 
талантты жас әртістері сомдап шықты. 

Ару Жібектің бас партиясында сахнаға Мәдина Исламова мен Жәмиля Жарқымбаева шықса, Бекежанның рөлін Талғат Ғалеев дайындады. Шеге – Бейімбет Таңарықов, Базарбай – Болат Есімханов, Жанат Шыбықбаев, Қамқа – Гүлжанат Сапақова, Батсайы – Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Дүрия – Әйгерім Аманжолова, Ұлпан Әубәкірова. 

Бас хормейстер – Ержан Дәуітов, қоюшы режиссердің көмекшісі – Еренбақ Тойкенов, балалар хорының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова, опера труппасының директоры – Азамат Жылтыркөзов. 

Барлық жаңалықтар