Жыл басынан бері Астана тұрғындары полиция қызметкерлерінің дөрекілігіне қатысты 43 рет шағымданған

Заң бұзған полиция қызметкерлеріне жұмыстан босатуға дейінгі тәртіптік сипаттағы қатаң шаралар қолданылуда, деп хабарлайды Elorda.info.

Жыл басынан бері елорда тұрғындарынан полиция тарапынан әдепсіздік пен дөрекілік көрсету дерегі бойынша 43 шағым түсті, деп хабарлады жұма күні «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясы кезінде Астана ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Арман Айтыбеков.
«Әр шағым бойынша бірден қызметтік тексеру жүргіземіз. Фактілер дәлелденіп жатқан жағдайда тәртіп бұзушыға ескерту, қатаң сөгіс, жұмыстан босату секілді қатаң жазалар қолданылады», — деді А.Айтыбеков.
Оның айтуынша, азаматтардан полиция қызметкерлері тарапынан әдепсіздік пен дөрекілік көрсетуге қатысты түскен 43 шағым бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, оның төртеуі дәлелденген.
«Жолдағы қабылдау» акциясы «Жастар» сарайының, «Қазақстан» СК, «Думан» СО автотұрақтарында, вокзал жанындағы алаңда, сонымен қатар «Шеп» жүйесінің барлық бекеттерінде өтті. Елорданың кез-келген тұрғынына анонимді анкета толтырып, астаналық полиция қызметкерлеріне өзінің ұсыныстарын қалдыруға мүмкіндік берілді.
«Біз әрбір анкета парағын талдаймыз, барлық шағым тіркеледі. Әдетте, елорда тұрғындары көбіне жаяу жүргіншілер жолын салуға байланысты мәселелермен шағымданады. Қаладағы барлық белгілердің, жол таңбаларының, бағдаршамдардың ҚНмЕ-ге сәйкес қойылатынын айта кеткен жөн. Алайда елорда тұрғындарының пікірі міндетті түрде ескеріледі», — деп атап өтті А.Айтыбеков.