00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Елорданың еңбек ұжымдары «Астана Операның» спектакльдеріне шақырту алды

25.02.2023 | 02:57
Елорда ақпарат
34

Елорда әкімдігінің бастамасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тауып, 9 ақпаннан бастап 29 наурызға дейін Мәдениет басқармасымен және Астана Опера театрымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Аталған жобаға екі мыңнан астам шақырту билеті тегін бөлініп, оған Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік, ақпараттық сала қызметкерлері, полиция, төтенше жағдай департаменті қызметкерлері, сол сияқты көпбалалы аналар және ардагерлер қауымы тамашалауға мүмкіндік алды.

Бүгін мен елордадағы «Астана Опера» ғимаратына келіп, «Қыз Жібек» қойылымын тамашаладым. Бұл қойылымға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен арнайы шақырту алдым. Бұрын «Қыз Жібектің» көркем фильм нұсқасын көретін едім. Бүгін арнайы қонақ болып қатысқаныма өте қуаныштымын, - дейді қала тұрғыны Гүлжазира Зейнолла.

Бұл жобаның басты мақсаты – осы қойылымдар арқылы қала тұрғындарын мәдени өмірге баулып, қоғамның мәдениетін көтеру.

Осындай қойылым өтіп, оған шақырту алғаныма үлкен алғысымды білдіремін. Шынымды айтсам, «Астана Опера» театрына алғаш рет келіп отырмын. Қойылым да, ғимарат та қатты ұнады. Өте қуаныштымын, - деп қала тұрғыны Аягөз Бектұрғанова қысқа ғана пікір білдірді.

Қойылымға арнайы қонақ болып қатысқан еңбек ұжымдары «МәдениЕл» жобасының ары қарай да жалғасуына тілек білдірді.

«МәдениЕл» жобасы аясында бүгінгі қойылымға шақырту тегін берілді. Бұл тұрғындардың мәдени деңгейін көтеруге пайдасын тигізетініне сенімім мол. Игілігі мол мұндай жобалар тоқтамай, ары қарай да жалғаса берсін дегім келеді, - дейді қала тұрғыны Абылайхан Қанатбек.

Барлық жаңалықтар