ЖаңалықтарЭкономикаҚала тіршілігіӘкімдік

Жәрмеңкеде 146 млн теңгенің азық-түлік өнімдері сатылды

Демалыс күндері «Хан шатыр» маңындағы алаңда Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде облыс фермерлерінің 334 тонна ауылшаруашылық өнімдері саудаға ұсынылып, 146 млн теңгені құрайтын азық-түлік өнімдері сатылды,  деп хабарлайды Елорда инфо тілшісі.

Демалыс күндері астаналық жұрт күннің суықтығына қарамастан таңертеңгілік «Хан шатыр» СОО маңындағы алаңға ағылды. Мұндағы жәрмеңкені бетке алған жұртшылық үшін Ақмола облысының 17 ауданы мен екі қаласынан әкелінген 68 тонна ет және ет өнімдері, 6 тонна балық, 361 мың жұмыртқа, 33 тонна сүт өнімдері, 27 тонна көкөніс, 15 тонна сұйық май, 22 тонна картоп, 27 тонна ұн және басқа да азық-түлік өнімдері базар бағасынан 10-20 пайызға төмен саудаланды. Диқандардың қолымен өсірілген, зауыт-фабрикаларда әзірленген азық-түлікті арзан бағамен алуға келгендердің қарасы көп болды. Солардың бірі – Гүлбаршын есімді қария.

— Мұндағы баға өте тиімді екен. Мысалы, өзіміз күнделікті тұтынатын сауда дүкендерінде алма мен құрманың бағасы 400-450 теңге болса, бұл жерден мен алманың 1 келісін 280, ал құрманы 250 теңгеден алдым. Сол сияқты көпшілік жақсы көретін Көкшетаудың сары майының 1 келісі мұнда 870 теңге, ал қаймақ 250, айран 180 теңге болып шықты. Өзім автобуспен жүретіндіктен, көп ештеңе ала алмадым. Дегенмен бар болғаны 2-3 мың теңгеге екі дорба азық-түлік бұйырды, — дейді ол.

Жалпы, жәрмеңкенің қарапайым жұртшылық үшін пайдасы зор. Сол сияқты мұның саудагерлер үшін де маңызы жоғары. Мысалы, сенбі-жексенбі күндері өткен жәрмеңкеде отандық өндірушілердің 146 млн теңгені құрайтын азық-түлік өнімдері сатылды.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ


comments powered by HyperComments
Close