ЖаңалықтарСаясат

Трамптың бір жылы қалай өтті?

Бұдан тура бір жыл бұрын, 2016 жылғы 9 қараша күні Америка Құрама Штаттарындағы президент сайлауы аяқталып, ол Дональд Трамптың тұғырға көтерілгенін жария етіп еді. Мұны дәл сол күні Ресейдің Мемлекеттік думасы қол шапалақтап қарсы алып, ерекше қуаныш сезімін білдірген болатын. Ресейдегі көп жұртты қуанышқа бөлеген бұл хабар Америка халқының көп бөлігі үшін күтпеген оқиға сияқты қабылданып, талай адам есеңгіреген елдің кейпін танытқан-тын.

Алайда арада өткен бір жыл ресейліктердің тым ерте және бекер қуанғанын көрсетіп беріп отыр. Сайлау алдында Ресеймен қарым-қатынасты жолға қоюға қайта-қайта уәде берген жетпіс жастағы миллиардер Дональд Трамп мұны жүзеге асыру бағытында айтарлықтай пәрменді бірде-бір қадам жасай алмады. Қайта екі елдің арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да нашарлай түспесе, жақсара қойған жоқ. Бұған, сірә, Америка арнаулы қызмет органдары тарапынан АҚШ президенті сайлауына Ресейдің кибершабуыл арқылы араластығы болды деген айыптаулары нақты әсер етсе керек. Бұған қоса, Дональд Трамп өзінің алдындағы Барак Обаманың кезіндегі биліктің біраз бөлігін тізгінінен шығарып алды. Қазір бұл елді президент емес, конгресс билеп отырғандай әсер қалдырады. Түптеп келгенде, сайлау алдында Хилари Клинтонның лагері жақтан айтылған Трамптың мәлімдемелерінің бәрі сайланып алғаннан қыздырма қызыл сөзге айналып кететін риторика екені жөніндегі тұжырымның дені расқа шықты.
Қазір арада бір жыл өткеннен кейін АҚШ пен Ресейдің арасындағы қалыптасқан ахуалды жақсы деп те, жаман деп те кесіп айтуға болмайды. Бір жақты суреттеп шығу өте-мөте қиын. Себебі олар жақсы рәуіштегі әңгімеден кейде екі жақтың бір-біріне қару қолдануға дайын тұрғаны жөніндегі болжамға дейін ұласып кетіп жатады. Бұл аралықта АҚШ президентіне импичмент жариялау жайында да ұрандар көтеріліп, арасында көп адам қатысқан шерулерге жалғасып кетіп тұрады. Мұның бәрі Дональд Трампты үнемі үреймен ауыздықтап ұстаудың бір амал-айласы сияқты да болып көрініп кетеді.
Шындығында, Трамптың өзі мәңгі емес. Ол өз мерзімінде ме, оған жетпей ме, әйтеуір бір кетеді. Содан кейін оның орнына келген адам да осы кепті бастан кешеді. Себебі бұған мүдделі адамдар мұхиттың арғы бетінде өте-мөте көп. Оның өзіне себеп болатын жайт – АҚШ-тың ұдайы жоқ жерден жау іздеп, қарулануға қаржыны үйіп-төгіп бөліп отырғаны керек. Сонда жаңағы мүдделі адамдардың бизнестері жүреді. Осы есептен келгенде, Ресейдің өзі де жай ғана нысана. Енді мұндай нысана қатарына, бірінші «планда» тұрмағанымен, Қытай да қосылып келе жатқан сияқты.
Қытай демекші, өзінің сайланғанына бір жыл толған күні Дональд Трамп осы елге барды. Ондағы кездесулерде екі елдің лидерлері екіжақты сауда қарым-қатынасы мен Солтүстік Корея төңірегіндегі проблемаларды талқылады. Келіссөздің көп бөлігін КХДР-дың ядролық әрекеттері құрады. Әңгіме барысында Қытай басшысы Си Цзиньпин көршілерінің ядролық қаруға ие болуы өз елі үшін де тиімсіз болып отырғанын айтты. АҚШ президенті Си Цзиньпинге сонда: «Сіз күшті адамсыз. Мен бұл проблеманы сіздің шешетініңізге сенемін» деп қолпаштап қойды. Бірақ, шын мәнінде, бұл проблеманың қалай шешілетінін қазір ешкім де білмейді. Ал КХДР Американың қарулануды арттыруы үшін кезекті себеп ретінде де керек.
Журналистер алдына шыққанда Трамп та, Си Цзиньпин де екі ел қарым-қатынасының жаңа са­палық деңгейге көтерілгенін алға тартты. АҚШ пен Қытай арасындағы байланыстың ауқымы бейбітшілікке қолдау көрсетуде үлкен рөл атқаратыны айтылды. Дегенмен АҚШ-тың қол жеткізген ең үлкен жетістігі Алясканың сығымдалған табиғи газын құбыр­мен Қытайға тарту жобасының мақұлданғаны болды. Құны 43 млрд долларды құрайтын бұл жобаның Ресейдің бүгінде Қытай үшін қолға алып жатқан «Сібір күші» газ құбырына қарсылас балама болғалы тұрғаны да түсінікті. Жасалған жоспар бойынша енді Алясканың терістік бетіндегі кен орындарынан штаттың оңтүстігіне жеткізілу үшін 800 мильдік құбыр тартылады. Сол жерден сығымдалған газ танкерлерге салынып, мұхит жолымен Қытайға аттандырылады. Тараптар жоспардың бүге-шігесін жыл соңына дейін талқылайды. Содан кейін іске кіріседі. Бірақ бұл Ресей газын «лақтырып» тастауға да жатпайды. Себебі Бейжің Аляскадан алдырылатын сығымдалған табиғи газбен бүкіл Қытайдың сұранысын өтей алмайды. Ал «Сібір күшінің» жылдық қуаты құбыр арқылы 38 млрд текше метр газ жеткізіп тұру болмақ. Оның алғашқы өнімдері 2018 жылдың ішінде-ақ беріле бастайды. Ал АҚШ сығымдалған газды 2019 жылдан беретін болып отыр.
Ал бұдан бірер күн алдын АҚШ Сенаты комитеттері мен өкілдіктер палаталары «Ресей агрессиясына қарсылық көрсету» үшін 5 млрд доллар ақша бөлу жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп, заң жобасына сәйкес, жалпы әскери бюджет мұның алдындағы жылдан 15 пайызға артып, рекордтық деңгейге – 700 млрд долларға жетті. Соның ішінде «Еуропалықтардың бастамасына ие болу үшін» кәрі құрлықта әскер ұстауға 4,6 млрд доллар жұмсалатын болды. Ресейге қатысты әскери бюджет жеке тарау бойынша қарастырылған. Онда «Ресейдің тоқтау­сыз жасап келе жатқан агрессиясы» қатарында 2008 жылы Грузияға басып кіргенінен 2014 жылғы Украинадағы жағдайларға дейін бар. Бұл «басқыншылыққа», сондай-ақ, Арктика аймағы мен Жерорта теңізінде Ресей әскерлері құрамының көбейе түсуі де жатқызылған. Сол сияқты АҚШ-тың қауіпсіздігі мен Батыстағы демократияны қорғау, жалған ақпар тарату, кибершабуыл мен сайлауға ықпал жасау, Ресеймен гибридтік соғыс қимылдары деген тармақ та әскери бюджетті арттыруға себеп болыпты.
Шын мәнінде, кімнің жер жүзінде халықаралық жандарм рөлін атқарып келе жатқанын жұрт былайша да біледі. Бірақ соны батып айтуға батылдық жоқ. АҚШ-тың әскери бюджеті алдағы жылы 700 млрд доллар болғалы тұрғанын жоғарыда айттық. Ал Ресейдің биылғы әскери бюджеті 69 млрд долларды құрап, ол АҚШ пен Қытайдан кейінгі үшінші сатыға орналасты. Осы деректердің өзі көп нәрсені түсіндіреді ғой деп ойлаймыз.

Серік ПІРНАЗАР


comments powered by HyperComments
Close