00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Түркістандық әртістер елордада премьера ұсынады

25.02.2023 | 13:06
Елорда ақпарат
43

Шығармашылық ұжым елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосына «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін ұсынады.

«Астана Операны» Түркістан музыкалық драма театрымен достық әрі шығармашылық қарым-қатынас байланыстырады. Көпшілікке белгілі, біздің балет труппамыз биыл маусымда алғаш рет Түркістанда гастрольдік сапармен болды. Драма театр сахнасында әртістер «Шехеразада» балетін және балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың авторлық гала-бағдарламасын орындады. Араға екі ай салып «Астана Операда» жауап ретіндегі гастрольмен киелі Түркістан қаласынан әртістердің өнер көрсететініне өте қуаныштымыз. Әріптестеріміздің өнеріне елордалық жұртшылық жоғары баға беретініне сенімдімін, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Түркістан музыкалық драма театрының ашылғанына аз уақыт өтсе де, ол республика көлеміне танымал бола бастады. Бұл Нұр-Сұлтанға екінші гастрольдік сапарымыз, оған дейін біз Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында елордалық жұртшылыққа арнап Дулат Исабековтың «Бөрте» тарихи драмасын орындадық, енді «Астана Операның» тамаша сахнасында өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе. Барша көрермендерді 27-28 тамызда заманауи би мен операны біріктірген «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінде жас театрдың өнерін бағалауға шақырамыз, – деп атап өтті Түркістан музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.

Спектакль көшпелі халықтардың тарихында терең із қалдырып, құнды әдеби-музыкалық мұра жасаған аңызға айналған Қорқыт атаның өмірі жайлы баяндайды. Либреттоға сәйкес, ол алып қарағаштан ойып қобыз жасайды, осынау аспап өзінің сиқырлы үнімен айналадағының бәрін үндестік пен саулыққа түрлендіреді. Алайда қобызшының өмір жолында көптеген сынақтар кездеседі. Ол өзінің түсінде көргендерінен құтылуға тырысады және қайда барса да, жердің бір бұрышынан екіншісіне көшіп-қонса да, барлық жерде Өлімнің елесі соңынан қалмайды. Қиын жолдан өткеннен кейін, ақыры, Қорқыт туған жеріне оралады.

Спектакльді қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Қоюшы хореограф – белгілі ресейлік балетмейстер, өнертанушы Константин Семенов. Композитор – Хамит Шаңғалиев. Спектакльдің көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, қоюшы суретшісі – Татьяна Вьюшинская, жарық бойынша суретші – Татьяна Мишина, бейнеконтент суретшісі – Сергей Рылко, костюмдер бойынша суретшілер – Назым Жайлаубаева және Назым Қарпықова, декоратор-суретші – Жанат Көкімбеков, балетмейстер – Дәулет Мұратпеков, грим бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова.

Екі күн қатарынан елордалық көпшілік алдында Түркістан музыкалық драма театрының дарынды әртістері Еламан Әбдіқалық, Еркінбек Әубәкіров, Ақылай Сыдығалиева, Алина Ормонбек, Рустам Шайхов, Гүлжанат Қаламғазина, Бақытнұр Дүйсенбаева, Мао Сакаи, Фархад Сәдуақасов, Джозеф Рахимбаев, Дастан Сәттар, Ақтан Асылбашев, Ильяс Джарлыкасымов, Елдос Оспанов, Әмина Әбдіқалық, Алуа Төрегелді, Камила Әлімжанова, Аяжан Медетхан, Мәдина Сәдубаева өнер көрсетеді.

Спектакльдердің басталуы 19.00-де.

Барлық жаңалықтар