ЖаңалықтарСаясат

Зимбабведегі зобалаң

Африканың бір бүйіріндегі Зимбабве елінде қарашаның 15-інен бері дүрбелең жүріп жатыр. Сол күні таңертең әскери күштер мемлекеттік төңкеріс жасады. Ол президент Роберт Мугабенің резиденциясы жанында бұрқ ете түскен үш жарылыстан басталды. Мұның артынан бронды техникаларға мінген солдаттар елдің астанасы – Хараре қаласындағы парламент пен соттар ғимараттарына баратын жолдарды жауып тас­тап, телекомпания орталығын басып алды.

Сарапшылардың пайымынша, елдегі онсыз да аумалы-төкпелі болып тұрған ахуал 6 қараша күні вице-президент Эммерсон Мнангагва отставкаға жіберілгеннен кейін қатты ушығып кеткен. Мугабе өзінің ізбасар мұрагері саналып жүрген оны мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға әрекет жасады деген айыппен орнынан алып тастап еді. Онымен бірге тағы жүзге жуық мемлекеттік қызметкер орындарынан кетуге мәжбүр болды. Отставкаға кеткеннен кейін Мнангагва елдегі басты партия – ЗАНУ-дың басшылық қызметінен де алынып қалды. Осыдан кейін ол елдің шегінен де кетіп қалған болатын. Тек төңкеріс болғаннан соң бір күннен кейін ғана отанына қайтып оралды.
Әскерилер бірінші кезекте елді басқарған 37 жыл ішінде халықты қайыршылық деңгейіне дейін түсіріп жіберген 94 жастағы президент Роберт Мугабеге орынтағынан бас тартуы керектігі туралы ультиматум қойды. Айтса айтатынындай бар еді. Елді 1980 жылы тәуелсіздік алған кезінен бері үзіліссіз басқарып келе жатқан Мугабенің үкіметі бір кездері «Африканың жұмағы» атанған құнарлы жері мен қазба байлықтары мол, 12 млн халқы бар аумақтың экономикасын біржолата тұралатып тастады. Сарапшылардың мәліметінше, қазіргі таңда елдегі әр бес адамның төртеуі кедейліктің ең төменгі шегінде тұрады. Күн сайын аштық пен азаптан әлденеше ондаған адам қайтыс болып жатады.
Зимбабве XX-XXI ғасырлардың тоғысында «қара құрлықтағы» ең дамыған елдердің бірі еді. Бірақ сол кезде де кедейлік проблемасы елдегі басты мәселелердің бірі болып тұрды. 2000 жылы Роберт Мугабе бұл түйінді шешу мақсатында, негізінен, егелері ақ нәсілді африкалықтар меншігіне жататын 4500 фермерлік шаруашылықтан жерлерін алып қойды. Ойланбай істелген осы шарадан кейін осыған дейін бүкіл Африканы бидаймен және жүгерімен қамтамасыз етіп отырған елдің егін шаруашылығы бірден құрдымға құлады. Мына банкроттан кейін ақ африкалықтардың көпшілігі елден кетіп қалды. Ал олардан қалған жерлер қара нәсілділерге берілді. Алайда олар оншалықты ұқыпты диқан болмай шықты.
Елден ақ нәсілділерді қуып жатқан Зимбабвеге Батыс әлемі бірден шүйлігіп, оны қайта-қайта санкциямен соқ­қылай бастады. Бұл кезде Африкаға салған «түренін» осы елден бастаған Қытай ғана одан айналып кете алмады. Осында әлденеше жүздеген кәсіпкерлерін жіберген Бейжің экономикалық жағынан жәрдем беруін тоқтатқан жоқ. ҚХР қазір де бұл елдегі жағдайға жіті көзін қадап отыр.
Халықаралық ұйымдар бұл елдегі адам төзгісіз жағдайға бұдан он жылдан астам уақыт бұрын-ақ назар аударған еді. Содан бері дабыл көтерушілік тыйылған емес. Ал таяу мезгілде, биылғы тамыз айында мұндағы жай-жағдаятты жан-жақты зерттеп, тексеріп көрген ICG ұйымы, яғни Халықаралық дағдарыс тобы гуманитарлық және экономикалық дағдарыстың елді толық хаос жағдайына апарып соқтырғалы тұрғанын ескертіп, Африканың ірі мемлекеттерін мұндағы ішкі қарама-қайшылықты мүмкіндігінше тезірек шешіп беруге, елдің президенті Роберт Мугабеден отставкаға кетуді талап етуге шақырған еді. Бірақ оны құлағына қыстырған президент болған жоқ. Ол бұған жауап ретінде осы орынтақта халқымен бірге жүзге толған күнін қарсы алғысы келетінін айтып тоқтады.
Зимбабве бүгінде басшы­лығы бір кездері гүл жайнаған жазиралы өлке, табиғи қазба байлыққа бай мекен болған елдің аумағын қалай болса солай билеп-төстеп, халықтың қазынасын есепсіз оңды-солды шашудың соңы неге апарып соқтыратынын танытудың бірден-бір нақты айғағы болып отыр. Президент кейінгі кездері жағдай тіпті қиындап бара жатқасын бағаны қарулы күштің көмегімен ұстап тұрмаққа да әрекет жасап бақты. Алайда бұдан кейін жағдай бұрынғыдан бетер нашарлап кетті. Соның салдарынан инфляция деңгейі әлемде бұрын-соңды болмаған көрсеткіш – 7500 пайызға барды.

2000-2008 жылдары Зимбабве экономикасы 40 пайызға дейін төмендеп кетті. Жергілікті үкімет тапшылықпен күресу үшін ең жеңіл тәсіл – ақшаны тоқтаусыз басып шығара беретін станок әкеліп орнатуға шешім қабылдады. Алайда бұл жағдайды тіпті қиындатып жіберді. 2006 жылы эмиссияның артуынан инфляцияның ауқымы 1000 пайыздан асып түсті. Ал 2008 жылы бағаның өсу деңгейі 231 миллион пайызға жетті. Осының салдарынан 2009 жылы ұлттық валютаның құны әжетхана қағазынан да арзан болып кетті.
Қазір Зимбабведегі жағдайдың бұдан әрі қалай дамитыны белгісіз. Бір нәрсе айқын, енді Роберт Мугаме қызметін жалғастыра алмайды. Сонда да болса, оның қалғанын қалайтын күштер де бар. Ал мұның ақыры екіжақты қақтығысқа алып баруы да мүмкін. Осы тұста елді тыныштандыру үшін «Оңтүстік Африканы дамыту қауымдастығы» (SADC) елге әскер кіргізуі мүмкін екені туралы да айтылып жатыр. Мұның қаншалықты шындыққа жанасымды екені белгісіз. Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Зимбабведегі бір-бірімен қайшылыққа келіп жатқан тараптарды ұстамды болуға, бір-біріне деген өкпе-реніштерін өзара диалог арқылы айтуға шақырды. Енді әліптің артын бағайық.

P.S: Кеше таңертең Зимбабве әскерилері президент төңірегіндегі «қылмыскерлерді» ауыздықтауға бағытталған операция жүргізді. Осы кезде Мугабенің зайыбы Грейстің елден қашып кеткені белгілі болды. Ал президенттің өзі осы оқиға басталғалы бірінші рет сыртқа шығып, жергілікті университетке барып қайтты.

Серік ПІРНАЗАР

 


comments powered by HyperComments
Close